Құрманғазы ауданында жүзеге аса бастаған жобалар көп. Қиғаш өзенінің түбі тереңдетіліп, балық жүрісіне жол ашылуда. Ақтөбе–Атырау–Астрахан жолының қайта жарақтандырылуы аймақ экономикасына серпін бергелі тұр. Ажары айшықты ғимарат, әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Құрманғазы ауданының әкімі Бибоз Шаяхметовтің тұрғындар алдында есеп беру жиынында осы және өзге де мәселелер ортаға салынды. Оған ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Ербол Аликулов, облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев, басқарма, департамент басшылары, қоғамдық ұйым жетекшілері қатысты. Алқалы басқосуда тұрғындар Құрманғазы ауданы әкімінің есебіне оң баға берді.
Алуан-алуан істер бар
Азғыр өңірі 110 кВ көлеміндегі электр қуатын Ресейден алады. Жаңа жоба осы кіріптарлықтан құтқарады деген үміт бар. Құрманғазы ауданының орталығынан кернеуі 110 кВ, ұзындығы 205 шақырымды құрайтын «Құрманғазы–Асан» әуе желісін жүргізу жоспарлануда. Бұл үшін жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалып жатыр. Аталған аймақ тұрғындары үшін табиғи отын да қол жетпес армандай көрінетін. Құрманғазы ауданының әкімі Бибоз Шаяхметовтің айтуынша, енді ол ақиқатқа айнала бастады. Қазіргі күні 10 елді мекенге НКОК компаниясының көмегімен газ желісі жеткізілуде.
– 2017 жылдың тамыз айында басталған жобаның жалпы құны 10,3 млрд. теңгені құрайды. Қазір 365 шақырым кентаралық газ желісі тартылды. Енді ауылішілік құбырдың құрылысы жүргізілуде. Елді мекендерді газдандыру жұмыстарын биыл аяқтау көзделуде, — деді аудан әкімі.
Былтыр аймақта құрылыс жұмыстарының көлемі 25 млрд. теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай артық. Кадырка ауылындағы үш қабатты 60 пәтерлік баспананың, Орлыдағы дәрігерлерге арналған екі тұрғын үйдің, сонымен қатар, Қиғаш, Жұмекен елді мекендеріндегі инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның құрылысына жобалау-сметалық құжаттамалары жасақталды. Шортанбай мен Жыланды ауылдарын қосатын Шарон өзені және Құрманғазы елді мекеніндегі Бұзаусылан өзегі арқылы жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы жоспарланып отыр.
Су жеткізіліп, жол салынбақ
Жергілікті жерде Ақкөл ауылындағы су тазарту қондырғысын қайта жарақтандыру, Сүйіндік–Асан–Үштаған магистральды су құбыры жүйесінің құрылысы, басқа да жобаларға қажетті құжаттамалар жасақталды. «Астрахан – Маңғышлақ» су құбырынан Орлы, Нұржау, Кадырка, Жұмекен, Хиуаз, Құрманғазы елді мекендеріне су құбырын тарту ойластырылуда. Жобалау-сметалық құжаттама жасақтауға 38,6 млн. теңге бөлінген. Қазір мердігер мекеме «Уралводпроект» ЖШС бұл жұмыстарды аяқтауда.
– «Сумен жабдықтау және су жүйесін дамыту» бағдарламасы бойынша Құрманғазы ауылына су құбыры желісінің құрылысына жергілікті бюджеттен 28 млн. теңге, республикалық бюджеттен қосымша 63 млн. теңге бөлінген болатын. Жоспарланған жұмыс аяқталып, нысан пайдалануға берілді. Жұмекен ауылындағы Дәулеткерей, Көнеу елді мекендеріне ауылішілік су құбыры желісінің құрылысына 65 млн. теңге қаралып, құрылыс жұмысы жүргізілуде, — деді Бибоз Байдәулетұлы.
Облыстық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының басшысы Қайрат Нұртаевтың айтуынша, «Атырау-Астрахан» жолының құрылысы басталып жатыр. Қазір мердігер компания – «Сине Мидас Строй» ЖШС дайындық жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, «Котяевка–Шортанбай» автомобиль жолы күрделі жөнделуде. «Жас-талап–Жыланды» аралығын қайта жаңғырту бойынша, екі көпір жөндеуден өткізіліп, асфальт төсеуге толығымен дайын тұр. Құрманғазы ауылының ауылішілік автомобиль жолдарының қайта жаңғырту жұмыстары 1 233,0 млн. теңгені құрайды.
Азамат БАЗАРБАЕВ.