Жарнама
Саясат

СТОММАНЫҢ ТАЙСОЙҒАНДАҒЫ ТАҒДЫРЫ

 

— Соғыстан кейінгі ауыр жылдар болатын. Бірде балалар үйіне Қазақстаннан, Атырау (бұрынғы Гурьев) облысынан адамдар келді. Бізді механизатор мамандығын меңгеруге шақырды. Сөйтіп, мен қияндағы Қызылқоға өңіріндегі Сағыз селосында орналасқан кәсіптік техникалық училищеге оқуға түсіп, кейін тракторшы мамандығын игердім. Өзім сұранып сол кездегі асыл тұқымды шаруашылық «Қызыл ту» кеңшарына келдім. Кеңшар тарағанша шаруашылықта механизатор болып еңбек еттім. Менің барлық ғұмырым қызылқоғалықтармен бірге осы өңірде өтті.

«Қызыл ту» кеңшарына келгенімде тұрғындардың жылы қабағы, ерекше қамқорлығы қанаттандырды. Бұл аймақта тек қана қазақ халқы қоныстанған екен. Бірақ, тілім бөлек болса да, тілегім бір, жүзім бөлек болса да, жергілікті ұлт өкілдерімен жүрегім бір еді. Алғашқыда қайда барарымды білмей қиналып тұрғанымда қасыма ақ жаулықты ана келді. Ол менің балалар үйінде тәрбиеленгенімді білгенде жаулығының ұшымен жанарын қайта-қайта сүртті. Мені кеудесіне басып, «ұлым» деді. Қолымнан жетектеп, ауылдың ортасындағы қараша үйге алып келді. Осы шаңырақта Қазақ елінің бауырмалдығы мен кеңпейілділігін көріп, азамат дәрежесіне жеттім. Бұл — Намаз әже еді. Ақ әжемнің қолымен пісірген тәтті таба нанын жеп, айранын сүйсіне іштім. Намаз әже күн сайын мені ертемен жұмысқа шығарып салып, кешке қарсы алатын. Қашан келсем де алдыма шайын тосатын. Мені өзінің жалғыз ұлы Нұрымға тетелес іні етіп өсірді. Аз уақыттың ішінде қазақ тілінде жатық сөйлейтін дәрежеге жеттім. Екі жыл Эстонияда әскери міндетімді атқарып, Намаз әженің ақ босағасына қайта оралдым, — дейді беларусь Александр Александрұлы Стомма бізбен әңгімесінде.

1979 жылы ол қазақ қызы Сәнжанмен отбасын құрады.  Намаз әже қазақ халқының салтымен ауыл адамдарына той жасады. Ағалы-інілі Нұрым мен Александр бүкіл ауылдың мақтанышына айналды. Екеуі де «Қызыл ту» кеңшарының мақтаулы механизаторлары атанды. Кейіннен Намаз әже Александр мен Сәнжанды бөлек шаңырақ етіп шығарды.  «Аққора елді мекенінде тұрғаныма да қырық жылға жуықтады. Бес қыз, екі ұл тәрбиелеп өсірдік. Үлкен қызым Раушангүл — Миялы селосындағы «Арман» мәдениет үйі жанындағы «Еспай» ұлт аспаптар оркестрінің әншісі. Надежда мен Софья тұрмыста. Райгүл Атырау қаласындағы Құқық және бизнес колледжінде білім алып, қазірде Миялы селосындағы аудандық ветстансасында маман болып қызмет атқарып жүр. Қызым Әсемгүл – Атырау қаласындағы Қ.Дүтбаева атындағы педагогикалық колледждің өнер бөлімінің студенті, кенже ұлым Тұрлан Атырау қаласында бір фирмада жұмыс істейді. Үлкен ұлым Тұрар мен келінім Нұрсәуле қасымызда. Бүгінде немере-жиендерімнің қызығына бөленіп, ақ шашты ата, ақ жаулықты ана атанып отырмыз»,-деп әңгіме тиегін ағыта түсті Александр Стомма.

Бүгінде тірлігі мен бірлігі жарасқан беларусь ұлы Александр мен қазақ қызы Сәнжанның шаңырағындағы татулық Қазақ еліндегі көп ұлтты сан мыңдаған халықтардың мызғымас бейбіт өмірінен, ынтымағынан сыр шерткендей әсер қалдырды біздерге. Тек Александр Стомма ғана асыл әжесі Намаздың, ағасы Нұрымның осынау мамыражай бақытты сәттерін көрмей, ерте кеткендеріне өкінеді. Александр ағасының артында қалған алты баласына үнемі қамқорлық жасап отырады. Отағасы бас болып, отбасымен жаздай маңдай терлерін төгіп, төрт түлік малға жемшөп дайындайды. Өздерінен артылғандарын ауылдастарына арзан бағаға сатады. Қырық жылғы серігі «Беларусь» тракторын ешнәрсеге айырбастамайды.

Сөйтіп, тағдыр Александрдың маңдайына Қызылқоғаның қызыл құмына аунап, ерке Ойыл өзеніне шомылып өсуді, қасиетті қазақ жерінің асыл  азаматтарының бірі болуды, қазақ тілін өзінің ана тіліндей сүйіп өтуді жазды.

 

Мағрупа Қазихан,

Қызылқоға ауданы.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button