Жарнама
Саясат

ҚАЗАҚҚА КЕЛІН БОЛҒАН БАШҚҰРТ ҚЫЗЫ

 * * *

Закира әжей Башқұртстан Республикасы Көкаршын ауданы Дамир колхозында 1927 жылы дүниеге келіпті. Он үш жасқа дейін бақытты балалық ғұмыр кешеді. Алайда, он үшке аяқ басқан шағында бүкіл дүние жүзін дүр сілкіндірген соғыс басталады да, бұл да сол кезіндегі барлық бөбектер сияқты бақытты балалық шағымен қош айтысады. Әкесі денсаулығы жарамсыз болғандықтан соғысқа бармаған екен. Бірақ, еңбек армиясына алынады да, бір айдан соң сол жақта қайтыс болады. Шешесі де өмірден ерте озды. Закира он үш жасынан бастап колхозға завхоз болып жұмысқа орналасты. Колхоз жұмысының ыстығына күйіп, суығына тоңса да, өзіне жүктелген жұмысты тындырымды атқарды. Сөйтіп жүріп училищеде оқып, зоотехник мамандығын алып шықты. Закираның өмірі Орынбор қаласындағы орыс, татар, қазақ колхоздарына зоотехник болып келгеннен кейін күрт өзгерді. Өйткені, ол осы жерден өмірлік жары Төлеу Қапановты кездестірген еді. 

* * *

Бай-манаптарды қудалау нау-қанынан Қарақожа болыстың баласы, Закираның жары Төлеудің әкесі Қапан да тыс қалмайды. Солақай саясаттың құрбаны болған ол үлкен шешесі, әйелі және төрт баласымен бірге туған жері Махамбетпен қош айтысып (Жаманқала), Ресей жерінен бір шығады. Бұл жақта да қудалауға ұшырап, босып жүрген жандарға кездеседі. Бір үйдің қабырғасынан «Молотов қаласында торф (ел ішінде оны «шымтезек» деп те атайды) қазуға жұмысшылар керек» деген хабарландыруды көзі шалып, жүк пойызына отырып Молотовқа аттанады. Бұлар мінген жүк пойызының вагонында әбден ашыққан адамдардың шикі жүгеріні жеп жарылып өліп жатқанын көреді. Қарны ашып, көзі қарауытқан Қапанның балалары да жүгеріні жегісі келеді. Алайда, зор денелі, ақылды да салмақты Қапан балаларына шикі жүгеріні жегізбейді. Молотовқа келген соң жүгеріні қуырып беріп отбасын аштықтан аман алып қалады. Торф қазу жұмысына кірген соң біртіндеп жағдайлары түзеледі. Кейін шешесі мен кіші баласын сонда  қалдырып, өздері Орынборға қоныс аударды. Қапан осы жақта  дүние салды.

* * *

«Орынборға зоотехник башқұрт қызы келіпті, өзі сұлу әрі пысық екен» деген хабар үш колхозға бірден тарайды. Башқұрт қызы Закира туралы Төлеудің анасы мен апасы да естиді. Бұл кезде Төлеу үш колхозға танымал атақты тракторист еді. Төлеуді жақсы еңбек еткені үшін соғысқа жібермей колхозда алып қалған болатын. Орынборда Төлеуді барлығы Анатолий деп атайды. Өзі сымбатты, өзі еңбекқор, өзі әнші (ол баянды жақсы тартатын) Анатолий кешкісін дос жігіттерімен бірге баян тартып, әндетіп көшеге шыққанда орыстың да, татардың да, қазақтың да қыздары «о, это наш Анатолий» деп елеңдеп қалатын. Бұл кезде Закира ойын-сауықпен ісі жоқ, есеп-қисап жасап, қопыраған қағаздың ортасында отыратын. Неге екені белгісіз, өзін қаумалаған қыздардың біреуіне көз салмаған Төлеудің көңілі бірден қақ-соқпен ісі жоқ башқұрт қызына құлайды. Анасы мен апасы да осы қызды Төлеуге лайық көреді.

* * *

— Мен ол кезде колхоздың берген үйінде тұрамын. Өзіме қазақ жігітінің көңілі кетіп жүргенін білсем де, білмеген болып жүре бердім, — деп еске алады Закира әжей. – Оның үстіне, маған қамқорлық танытып жүрген Попов деген мал дәрігері болып жасайтын ағайым бар еді. Сол кісі де  «қызым қашанғы осылай жалғыз жүре бересің. Мына Анатолий деген өте жақсы жігіт. Жұмысына мығым, ақкөңіл, адал жан. Өзі сені ұнатып жүрген көрінеді. Осы жігіттің етегінен ұстасаң, қор болмайсың» деп ағалық ақылын айтып жүретін.  Бір күні кеңседе жұмыс жасап отырған едім. Қасымда Поповтың қызы Таиса бар. Таиса терезеден қарап тұрды да «Анатолий келе жатыр» деді. Бір кезде ішке қараторы қазақ жігіті келіп кірді. Таиса екеуі күбір-күбір сөйлесті. Содан екеуі жаныма келді. Екеуміз осы жерде таныстық.

Бір күні кешкісін үйдің сыртына бір машина келіп тоқтай қалды. Қарасам Қабдол, Төлеу, Кәрімдер екен. «Бір жерде ойын- сауық болғалы жатыр, сені алып кеткелі келдік» дейді. Қасымда бірге тұратын татар апайым да «барып келсеңші, үйде отыра бергенше» деп мені көндірді. Машина заулап келеді. Бір қарасам,  маған айтқан жақтарына емес, қазақ ауылы жаққа тартып барады. «Қайда барамыз?» десем, «келіп қалдық» дейді. Содан бір үйге келіп тоқтадық. Үйден кемпір-шалдар шығып жатыр. Төрге дастархан жайып қойыпты. «Бізде қазақта қыз ұрлайтын салт бар, біз сені ұрлап әкелдік» деп қояды. Мен аяқ киімімді сәкінің астына тығып қойдым. Мені ортаға алып, бәріміз дастархан басына жайғастық.   Шайдан кейін бәрі далаға шығып кетті. Мен де аяқ киімімді алайын деп қарасам, орнында жоқ. «Менің аяқ киімім қайда?» десем, «сен енді осы үйде қаласың, келін боласың» дейді. Мен енді ашуға бастым.

— Біздің башқұртта қыз ұрлау деген жоқ. Мені қазір үйге апарып тастамайтын болсаңдар, бұдан былай қайтып көрмейсіңдер, — дедім. Содан аман-есен үйіме алып келді. Көп ұзамай той жасап үйлендік. Бүкіл колхоз біз үшін той жасап берді.

* * *

— Орынбордағы тұрмысымыз жақсы болды. Жолдасым беделді тракторист, өзім білдей зоотехникпін. Егер енем елін ойлап егіле бермегенде, сол жақта тұра берер ме едік.  Бірақ,  елде  қалған туған-туыстарын ойлап, еңірегенде етегі толатын шешемді көріп шыдай алмадым. Тұрмысқа шыққан соң екі жылдан кейін жолдасымды Қазақстанға аттандырдық. «Елге барып ағайындарды тауып, көшіп баруға мүмкіндік бар-жоғын біліп кел» деп жібердік.  Ағайындарына барып он күндей боламын деп кеткен ағамыз үш күннен кейін қайтып келіп тұр. Біз елді таба алмаған екен деп ойладық.  Сөйтсек, жолдасым ағайын-тумаларының ортасында бар болғаны бір-ақ күн қоныпты.

— Неге тез қайттың? — деген сұрағымызға «қарным ашты» деп жауап берді. Бақсақ, орыстың картошкасына үйреніп қалған ол қазақтың құйрық салған бесбармағын алғаш көргендіктен сүйсініп жей алмапты. Содан көп ұзамай 1949 жылдың 10 сәуірінде Қазақстанға қоныс аудардық. Осы Сарытоғайға келіп қоныстандық.

*  *  *

Ол кезде Махамбет ауданы Жаманқала деп аталады. Ылғи төбесі жоқ, жер үйлер. Иттері де, үйлері де қап-қара ауылды көргенде қатты таң қалдым.  «Неге бұлай?» десем, ауыл халқы отқа қара май жағады екен. Соның әсерінен тұрбадан шыққан түтін иттерді де қап-қара етіп жіберіпті. Алғаш келгенде аштан өлетін шығармыз деп ойладық. Мен де, енем де, жолдасым да қазақ тілін білмейміз. Шешем марқұм сиыр айдауға шыққанда сиырларды «пошла туда» деп орысшалап айдайды екен. Абысындары, қайынсіңлілері күлкіге қарық болады. 

Ресейде отынға ағашты, көмірді пайдаланады ғой. Мында келіп тезекті көріп талып қалдым. От жаға алмай қорлық көрдім. Кемпірлер, келіншектер сиырларының артынан шығып, тезек жинап әкеліп жапа соғады екен. «Жапа деген не нәрсе?» деп таң қаламын. Бара-бара оны да үйрендік. Қаптарды бос алып кетіп, қолтырмаштап қайтатын қазақ келіншектерге ілесіп мен де шықтым. Мен  де қабымды тезекке толтырып әкелдім. Үйге келіп жапа соғайын десек, менің әкелген тезегім үгітіліп қала береді. Сөйтсем, менің теріп әкелгенім жылқының тезегі екен.

Қазан-ошаққа тамақ пісіруді үйрендім. Қазақы өмірге үйрене алмай қанша қиналсам да, шешем үшін бәріне шыдадым. Бірте-бірте нағыз қазақтың қара келіншегіне айналдым ғой, — дейді Закира әжей өткен өмірін есіне алып, біресе күліп, біресе көз жасын сығып отырып. – Шешем туған қайнысын, ағайын-тумаларын тапты.  Ол кісі 1964 жылы 73 жасында қайтыс болды. Төлеуім де туған жеріне келіп бақилық болды.

Мұнда келген соң бас зоотехник болып жұмысқа кірдім. Бірақ, тіл білмегендіктен жасай алмадым. Айлық есепті қазақша беруім керек. Орысша әріпті танығаныммен, түсінбеймін. Одан кейін еден сыпырушы болып та, моторшы, киномеханик, радиоқосушы болып та қызмет атқардым. 1977 жылы зейнеткерлік демалысқа шықтым.

* * *

Сонау Ресей жерінен жары мен енесіне ілесіп қазақ жеріне келген Закира әжейдің Сарытоғай ауылында тұрып жатқанына да алпыс  жеті жыл болыпты. Өмірлік жары Төлеу Қапановпен бірге төрт қыз, төрт ұл өсірді. Тұңғыш келіні – орыс ұлтының қызы. Екінші келінін татардан алған. Оларға қазақтың барлық салт-дәстүрін үйретіп, нағыз қазақ келіні етіп тәрбиелегені көрініп тұр.

— Алла көпсінбесін, қазір отыз екі  немерем бар. Бір баламда сегіз, бір баламда жеті, бір қызымда төртеу, бір қызымда үшеу… осылай  кете  береді.  Отыз  екі  немереден  жиырма төрт  шөбере көріп отырмын.  Үкімет зейнетақысын беріп отыр. Балаларым аялап бағып отыр. Осы өмірім үшін Аллаға шүкіршілік етемін. Еліміз тыныш болсын, халқымның басынан бақ пен ырыс кетпесін, әр шаңырақтан береке мен бірлік арылмасын, — деп ақ батасын берген әңгімешіл Закира әжеймен біз де қимай қоштастық.      

Баян СҮЙЕУОВА,

Махамбет ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button