ҰЖЫМҒА СЕРПІЛІС ТУҒЫЗДЫ

Облысқа келген республикалық ақпараттық-насихаттық топ мүшелері еңбек ұжымдарымен кездесуді «Теңізшевройл» ЖШС-нде жалғастырды. Елбасының «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты дәстүрлі Жолдауындағы маңызды мәселелер мен негізгі бағыттар туралы ҚР Энергетика бірінші вице-министрі Ұзақбай Қарабалин, ҚР Әділет министрінің орынбасары Бақытжан Әбдірайым кеңінен түсіндірді. 

Әлемдегі геосаяси қиындықтарға қарамастан, еліміздің бағыт-бағдары саналатын «Қазақстан-2050» стратегиясы қарқынды түрде дамып келеді. Тек жыл басынан бері барлық салаларда өсім байқалады. Бұл Мемлекет басшысының Жолдауында айтылатын басты тапсырмаларды орындау арқылы жүзеге асып отыр десек қателеспейміз. ҚР Энергетика бірінші вице-министрі Ұзақбай Сүлейменұлы баяндағандай, ел экономикасының өркендеуіне Атырау облысының да қосып отырған үлесі қомақты. Аймақта соңғы уақытта шағын және орта бизнес, ауыл шаруашылығында айтарлықтай тың серпіліс байқалады.

– Дүниежүзіндегі өзгерістер ескеріле отырып, келесі жылдың бюджеті қайта қаралды. «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы өзіміздің өндірістік базаны қалыптастыруға мұрындық болды. Бұл ретте жыл басынан бері Атырауда сегіз жоба іске асты. Арнайы экономикалық аймақ тиімділігін көрсете бастады. «ЕХРО-2017» көрмесіне дайындық энергетика секторының экологиялық деңгейін арттырды,-деп жетістіктерді саралаған бірінші вице-министр келешектегі жоспарларға да тоқталды. Атап айтқанда, 2016 жылдан бастап мұнайды тереңдетіп өңдеу, халықаралық стандарттарға сай келетін жанар-жағар май, дизель отыны, әуекеросинін шығару жайы қолға алынбақ.

ҚР Әділет министрінің орынбасары Бақытжан Әбдірайым осы саладағы соңғы өзгерістерге тоқталып, мүлікті жекешелендірудің талаптары мен шарттарын тарқатып айтты.

Кездесуге қатынасқан басқа да мұнай саласындағы кәсіпорын өкілдері өз пікірлерін ортаға салып, Жолдауды қолдайтындықтарын жеткізді.

«Теңізшевройл» ЖШС  менеджері Мырзақуат Қарабалин маңызды құжатта айтылған тапсырмалардың арқасында соңғы жылдары Атырау облысы жақсарып, жасара түскенін айтып өтті. Сондай-ақ, ол атом электр стансасын салу туралы сұрады.

ҚР Энергетика бірінші вице-министрі Ұ.Қарабалин күні бүгінде бұл мәселе әлі түпкілікті шешілмегенін, бірақ болашақта мұндай станса салынып, орны анықталатынын жасырмады. Бұған дейін Ақтауда болған атом электр стансасы қазірде қызметін тоқтатқан.

– Уранды өндіру бойынша біз бірінші орынға шықтық, ал, оның қоры бойынша екінші қатардамыз. Газ қорынан әлемдегі алғашқы жиырманың ішіндеміз. Жыл сайын 100 млн. тонна көмір өндіріп, оның жартысын өзіміз қолдансақ, қалғанын экспорттап жатырмыз. Бізде көмір қоры әлі де 500-600 жылға жетеді. Сондықтан, атом электр стансасын салу дұрыс қабылданған шешім деп санаймын, – деді ол. Кәсіпорын өкілдерінің Атырау-Ақтөбе жолының құрылысы, жылжитын мүлікті тіркеуге қатысты сұрақтарына да нақты жауаптар берілді.

Айбөпе САБЫРОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз