НАСИХАТ НАНЫМДЫ БОЛСА ИГІ…
Жиын қонақтарына аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетовтің атынан шақыртуды қабыл алғандары үшін алғыс білдірген облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанның төрағалығымен өткен шара екі бөлімнен тұрды.
Пленарлық мәжілістің ашылар тұсында сөз алған конференция жетекшісі облыста діни ахуалды оңалтуға жүргізілген жұмыстардың негізгі бағыттары туралы тоқталып өтті. «Жалпы облыстағы діни бағыттардағы жұмыстарды жүргізу тәртібі үш бөлімнен тұрады. Бірінші кезекте саланы білікті мамандармен толықтырудың маңызы зор. Бұл бағытта атқарылған жұмыстарды айтар болсақ, былтырғы жылы өңірімізге 15 теолог-дінтанушы маман келіп, жұмыс жасауда. Сол секілді тұтастай қоғамды жұмылдыру және ақпараттық-насихаттық жұмыстарды жандандыру да – ұстанған бағытымыздың бірі».
Конференция жұмысына қатынасқан ҚР Дін істері агенттігі төрағасының орынбасары Ерлан Абдақасов қоғамымызда этносаралық және дінаралық келісімді қамтамасыз ету маңыздылығын айтып, ел тұрақтылығын қалыптастырудағы дәстүрлі ханафи мазхабының ерекше ролін атап өтті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі Ораз Серікбай тақырыптың өзектілігін сөз етіп, хақ дініміз исламның құндылықтарына тоқталды. Өз кезегінде Қауіпсіздік бағдарламалары орталығының қамқоршылар кеңесінің төрағасы, белгілі саясаттанушы Ерлан Қарин зерттеулер нәтижесі көрсеткен әлемдік терроризм туралы мағлұматтарды келтірсе, Ақтөбе мемлекеттік университетінің профессоры Амангелді Айталы тақырып аясында мағыналы ой өрбітті. Сондай-ақ, аймағымызға арнайы шақыртылып, қазіргі таңда жамағатпен тұрақты жұмыс жүргізіп отырған Египеттегі Әл-Азхар университетінің шейхы Мухаммед Жәмәл әд-Дин Хашим терроризм исламға жат ұғым екенін және бұл әрекеттерге барудың негізгі себебі – діни сауатсыздық екенін айтты.
Конференцияның екінші бөлімінде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті қабырғасында секциялық отырыстар ұйымдастырылып, шараға арнайы шақырылған республика көлеміндегі сала мамандарының баяндамалары тыңдалды.
(Конференция барысынан толық материалды газетіміздің келесі нөмірінен оқи аласыздар).
Гүлжан ӘМІРОВА.