Еңсе тіктеген екі кәсіпорын
Өңірге республикалық ақпараттық топ мүшесі, Инвестициялар және даму министрлігінің комитет төрағасы Алмас Батанов келді. Ол аймақтағы өндіріс орындарын аралап, Елбасының биылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауының басым бағыттарын түсіндірді.
– Елбасы Жолдауында инновациялық жобаларды жүзеге асыруға зор мән беріліп отыр. Кез келген кәсіпкер жаңа жобаны қолға алғанда, оның инновациялық ерекшелігін ескеруі керек. Ал, күнделікті сауда-саттық бағытында ашылып жатқан бизнес-жобалардан түсетін пайда айтарлықтай көп емес. Сондықтан, индустриалдық даму картасына енген жобаларға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауды орынды пайдалану қажет, — деді Алмас Батанов.
Жалпы, Алмас Батановтың айтуынша, республикада 72 кәсіпорын ісін тоқтатқан. Қазір соның себеп-салдары анықталып жатыр. Солардың үшеуі Атырауда орналасқан екен. Осы орайда, облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айқын Елеусізов аталған үш жобаның екеуін тізімнен алып тастауға ұсыныс білдірді.
– Жұмысы жанданбай тұрған кәсіпорындар қатарынан «Жігермұнайсервис» және электр қуатын өндіретін «Сағат энерджи» (қуаты – 11 мегаватт) мекемелерін алып тастауға болады, — деді ол.
Өйткені, бұл кәсіпорындар жыл басынан бері толық қуатта жұмыс жасап тұр. Ал, «Досжан и компания» серіктестігінде қамыс ұсақталып, жиһаз материалдарын дайындау көзделген. Әзірге ағаш ұнтақтарын жапсыратын сапалы желімнің жоқтығы қолбайлау болып тұр. Енді бұл кәсіпорынның жұмысын жандандыруға ресейлік инвесторлар ниет білдіріп отыр.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ