ОТАНДЫҚ ӨНІМГЕ – БАРШАНЫҢ ҚОЛДАУЫ

Елбасының бастамасымен Қазақстанда іске асырылып жатқан үдемелі индустриялық-инновациялық даму саясаты ел экономикасының орнықты өсуін қамтамасыз етуге, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталып отырғаны белгілі.

Осы жерде бұрынғы ата-бабаларымыздың қолда бардың қадірін ұғыну жөнінде айтқан даналық сөздерінің өзі де өнеге болғандай.

Шетелге шығып, өз көзімен көріп-біліп жүргендер өркениетті елдің адамдары тауардың бағасына емес, оның сапасына, тазалығы мен табиғилығына алдымен көңіл бөлетінін айтады. Мәселен, біздің жағдайымызда дүкендерде тұрған сүт өнімдерінің қаншама уақыты тек тасымалдауға кетеді. Әрі біраз уақыт қоймаларда жатып қалады, дүкен сөрелерінде де айлап тұратынын ешкім жоққа шығара қоймас. Ендеше, өзіміздің, болашақ балаларымыздың саулығын ойласақ, өз өнімдерімізді неге тұтынбасқа?!

Басқасын айтпағанда, шұбатты алып қараңыз. Кәдімгі түйенің сүтінен дайындалатын шұбаттың адам саулығына тигізер пайдасы әлдеқашан дәлелденген, шетелдіктер де оны мойындаған. Дегенмен, біз болсақ, әлі дүкендер мен базарлардағы түрлі шырындарды қыруар қаржыға сатып алуға құмармыз.

Шыны керек, оның қашан шыққанына, қайдан келгеніне де көпшілігіміз көңіл қоя бермейтініміз бар. Оның орнына табиғи таза шұбатымызды сусын ретінде пайдалансақ, қанеки. Міне, өз денсаулығыңды сақтаудың, екіншіден, отандық өнімді тұтынудың бір үлгісі осы. Сөйтіп, бұл айналып келгенде шаруагерге де, кәсіп иесіне де, оны тұтынушыға да пайдалы болмақ, отандық өнімнің өрісі кеңуіне мүмкіндік берері анық. Бұл қазір мемлекетімізді дамыған елдердің үздік отыздығының қатарына қосатын 100 нақты қадамның іске асуына қосылған үлес те болмақ.

Оңдасын МАХАТОВ, шаруагер,

Тұщықұдық ауылдық округі,

Исатай ауданы.

 

 

 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз