Цифрлық қолтаңба: оны қалай жаңартуға болады?

memlekettik qyzmet2 Жаңалықтар

Күнделікті тірліктің қамымен жүріп, электронды сандық қолтаңба мерзімінің қалай өтіп кеткенін де білмей қалыппыз. Ал, онсыз ешбір құжатты үйден немесе кеңседен алу мүмкін емес. Алып-ұшып Халыққа қызмет көрсету орталығына қарай жол тарттық. Жұмыс мерзімінен кешігіп қалмауды да ойлап қоямыз. Бірақ, өкінішке қарай, бәрін он-ақ минутта аяқтап үлгереміз деген жоспарымыз жүзеге аспады. Бос орынға, қала берді маманға кезекке тұру, сонан соң өтінішті растайтын қызметкерге кезек, әйтеуір, «әупірімдеп» барлық «кезеңнен» өтіп келсек… Сөйтсек, іс барысы біз ойлағаннан да жеңіл болып шықты. Сағаттап кезекте тұрғанымыз бос әурешілдік екен. Цифрлық қолтаңбаның пайдалану уақытын қоластымыздағы компьютерден ұзартуға болатын көрінеді…

memlekettik qyzmet2

Уақыт үнемдеудің тиімді  тетігі

Иә, кейде біз алтын уақытты тиімді пайдалана алмаймыз. Сынаптай сырғыған секундтар мен минуттарды әлдебір қажетсіз нәрселерге жұмсап, қоршаған ортаны, қоғамда болып жатқан өзгерістерді сырт айналып өтіп, жаңашылдықтарға мән бере бермейтініміз шындық. Смартфондағы сайттарды жылт еткізіп, «ақтарып» шығып, тоқталысы жоқ ақпараттар ағынына көз шаламыз да, кей оқиғалардың мән-мағынасына терең үңілмейміз. Әйтеуір, оқығанның бәрін «жұта береміз» де, сосын оны санаға тоқимыз. Былайша айтқанда, қажетсіз дүниелерді жадымызға жүктеп аламыз. Кейін бармақ тістеп, опық жеп қалатынымыз да сондықтан. Айдың, күннің аманында бастан кешкен мына бір «қызық» жағдай бізді осындай ойға итермеледі. Мүмкін, керекті мәліметті ғана түйіп отырсақ, Халыққа қызмет көрсету орталығының жаңа қызметтерін бес саусақтай білер ме едік?

Ал, нақты картина былайша өрбіген еді. «Кәсіпкерлерге мемлекеттік кірістер департаментінен жауапкершілігі шектеулі серіктестік үшін бөлек электронды цифрлық қолтаңба алу керек, есеп беру электронды түрде жүргізіледі» деп айтқасын жаңа қолтаңбаға тапсырыс беруге келдік. Негізі, бұрын барлық операцияларды өзімнің электронды сандық қолтаңбам арқылы жасайтынбыз. Бірақ, Сәтбаев көшесі бойында орналасқан «электронды қызмет көрсету орталығына» таңертеңгі сағат тоғыз болмай жеттім. Міне, содан бері бір сағатқа жуық уақыт өтті, шаруам әлі тиянақталмады. Орталық мамандарына да көңілім қалып отыр. Кезек сақталмай, менен кейін келген адамға қызмет көрсетілді. Оны бақылап жатқан ешкім жоқ», – деді Бәтима апай бізге ренішін жеткізіп.

Әрине, тек қана біз емес, орталыққа келгендердің бәрі шаруасын лезде тындырып кейін кетуге асық екені түсінікті. Кей тұрғындар «мемлекеттік қызмет түрлерінің электронды жүйеге көшкені қайда?» деп шағымданып та қояды. Мұндай пікірлердің негізсіз айтылмағанына өзіміз куә болдық.

Соған қарамастан, орталықтан қызмет алуға келушілерде үзіліс жоқ. Бірі келіп, екіншісі кетіп, әйтеуір, тоқтаусыз машина секілді бірінен соң бірі жалғасып жатыр. Осылайша, жыл басында тұрғындар легінің көбейіп, кезек қалыптасуының өзіндік «сыры» да бар болып шықты. Сұрастыра келе қызмет алуға келушілердің басым бөлігі мемлекеттік қызметкерлер екенін білдік.

Жыл сайын табысы туралы декларация тапсыратын олар биыл да сол үрдіспен қажетті құжаттар алу үшін электронды сандық қолтаңбасын жаңартады. Айталық, биыл цифрлық қолтаңбаға тапсырыс берген екі мың тұрғын келесі жыл басында қайта оралатыны белгілі. Дәл біз бастан кешкен жағдай. Егер тұрғындарға кеңірек насихатталып, жұмыс орнында да  мүмкін екені түсіндірілсе, ол тұтынушы сандық қолтаңба мерзімін кеңседе отырып-ақ ұзарта алатынын білер еді. Алайда, «баяғы жартас, бір жартас» секілді бұл құбылыс қаз-қалпында қалып отыр.

memlekettik qyzmet

Сандық дәуірге қарышты қадам

Жуырда Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев халық мемлекеттік қызметтерді цифрлық түрде пайдалануды дағдыға айналдыруы керектігін баса айтқан еді. Ол  тиісті министрлікке биыл электронды форматқа ауыстырылатын мемлекеттік қызметтер тізбесін жасауды тапсырды. Премьер-Министрдің атап өтуінше, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың бәрі осы тізбені уақытылы жүзеге асыру бо-йынша шаралар қабылдауы керек. Тиісті жол карталарын әзірлеуі және ведомствоаралық тиімді өзара іс-қимылды біріктіруді қамтамасыз етуі қажет. Ал, е-gov порталы өткізген сараптамаға сәйкес, ел тұрғындары денсаулық сақтау қызметтерін жиі пайдаланатын көрінеді. Сондықтан да былтыр медициналық ұйымға тіркелу мен дәрігер таңдау сияқты қызмет электронды форматқа енгізілген. Төрт айдың ішінде бұл қызметті 70 мың адам пайдаланған.

Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру жүйелі жұмысты қажет етеді. «Тәжірибе көрсетіп отырғандай, бұл шаруа кешенді түрде, жоғары цифрлық сауаттылықпен атқарылуы тиіс. Сапалы интернеттің енгізілуін де ұлғайта беруіміз керек. Өйткені, өткен жылдың өзінде Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы 10 миллионнан астам мекен-жай анықтамалары берілген. Алайда, қазір бұл құжатты электронды үкімет порталы арқылы, электронды цифрлық қолтаңбамен-ақ немесе смартфондағы телеграм-ботты пайдалану жүйесімен де алуға болады», – деді министр.

Сондай-ақ, ведомоство басшысы E-gov-қа жасанды интеллект енгізілетінін жеткізді. «Ең алдымен бұл – «Жасанды интеллект», «Проактивті қызметтер», «Интернет заттар» мен тағы басқа да технологиялық артықшылықтар. 2021 жылы біз E-gov 3.0 сатысына толық көшуді жоспарлап отырмыз. Дегенмен, қазір бұл сатының кейбір элементтері енгізіліп те қойды. Мысалы, ақпараттық жүйелердің интеграциясы өндірілуде. Сонымен қатар, «Смарт Бридж» жобасының аясында жасанды интеллект элементтері енгізіліп, проактивті қызметтер жүзеге асырылады», – деді Дәурен Абаев.

Ал, мемлекеттік қызметтерді саусақ ізімен алу тетігі ағымдағы жылдың қыркүйегінде толықтай іске қосылады. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Абылайхан Оспановтың сөзіне қарағанда, енді азаматтар қызметті бет-бейнесі немесе саусақ іздерінің көмегімен ала алады. Соның арқасында электронды цифрлық қолтаңба қолдану немесе жеке куәлікті ұсыну қажеттілігі жоғалады. Жалпы, бұл жоба пилоттық түрде ірі мегаполистерде қолданысқа енген. Жыл соңына дейін еліміздің барлық қалаларында жүзеге аспақ.

Қазір қазақстандықтардың 64 пайызы смартфондары арқылы интернетті пайдаланады екен. Сондықтан, елімізде электронды үкіметтің mGov мобильді қосымшасын дамытуға ерекше назар аударылып отыр.

Анықтамалар – орталық арқылы

Жалпы, мұнайлы өңірде он екі Халыққа қызмет көрсету орталығы болса, оның бесеуі қалада орналасқан. Шаһардағы осындай нысандарда екі жүзге тарта маман қызметін ұсынатын көрінеді. Мамандандырылған орталықта көлік тіркеліп, техникалық байқаудан өткізілсе, көші-қон орталығында шет ел азаматтарына рұқсат беріледі. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Атырау облысы бойынша филиал директорының орынбасары Тұрлан Нұржановтан білгеніміздей, аймақтағы Халыққа қызмет көрсету орталықтарында күніне бес мыңға жуық қызмет түрі көрсетіледі. Елімізде мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіміне сай 741 мемлекеттік қызмет тіркелсе, оның 598-і корпорация арқылы ұсынылады. Былтыр облыс бойынша филиал арқылы көрсетілген қызмет бір миллионнан асқан. Соның ішінде 560426 құжат электронды түрде берілген.

-Биылдан бастап жаңа екі қызмет түрі қосылды. Енді психикалық, наркологиялық диспансерлер есебінде тұрмайтыны жөнінде анықтаманы Халыққа қызмет көрсету орталығынан немесе электронды түрде алуға болады. Өткен жылдармен салыстырғанда, электронды көрсетілетін қызмет саны 31 пайызға көбейді. Мұндай қызмет санының өсуі – электрондық үкімет порталын насихаттау және цифрлық сауаттылықты арттыру бағытында жасалған жұмыстардың нәтижесі. Былтыр электрондық цирфлы қолтаңбамен қамтылғандар саны 198999-ға жетті, -деді Тұрлан Нұржанов.

Р.S: Цифрландыру – заман талабы. Мұны дағдыға айналдырып, бір жүйеге келтіруіміз қажет. Ал, бұл бағытта елімізде қолға алынған жұмыстар аз емес. Жаңа тетіктер ашылып, қызмет аясы кеңейіп жатыр. Десек те, біз көз жеткізген шешімін күткен бір мәселе бар, ол – түсіндіру шараларын нығайту, тұрғындарды мезі қылған ұзын сонар кезекті мүлде жою.

Айбөпе САБЫРОВА.

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз