ТҰРҒЫНДАР МҰҚТАЖЫНА – СЕРГЕК КӨЗҚАРАС

Кеше «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында ҚР Мемлекеттік істері Агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы – Тәртіптік кеңес төрағасы Мұхит Ізбанов қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындарды қабылдады.

Дамбы селосындағы Ғ.Қабышев атындағы көше тұрғыны Мағыпар Қуанов «жолға асфальт төселсе» деген өтінішін білдірді. Жиынға қатынасқан Атырау қаласы әкімінің орынбасары Жұмабай Қарағаевтың сауалға қатысты берген түсінігіне сай, аталған аумаққа тас жол төсеу жұмыстары биылғы жоспарда қарастырылмаған. Сол секілді қаладағы Аманшин көшесіндегі көп қабатты үйлердің тұрғындары «Ауладағы балалардың алаңсыз жүріп-тұруына жағдай жасау мақсатында көлік жолының бойына жылдамдықты тежейтін арнайы жолақ салу жұмыстарын ұйымдастыруға ықпал етсеңіздер» деген өтініш білдірді. Белгілі болғанындай, бұл жұмыстардың жүру барысы назарда ұсталатын болады.
Осыдан бір жыл бұрын Өзбекстаннан оралған Бақтияр Жақсымбетов жоғалтып алған оралман куәлігін ресімдеу жұмыстарына жәрдемдесуді өтінсе, жемқорлық фактілерінің орын алуына орай, лауазымынан босатылған қызметкер де жұмысқа орналастыруға көмек сұрады. Соңғы екі сауалға орай, заң шеңберінде түсініктер берілді.

Өз тілшіміз.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз