Гиппократ антына адалдық

2d938b1a 40c4 4c20 beda b950ce667013 COVID-19: Соңғы поштадан...

Аtr.kz/11 мамыр, 2020 жыл. Күтпеген жерден жер жаһанды коронавирус жаулағанда, алғашында абдырап қалғанымыз рас. Алайда, әр қилы кезеңдерді бастан кешіріп, талай қиыншылықтан сүрінбей өткен Қазақ елі бұл қиындықты да қанға сіңген күш-қуат, сабырлы жігер, шыдамдылық пен сенімділік, бірліктің арқасында еңсеруде.

Бұл ретте Үкіметтің қамқорлығы, халықтың тәртіпке бағынып, олардың бірлігі мен сенімінің арқасында, осы қауіпті вирус та құрықталып келеді. Қазақ елінің әрбір азаматының күш-жігері, төзімділігі, жауапкершілігінің арқасында бұл індетті де басқа аса қауіпті оба, холера індеттерін жойғандай түбегейлі жеңеміз деген сенімдеміз.

Тап осындай жауапты кезеңде медицина саласының қызметкерлерінің басына сын сағаты түсті. Естіп, біліп жүргенмен, әлемді вирус пандемиясы шарлағанда, соның ішінде өз республикамызда таралғанда Гиппократ антына сай дәрігерлер біліктілік пен төзімділік көрсетті. Төтенше жағдай жарияланып, шұғыл түрде шақырту алып аурухана есігінен кірген әріптестеріміз осы күнге дейін науқастардың қасында. Олар жанұясынан алыстады. Олардың қатерлі індетке қарсы күресуіне толықтай жағдай жасалды.

Енді міне, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, қазір індеттің шарықтау шегінен өтіп, елімізде төтенше жағдай режимі аяқталды. Десек те, кейбір аймақтарда дерттің таралуы бәсеңдемей отырғаны рас. Сондықтан, бұл дерттің толығымен жойылып кетпегенін ескеру маңызды. Осы орайда пандемия халықтың денсаулығына әлі де қауіпті екенін ұмытпаған жөн. Сол себепті, карантиндік шектеулер әрбір өңірдегі жағдайдың жақсаруына қарай біртіндеп алына бастайды.

Ал, өңірлердегі жағдайдың жақсаруына тұрғындардың карантин талаптарын қатаң сақтауы тікелей әсер ететінін естен шығармаған абзал. Бұл ретте әрбір адам күнделікті өмірде сақтық шараларын қатаң сақтауы тиіс. Тазалық бар жерге ауру жоламайтынын ескеріп, әлеуметтік арақашықтықты сақтау, көпшілік жиналған жерде бетперде тағып жүруді қалыпты жағдайға айналдыру қажет.

Мемлекет басшысы айтқандай, жұрттың көбі әлі де үйде отыра тұрғаны дұрыс. Өйткені, бұл – ең алдымен, адамдардың қауіпсіздігіне байланысты мәселе. Жұмысқа кіріскен кәсіпорындар әлеуметтік арақашықтықты және қатаң санитарлық режимнің сақталуына баса мән беру қажет. Себебі, белгіленген талаптар сақталмаса, індеттің екінші кезеңі басталып кетуі әбден мүмкін.

Елдегі төтенше жағдайдан кейін дағдарысқа қарсы шаралар да қолға алынуда. Бұл туралы Мемлекет басшысы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыруға бір триллион теңгеге жуық қаржы бөлінетінін айтты. Үнемі экономикалық табыс әкелетін немесе адами капиталды дамытатын бастамалар қолға алынуы қажеттігін алға қойған Президент мектеп, аурухана және басқа да нысандардың салынып, жаңғырту жұмыстары жүргізілуі тиістігін де міндеттеді. Ендігі уақытта жергілікті жерлерде осынау тапсырмалар жүйелі түрде жүзеге асса құба-құп.

Біз қазір күрделі кезеңдерді өткерудеміз. Осы орайда елдің бірлігі мен тұтастығының  арқасында кез келген міндетті орындауға жұмылып жатырмыз. Ал, пандемия кезінде халқымыздың дәрігерге деген құрметі тіптен еселенді. Ендігі уақытта осы қауіпті індетті толық жеңгеннен кейін медицина қызметкерлеріне деген құрмет те, алғыс та зор болары сөзсіз. Біздің облыстың барлық медицина қызметкерлеріне алғысымыз шексіз. Соның ішінде, облыстық №2 аурухана, облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері,  облыстық темір жол ауруханасы, «Стоматология» ЖШС ұжымының мүшелеріне ризашылығымыз ерекше. Олардың әрқайсысының халық алдындағы адал еңбектеріне, шыдамдылықтарына, біліктіліктеріне бас иеміз!

Нұртан СӘРСЕНОВА,

Қазақстандық салалық денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағы Атырау облыстық комитетінің төрайымы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз