Жарнама
Саясат

ӨНІМІ ӨТПЕЙТІН ӨНДІРІС

alogo1223333334Міне, осындай қиыншылықтарға кезігіп отырған кәсіпорындардың бірі – Индердегі «Биас Тек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі пайдалануға берген құрғақ қоспалар зауыты. Бұдан үш жыл бұрын қатарға қосылған ол жылына 126 мың тонна гипс шығаруға межеленген-ді. Әйтсе де, бүгінде соның он пайызы ғана игеріліп отыр. Бұл – зауыттың өндірістік қуатының жетпеуінен немесе жұмысшылардың өз міндетін атқара алмауынан емес, өнімнің өтпеуінен.
Ауданға қызмет бабымен барып жүргенімізде де осы кәсіпорынның өңірдің өзіндік дамуына онша әсер ете алмай отырғандығын байқайтынбыз. Оны жергілікті жұрт та жасырмайды.
Жалпы, кәнігі кәсіпкер әр жобаны қолға алғанда оның келешек қызметіне де мониторинг жасап, ертеңгі күні өнімдерін кімге және қалай өткізетіндігін ойластырады. Әйтпесе, сол жобаны жүзеге асыруға жұмсалған шығынын өтей алмайды.
Рас, бұл ретте зауыт басшылығы болашағын болжай алмады деуден де аулақпыз. Атырау аумағының құрылыс материалдарына зәру екендігі де белгілі. Соңғы жылдары тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар көптеп салынып жатқан аумаққа жергілікті құрылыс материалдары қажет-ақ. Алыстан арбаламай, жақыннан дорбалау олардың құнына да әсер етеді. Ал, арзан материалдан тұрғызылған нысандардың бағасы да аса қымбат болмайды. Тек, әттең, өндіріс ошағының өнімі өтпей, тығырыққа тіреліп тұрған жайы бар.
Соңғы екі жылдың үш тоқсанының қорытындысын саралағанда, биыл өткен жылмен салыстырғанда өнім көлемі 62 млн. 642 мың теңгеге кеміген. Зауыт өткен жылы өнімнің он түрін шығарса, биыл бесеуімен ғана шектеліпті.
Бүгінде серіктестік басшысы Қуат Құрманбаев зауыттағы жүз шақты жұмысшының жалақысын тауып берудің өзі мұң болып отырғандығын жасырмайды. Кәсіпорын толық қуатында жасамай тұрғандықтан қызметкерлер сегіз сағаттық жұмыс күнімен шектелген. Әйтпесе, екі-үш ауысыммен үзіліссіз істеуге де болар еді. Мұндағы еңбекақы – 40-50 мың теңге ғана шамасында.
Жалпы, әрбір жаңа өнімнің жұртшылық арасында кең тарап, тезірек танысуына септігін тигізетін шара – оны жарнамалау. Шетелдік компанияларда бұл бағытқа бөлінген арнайы қаражат та бар. Өңірдегі индустриялық-инновациялық жобалардың жүйелі жүзеге асуына жергілікті атқарушы билік те назар аударатындығын айтсақ, аудан әкімдігі осы орайда жұмыстанып та жатыр екен. Көрші облыстармен байланыс орнатылуда. Серіктестік басшылығы да сонау Астана мен Алматыда, көршілес Ақтөбе, Ақтау және Орал қалаларында филиалдарын ашыпты. Әйтсе де, оларда да осындай құрылыс материалдарын шығаратын зауыттар болуы ықтималдығын ескерсек, ондағылар алдымен жергілікті өнімді тұтынады ғой. Сондықтан, Атыраудағы құрылыс компанияларымен келісім жасаған жөн. Мүмкін, жарнамалау жайын ертерек ойластырған дұрыс па еді?
Рас, қазір жергілікті тұрғындар тұрғын үй құрылысына осы материалдарды пайдалануда екен. Бағасы да шыдамды көрінеді. Бірақ, жеке адамдардың алатын аз ғана өнімі зауыттың қазіргі шығынын өтей де алмайды. Демек, іргелі кәсіпорындармен келісім жасап, солар тарапынан тұрақты тапсырыс табу – бүгінгі басты мақсат.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ,
Индер ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button