Сайлау жүйесіндегі жаңашылдық
Сайлау – демократиялық қоғамның айқын көріністерінің бірі. Бұл бағыттағы енгізілген өзгерістер де саладағы ашықтықты қамтамасыз етуді көздейді, деп хабарлайды atr.kz
Соңғы 5 жылда ел, облыс көлемінде қанша сайлау өтті? Биылғы жоспарлар қандай? Саяси науқанға қатысты осы және өзге де сауалдарға жауап алу мақсатында және Дүниежүзілік сайлау күніне орай Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Азамат Айманакумовпен сұхбаттасқан едік.
– Азамат Мақсотұлы, ең алдымен әңгімемізді Дүниежүзілік сайлау күнінің шығу тарихы мен мақсатынан бастасақ…
– 2005 жылдың 14-17 қыркүйегінде Будапеште өткен сайлауды ұйымдастырушылардың жалпы конференциясы аясында Дүниежүзілік сайлау күнін атап өту жөнінде шешім қабылданған.
Сайлауды ұйымдастырушылар қауымдастығының бастамасымен, оның ішінде Қазақстанда бұл күнді жыл сайын ақпан айының бірінші бейсенбісінде атап өтеді.
Негізгі мақсат – сайлауды ұйымдастыру және өткізу. Сондай-ақ, оның астарында азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету және сайлау үдерістерін жетілдіру мәселесіне халықтың назарын аударуды көздеген саладағы кәсіби мамандар ұстанымы да жатыр.
Бұған қоса, қоғам санасында демократияландыру процесін бекіту, сайлау саласындағы жетістіктер туралы жұртшылықты хабардар ету, жас сайлаушылар арасында демократиялық құндылықтарға бейімділікті қалыптастыру, сайлаушылардың сайлауға қатысу белсенділігін арттыру межесі де бар. Биыл Дүниежүзілік сайлау күнін (Global Elections Day) атап өту 1 ақпанға келіп тұр.
– Осынау атаулы күн аясында қандай жұмыстар атқару жоспарлануда?
– Дүниежүзілік маңызды күнге орай, Орталық сайлау комиссиясынан бастап, жергілікті жердегі аумақтық, округтік, учаскелік сайлау комиссиялары түрлі деңгейдегі іс-шаралар өткізуді жоспарлауда. Мәселен, жас сайлаушылармен, саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер өкілдерімен кездесулер, жоғарғы сынып оқушылары арасында сынып сағаттары, шығармалар жазу, суреттер көрмесі, студенттермен дәріс сабақтары, кітапханаларда тақырыптық бұрыштар, сайлау комиссияларында «ашық есік күндерін» ұйымдастыру жоспарланған.
Атап өткенімдей, бұл шаралардың негізгі концепциясы жоғарыда аталған мақсаттарды көздеуі тиіс.
– Облыстағы сайлау комиссияларының жалпы құрамы мен атқарылған жұмысы туралы қысқаша мәлімет бере кетсеңіз…
– Биыл – ерекше жыл. Себебі, 2019 жылдың қаңтар айында сайланған сайлау комиссиялары мүшелерінің бес жылдық мерзімдері аяқталып, биыл құрамдар жаңадан сайланды және олар 2024 жылдың қаңтар айынан бастап қызметтеріне кірісуде.
Атап айтқанда, 2019-2024 жылдар аралығы еліміздегі саяси-қоғамдық жаңартудың кезеңі болғанын білеміз. Саяси мемлекеттік басқару жүйесінде реформалар, өзгерістер орын алды.
Әріптестерім – сайлау комиссияларының мүшелері 2019 жылдан бері 2 рет Президент сайлауын, 2 рет Парламент Сенаты сайлауын, 2 рет Парламент Мәжілісі сайлауын, 2 рет барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауын, 1 рет республикалық референдумды, 2 рет аудан әкімдерінің сайлауын, 105 ауылдық округтер әкімдерінің сайлауын (оның ішінде 60-ы – тікелей) ұйымдастырып, өткізді. Бұл сандар айтуға оңай болғанымен, оны іске асыру бірлескен еңбек пен мол тәжірибені талап ететіні сөзсіз. Осы ретте 2020-2022 жылдардағы COVID-19 пандемиясы кезінде сайлау шараларын ұйымдастыру ең қиын кезең болғанын айта кетейін.
Бүгінгі таңда сайлау саяси және қоғамдық өмірге етене еніп келеді, ол басқарудың әртүрлі деңгейлеріне кеңінен таралуда.
Жалпы алғанда, облыста 365 сайлау комиссиясы бар. Олардың мүшесінің саны – 2337. Нақтылап айтсам, 9 аумақтық (63 мүше), 87 округтік (435 мүше), 269 учаскелік (1939 мүше) сайлау комиссиясы жұмыс жасайды. Комиссия мүшелерінің 59%-ы саяси партиялардың, 41%-ы қоғамдық бірлестіктердің ұсыныстары бойынша тиісті мәслихаттар арқылы сайланған.
– Өткен жылдардың есебін түйіндедік. Ендігі ретте жоспарларға көшсек. Демократияның негізгі принципі саналатын сайлау науқанының аясында биыл қандай іс-шаралар қарастырылған?
– Сауалыңыз орынды, биыл да біраз ауқымды жұмыстарды жүзеге асыру межеленіп отыр. Нақтыласақ, 2024 жылы шығып қалған мәслихат депутаттарының орнына сайлаулар, өкілеттік мерзімдері аяқталатын және мерзімінен бұрын аяқталатын ауылдық округ әкімдерінің және пилоттық негізде аудан әкімдерінің сайлауларын және ел Президенті айтып өткендей, республикалық референдум өткізу жоспарланған.
Сонымен қатар, осы науқандар аясында сайлау процесіне қатысушыларды, оның ішінде сайлау комиссияларының мүшелерін электораттық оқытулар жоспарланған.
Сайлау науқанының жоспарлары, қандай да бір шешімдер, хабарлар аумақтық сайлау комиссиясының atyrau.gov.kz интернет ресурсында орналастырылады және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып келеді.
– Сайлау жүйесіндегі жаңашылдықтарға тоқталсақ…
– Жоғарыда айтып өттім, болашақ конституциялық саяси қайта өзгерудің алғышарты заңнамалық түзетулер түрінде іске асырылған 2019 жылғы президенттік реформалардың алғашқы жаңғыру пакеті болды. Атап айтқанда, сайлаудың партиялық тізімдеріне әйелдер мен жастардың 30 пайыздық квотасының енгізілуі, саяси партияларды тіркеу және олардың Парламенті Мәжілісіне өтуі үшін шекті мәнді 7 пайыздан 5 пайызға дейін төмендету, ауыл әкімдерін халықтың тікелей сайлауы енгізілді.
Президенттің 2022 жылғы 16 наурыздағы халыққа Жолдауынан кейін азаматтардың мемлекетті басқаруға, оның ішінде сайлау процестері арқылы қатысуын кеңейтуге баса назар аударылды. 2022 жылғы 5 маусымдағы республикалық референдумның қорытындылары халықтың қолдауына ие болған конституциялық реформаның бастауы болды.
Осы саяси процестердің барлығы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға түбегейлі өзгерістер енгізуге алып келді. Олардың ішінде мәслихаттар мен Мәжіліс депутаттарын сайлау кезінде мажоритарлық және аралас сайлау жүйесін қайтару; мәслихат пен Мәжіліс депутатын кері қайтарып алу; сайлауды байқауды жүзеге асыратын қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдарды аккредиттеу; Парламент Мәжілісінде мандаттарды бөлу кезінде партиялық тізімдердегі әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар үшін 30 пайыздық квота енгізу бар.
Заңда Президент 7 жыл мерзімге бір рет сайланатын конституциялық өзгерістер көрініс тапты. Әлеуметтік желілерде сайлау алдындағы үгітті жүзеге асыру кезінде онлайн-платформаларды пайдалану регламенттелді, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлауларын өткізу көзделді.
Жаңашылдық сайлау органдарының қызметін әкімшелендіруге, оларды облыстық және ішінара аудандық деңгейлерде толық кәсібилендіруге, бірмандаттық депутаттарды сайлау бойынша сайлау окрутерінің құрылуына байланысты округтік сайлау комиссияларын құруға да қатысты болды.
Осы өзгерістерді негізге ала отырып, жоспарлы жұмыстарды жалғастыра бермекпіз.
– Сұхбатыңызға рахмет! Жұмыстарыңызға сәттілік!
Гүлжан ӘМІРОВА
Азамат Мақсотұлы өте білікті маман!болашақ бағдарламасы бойынша оқуын тәмәмдап келген тұлға, осынша лайықты лауазымда отыру жөн деп санаймын, өзімідің Индердің жігіті
Азамат Мақсотұлы өте білікті маман!болашақ бағдарламасы бойынша оқуын тәмәмдап келген тұлға, осынша лайықты лауазымда отыру жөн деп санаймын, өзімідің Индердің жігіті