ОЙЫЛ КӨЗДІҢ ЖАСЫ ЕДІ…
«Ақ Жайық» басылымының журналисі Мұрат Сұлтанғалиев аталмыш аурудың адамдарға жұғу оқиғаларының да аудан көлемінде тіркеуге алынғандығын айтып өтті. «Бұл індет өлкемізде 80 жылдардан бері бар. Ал, 2009 жыл аурудың өршіген кезі саналады. Сол уақыттағы жалпы мал басының 6,5 пайызы ауруға шалдықса, қазір ауруға байланысты залалдық 1,5 пайызды құрауда. Бұл осы бағытта жүргізілген жоспарлы жұмыстардың нәтижесі екенін айта кеткеніміз жөн. Сол секілді былтырғы жылдан бастап қолға алынған малды сырғалау ісінің де көмегі зор. Ал, үстіміздегі жылы 17 адам бруцеллез ауруының белгілері бойынша тіркеуге алынып, стационарлық жағдайда емделуде» деді Мақсот Сайполұлы.
Ойыл өзені Қызылқоға ауданы үшін аса маңызды су көзі саналады. Алайда, соңғы жылдары су көлемі тартылып, тіпті маусымдық кезеңдерде арнасынан тасымайды. Осыған алаңдаушылық танытқан «Атырау» газеті бас редакторының орынбасары Нұрлан Қабылов «Көршілес Ақтөбе облысымен келісіп, су бөгеттерін бұзып, ауданға су тартуға мүмкіндік бар ма? Жалпы, бұл бағыттағы атқарылған жұмыстар жайымен таныстырсаңыз» деген сауал тастады. «Расында да, бұл өзен өңіріміз үшін аса маңызды. Айтылып отырған проблема да бізге жақсы таныс, өйткені өзен суы табиғат жағдайларына байланысты өткен жылы аз көлемде тасыса, биыл мүлдем тасыған жоқ. Осы ретте биылғы жылдың шілде айында Ақтөбе облысының Ойыл ауданы басшылығы және суға қатысты басқарма басшыларымен бірлескен түрде Ойыл бойын аралап шықтық. Өзен бастауын Мұғалжар ауданындағы бұлақтан алады. Қазіргі уақытта сол бұлақ тартылып барады. Оны аршу мәселесін облыс басшыларының қаперіне беріп, Парламент депутаттарына ықпал ету туралы ұсыныс беруді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, мал шаруашылығына пайдалану мақсатында жерасты суларын зерттеуді де қолға алмақшымыз».
«Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Жолдасбек Шөпеғұлдың шағын елді мекендерге су құбырларын тарту ісі мен газ желісінің жүргізілуі турасында қойған сауалына орай мынадай жауап естідік: «Ауыз су» және «Ақ бұлақ» бағдарламалары бойынша 44 шақырымдық «Тайсойған-Қоныстану-Қосқұлақ» топтық су құбыры күрделі жөндеуден өтіп, «Қарабау-Қаракөл», «Қоныстану-Жасқайрат» айналмалы су құбырын салу құрылысы жүргізілуде. «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша жасалған жобалық-сметалық құжаттарға сәйкес аудандағы 12 елді мекенде селоішілік су құбырын тарту жұмыстары басталған. Биылғы жылдың аяғына дейін Миялы селоішілік су тарту жұмыстары аяқталады, қалған елді мекендер 2015 жылға дейін толық тапсырылады деп жоспарланған. Ал, қалған елді мекендерді газдандыруға «инвестжоба» ұсынылып отыр.
Қазақстан Тайсойған полигонының аумағын қысқартуға мүдделі. Бүгінгі күні осы өзекті мәселе Парламент Сенатының отырысында да қаралуда. Бұл жайындағы ұсыныс Ресеймен арадағы үкіметаралық комиссияға да жолданған. Осы бағыттағы жұмыстар жайын білмек болып, «Алтын аймақ» газетінің бас редакторы Әбілхан Төлеуішовке берілген жауаптан білгеніміздей, ауданның 749 мың гектар жері полигон аймағында жатыр. Аймақ 1949 жылғы КСРО-ның арнайы қаулысымен сынақ алаңы болып бекітілген. Ал, 1990 жылы 29 тамызда Республика Президентінің сынақты тоқтату туралы арнайы Жарлығымен полигон жабылды. Содан бері полигонды қайтару ісі қолға алынған. «2011 жылы Парламент Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегеновтің бастамасымен Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігінің өкілдері, қазақстандық тиісті құрылым басшыларының қатысуымен арнайы мәжіліс өтті» деп атап өтті аудан басшысы.
Таяуда Астанада өткен кезекті жиын барысында да осы сұрақты күн тәртібіне шығарған Сәрсенбай Еңсегенов Тайсойған полигонын елдегі басқа полигондармен қатар қарастырмау керектігін алға тартқан болатын. Өз кезегінде Үкімет басшысы Серік Ахметов: «Бұл мемлекетіміздің қауіпсіздігі үшін де аса маңызды. Алдағы уақытта Ресей Қорғаныс министрі Шойгу біздің елімізге сапармен келген сәтте мәселені үкіметаралық комиссияда қарайтын боламыз» дей келе, қазақстандық ұсыныстардың негізінен еліміздегі полигондарды қысқартуға қатысты болып отырғандығын айтып өткен болатын.
Қызылқоға ауданында қазіргі уақытта мұнай және газдың табиғи бай қорларының болуы себепті үш кәсіпорын табысты еңбек атқаруда. Бұл ретте жергілікті жастардың бұл саладағы жұмысқа тартылу жайы өңір үшін өзекті екені сөзсіз. Осы мәселені аудан басшысының алдында көтерген «Атырау» газетінің журналисі Меңдібай Сүмесінов «бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында осы кәсіпорындардың ауданның әлеуметтік сауықтыру ахуалына қосып отырған үлесі қандай?» деген сұрақ жолдады.
«Қайнармұнайгаз» басқармасы, «Мәтен» бірлескен кәсіпорны, «Сағыз петролеум» компаниясы қызметкерлерінің қатарында жергілікті тұрғындар бар. Аталмыш компаниялардың басшыларымен келіскен түрде сұраныстарына сай, мүмкіндігінше, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққандар мен білімі бар, бірақ жұмысқа орналаса алмай жүрген жандарға көмек көрсетудеміз. Ал, әлеуметтік көмек аясында ірі құрылыс нысандарын салмағанымен, жергілікті халық үшін көмек түрлерін ұсынып келеді. Әсіресе, «Мектепке жол» акциясы аясында қаржыландыру жұмыстары жолға қойылған. Ал, «Мәтен» кәсіпорны өткен жылы жалғызбасты анаға тұрғын үй алып берді. Бұл көмек түрлері әлі де жалғаса береді деп есептеймін» деді Мақсот Мұқанов.
Осылайша, аудан әкімдерінің тағы бір басқосуы өз мәресіне жетті. Бұқара мен билікті біртабан жақындатқан жиын барысында көптің көкейінде жүрген сауалдарға нақты жауап алынып, бірнеше маңызды мәселе әңгіме өзегіне айналды.
Келісілген кестеге сай, келесі аптада Жылыой ауданының әкімі брифинг өткізетін болады.
Гүлжан ӘМІРОВА.