Референдум кезінде басқа қалада жүрген азаматтар қалай дауыс береді?
5 маусымда өтетін республикалық референдум кезінде азаматтар есептен шығару куәлігімен болатын жеріндегі сайлау учаскесінде дауыс бере алады. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясынан мәлім етті.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда азаматтардың тұрғылықты жерін ауыстырған кезде дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігі бойынша дауыс беру құқығы қарастырылған. Осыған байланысты Конституциялық заңның нормаларын іске асыру үшін Орталық референдум комиссиясы «2022 жылғы 5 маусымға тағайындалған республикалық референдум өткізу кезінде дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәліктерін берудің және есепке алудың кейбір мәселелері туралы» қаулы қабылдады», — деп атап өтеді комиссиядан.
Таратылған мәліметке сәйкес, қаулымен 2022 жылғы 5 маусымда республикалық референдум өткізу кезінде дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігін беру және есепке алу Орталық сайлау комиссиясының 2009 жылғы 8 сәуірдегі қаулысымен бекітілген тиісті қағидаларға сай жүзеге асырылады. 5 маусымда республикалық референдумда дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігінің нысаны белгіленді. Облыстық, республикалық маңызы бар қалалар мен республика елордасының комиссиялары: дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәліктерінің қажетті санын белгілейді және оларды дауыс берушілердің жалпы санының бір пайызынан аспайтын есеппен дайындауды қамтамасыз етеді; есептен шығару куәлігін дауыс беретін күнге дейін жиырма күннен кешіктірмей тиісті аудандық, қалалық, қаладағы аудандық комиссияларға бөледі және береді. Есептен шығару куәлігінің бес таңбалы сериялық нөмірі болады. Олар жоғары және төмен тұрған комиссиялардың төрағасы мен хатшысы қол қоятын актімен рәсімделеді, содан кейін олардың мөрімен расталады.
«Дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігін көрсеткен кезде учаскелік комиссия дауыс беру күні азаматтарды оның болатын жері бойынша учаскедегі тізімге енгізеді. Есептен шығару куәлігі бір елді мекен шегіндегі басқа учаскеде дауыс беруге қатысқысы келетін азаматтарға берілмейді. Жоғалған есептен шығару куәлігі қалпына келтірілмейді. Есептен шығару куәлігінің көшірме нұсқалары берілмейді», — деп түсіндіреді Орталық сайлау комиссиясы.
«ҚазАқпарат»