Жарнама
Саясат

Қазақ парламентаризмі тарихының жаңа кезеңі

Биыл жыл басында, яғни, 19 қаңтарда Мемлекет басшысы жетінші сайланған Парламенттің Мәжілісін тарату туралы және мәслихат депутаттарының өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлықтарға қол қойды. Осылайша, елімізде екі бірдей саяси науқан бір күнде – 19 наурызда өтетін болып бекітілді.

Сәйкесінше, негізгі мемлекеттік институттарды кешенді түрде жаңғыртудың соңғы сатысы саналатын бұл сайлау науқанына дайындық қазір қызуда. Сайлау заңнамасы мен жалпы жүйеге енгізілген жаңа түзетулер күшіне еніп, бірмандатты округтер мен сайлау комиссиялары құрылды. Ендігі жерде  аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері өз өкілеттіктерін тұрақты кәсіби негізде жүзеге асыратыны – сайлау жүйесінің сапасын арттыратын қадам.

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әкімдер қандай да бір саяси ұйымға жетекшілік ете алмайды. Ата заңға енгізілген өзгеріске сәйкес, Президент барлық саяси күштен тысқары тұруға тиіс. Мәжіліс пен мәслихат сайлауы жаңа әрі әділ ереже бойынша өтеді. Алдағы сайлауды Қазақстан парламентаризмі тарихындағы жаңа кезеңнің бастауы деуге болады. Қоғамның түрлі өкілдерінің мүддесін партиялар арқылы қорғау мүмкіндігі артады. Мұның бәрі саяси жүйенің орнықты және тиімді болуын қамтамасыз етеді», – деп айрықша атап өтті.

Айтып өтелік, жетінші сайланған Парламенттің Мәжілісінде 107 депутат болды. Ал жаңадан жасақталатын Мәжілісте мандат саны 9-ға қысқарып, 98-ді құрайды және олардың өкілеттік мерзімі — бес жыл. Мəжілісмендерді сайлау жалпыға бірдей, тең жəне төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылады.

Наурыздың 19-ы күні өтетін Мәжіліс депутаттарының сайлауы аралас жүйе бойынша өтеді. Яғни, 70 пайызы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30 пайызы бір мандатты округтерден сайланбақшы. Жалпы, бұл сайлауда өзге де ерекшеліктер бар. Мәселен, саяси партияларды тіркеу рәсімі жеңілдеді. Осы уақытқа дейін партия құру үшін мүшелерінің саны 20 мың болуы тиіс-ті. Енді бұл шама 5 мыңға қысқартылды. Сондай-ақ, бұрын жаңа партия құру үшін әр өңірде кем дегенде 600 жақтас қажет болса, қазір 200 адамның қолдауы арқылы саяси ұйымды тіркеуге мүмкіндік туды. Ал, партиялардың Парламентке өтуі үшін ең төменгі шегі 7 пайыздан 5 пайызға төмендетілді. Әйелдер, жастар және ерекше мұқтаждығы бар адамдарға 30% квота сақталды.

Осылайша, демократиялық жетістіктер қатарында жаңадан 2 партия құрылып, алдағы науқанға 7 партияның қатысуына мүмкіндік берілуін атауға болады.

Ендігі маңызды мәселе – сайлаушылар белсенділігі. Кандидаттар арасынан лайықтысын таңдап, өз таңдауын жасау арқылы ел ертеңінің жаңаша бағытқа бет аларына себепші бола алады. Сондықтан, сайлауға белсенді қатысқан дұрыс!

Долорес ТАСҚАРИНА,

Н.Тілендиев атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия интернатының директоры

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button