«МҰНАЙ-ГАЗ САЛАСЫНА ҮЛКЕН ҮМІТ АРТЫЛАДЫ»
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев зауыттықтарға келген қонақтарды таныстырып өткен соң Елбасы Жолдауынан туындайтын келелі міндеттер әңгімеге арқау болды.
Жалпы, Ұзақбай Сүлейменұлының айтуынша, көмірсутегі шикізаты бағасының тым төмендеп кетуі мұнай мен газ экспорттайтын мемлекеттердің барлығына да ауыртпалықтар әкелуде. Жаһандық қиындықтардың салқыны қазір-ақ сезілуде. Қазақстан әлемдік экономикамен тығыз байланыста болғандықтан, дүниежүзілік үдерістерден тыс қалмайды. Бізге де біраз проблеманы шешуге тура келеді.
Осы орайда тәуелсіздіктің алғашқы кезеңдерін еске түсірсек, сол шақта да мұнай бағасы өте төмен еді ғой. Халық көп қиындықты бастан кешті. Бірақ, ол кезде бізде Ұлттық қор жоқ еді. Ешқандай жинағымыз болмайтын. Елбасы ашықтық саясатын ұстанып, сырттан инвестиция тарту арқылы ғана халықты сақтап қалды. Бағымызға орай, сол тоқсаныншы жылдардың соңында «қара алтын» құны да өсті.
Әрине, қазіргі қиындықтар да ұмыт болады. Одан да аман өтеміз. Мемлекет басшысы соның алғышарттарын жасап, іргетасын қалауда. Бүгінде Ұлттық қорда 100 млрд. доллар шамасында ақшамыз бар. Мол қаражат. Жалпы, осы қордағы қаржымыз ел бойынша жалпы ішкі өнімнің 34,7 пайызын құрайды екен. Оған біздің облыс та сүбелі үлес қосқан. Атырау өткен мерзімде Ұлттық қорға 1,3 трлн. теңге аударыпты. Мұнайлы мекенде 37 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. Бұл – соңғы жылдары жергілікті атқарушы биліктің осы салаға кең қолдау көрсетіп отырғандығының жемісі.
Бүгінде еліміз әлемнің ең дамыған елу елінің санатына қосылды. Бірінші бесжылдықта республикада үш триллион теңгелік 673 жоба мәреге жетті. Соның нәтижесінде 65 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Ал, Атырауда, құны 8,5 млрд. теңгелік жобалар жүзеге асты. Сөйтіп, жүздеген адам тұрақты қызметпен қамтамасыз етілді.
Елбасы Жолдауында айтылғанындай, арнаулы экономикалық аймақтар барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтылмақ. Атырауда да ұлттық мұнай-химия аймағы бар. Әсіресе, республикада тұңғыш газ-химия кешені тұрғызылуда. Оның құрылысына ғана сегіз мың шамасында адам тартылмақ.
Жалпы, Атырауда 127 елді мекен табиғи газды тұтынып отыр. Тұрғындардың қамтылуы 92 пайыз. Бұл көрсеткіш жөнінен республикада алдыңғы қатардамыз. Облыс басшылығы келешекте тағы біраз ауылға газ құбырын тартуды жоспарлап отыр.
Бүгінде елімізде орта есеппен жылына 80 млн. тонна мұнай өндіріледі. Оны 2020 жылға дейін 150-170 миллионға жеткізу де жоспарланған. Алайда, Елбасы орынды өзгеріс енгізді. Расында да, соншама «қара алтын» өндіру қазір қажет пе? Жалпы, әр кеніштен өнім өндірудің бастау белесі, шырқау шағы мен құлдырау кезі болады. Сондықтан, оған байыппен қарау қажет. Міне, Мемлекет басшысы осы тұрғыдан тапсырма берген соң ұсыныс пен сұранысты саралап, тәулігіне екі миллион баррель шамасында мұнай өндіруді қалыпты санап отырмыз. Сонда жылына 100 млн. тонна болады екен. Қазіргі 80 млн. тоннаның ішкі қажеттілікке 18 миллионы ғана жұмсалады. Өзгесі сыртқы нарыққа шығарылады. Оның үстіне, Ресеймен бірлесіп қолға алынатын Еуразия жобасы көмірсутегі шикізаты қорын одан әрі еселеп арттырады. Алдымыздағы дүйсенбіде, яғни 22 желтоқсанда Мәскеуде екі елдің мұнай-газ саласы мамандары осы кенішті пайдалану жөнінде келіссөздерін жалғастырады.
Мұнай өндірушілермен кездесуде Әділет министрінің орынбасары Бақытжан Әбдірайым құқық қорғау құрылымдарындағы өзгерістерді, облыстық кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағының төрайымы Әлия Бекқожиева бизнес иелеріне көрсетіліп жатқан қолдауды, зауыттың бас директоры Қайрат Оразбаев, орталық зертхана басшысының сапа жөніндегі орынбасары Ақмарал Усманова мен №5 цех бастығы Юрий Шкодин Жолдаудан туындайтын міндеттер жөнінде айтты. Жиналғандар тарапынан ақпараттық топ мүшелеріне сауалдар жолданып, олардың жауаптары алынды. Энергетика министрінің бірінші орынбасары Ұзақбай Қарабалин журналистермен сұхбаттасты.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ.