БІРЛІГІ МЫҚТЫ ЕЛ ОЗАДЫ

Елбасының Жолдауы – Қазақстан дамуының жаңа экономикалық стратегиясы. Бұл Президентіміздің  халыққа өте қажетті жолды нұсқауы деп айтар едім. Өйткені, бұл жол шын мәнінде бәріне өмір беретін, жақсы тұрмысқа жеткізетін нақты бағыт. Елбасымыз қашаннан Қазақстан халқының бірлігіне үлкен маңыз беріп келеді. Еліміздің басты құндылығы елдегі бейбітшілік пен бірлік, экономиканың тұрақтылығы, этносаралық татулық пен толеранттылық екенін ешқашан ұмытпауымыз керек.

Еліміздегі ұлттардың береке-бірлігі, өзара достығының арқасында жеткен табыстарымыз ортақ Отанымыз – Қазақстанның өсіп-өркендеуіне негіз қалап отыр. Келер жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы тойланады. Елдегі татулық пен тұрақтылықты сақтап, баянды ету үшін  әрқайсымыз аянбай еңбек етуге тиіспіз. Сондықтан Елбасының «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына жаңа Жолдауында айтылғандар жай сөз емес, ілгерілеу бағыттарын, өзекті мәселелерді шешу жолдарын айқын көрсеткен айрықша маңызды құжат деу орынды болмақ.

Еліміздің қарыштап дамуын  бағдарлаған бағдарламалар тиянақты жүзеге асқанда ғана Қазақстан өркендеген ел болатыны сөзсіз. Егемен еліміздің әр күні айтулы оқиғаларға толы. Сан алуан ұлт мекендеген тәуелсіз мемлекетіміз әлем сахнасына достық пен татулықтың жерұйығы ретінде көтеріліп, өркениетті де дамыған елдердің ортасынан ойып тұрып орын алғаны барша отандасымызды қуантады. Қазақстандықтар ел ертеңіне нық сенімді. Бұған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында қол жеткізіп отырмыз. Бұл сөзі мен ісінде алшақтық болмайтын біртуар тұлғаның көсемдігі мен көрегендігінің жемісі, экономикасы дамыған, тұрақтылығы мығым Қазақстанның ілгері тартқан көшінің көліктілігі, бағыт-бағдарының айқындығы дер едім. Біз әр жылдан үлкен үміт күтеміз. Ол үмітіміз, шүкір, ақталып та келеді.

Елбасы Жолдауында: «Жаһандық дағдарыстың жалғасуының әсерінен әлемде болып жатқан өзгерістер бізді үрейлендірмейді. Біз оларға дайынбыз. Біздің ендігі міндетіміз – егемендік жылдары қол жеткізгеннің барлығын сақтай отырып, ХХІ ғасырда орнықты дамуды жалғастыру,» – деп атап өте келіп, еліміздің басты мақсаты – 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру екенін жеткізді.

«Біз 140 этнос пен 17 конфессияның өкілдері тұратын елде ішкі саяси тұрақтылық пен ұлттық бірлікті сақтап, нығайттық. Біздің саясатымыз табысты болды… Қазақстан – біздің қасиетті мекеніміз. Кейінгі ұрпақ осынау қастерлі өлкеде өмір сүріп, өркен жаятын болады. Қазақ жеріне тағдырдың жазуымен алуан түрлі ұлт өкілдері қоныс аударды. Біз оларға құшағымызды ашып, қазақы қонақжайлықпен қарсы алдық. Олар біздің елімізде өсіп-өніп, бауырларымызға  айналды. Қазір біз көпұлтты сипаты бар, біртұтас елміз, – деген Елбасының сөзіне нақты дәлел еліміздегі ұлттардың береке-бірлігі, өзара достығының арқасында жеткен табыстарымыздың ортақ Отанымыз – Қазақстанның өсіп-өркендеуіне негіз қалап отырғаны.

Сондай-ақ, Жолдауда білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, инвестиция тарту, бюджет және басқа қоғам дамуының тетіктері сынды мәселелерге ауқымды орын берілген. Бұл болашақ ұрпақтың өмірінің сәулелі болуын қамтамасыз ететін Жолдау екені айдан анық.

Еркін ҚАДЫРҒАЛИЕВ,

Қазақстан халқы Ассамблеясы Атырау облысы

хатшылығының жетекшісі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз