Елімізде зейнетақы тағайындау әдістемесі өзгерді: биыл кім қанша алады?

3135561 Жаңалықтар

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова көпбалалы аналарға мемлекеттен қандай көмек көрсетіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. Министр мемлекеттік қолдау сәби дүниеге келген сәттен бастап көрсетілетінін атап өтті. Ол бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақыдан басталады. 

БЖЗҚ

«Жыл сайын елімізде 400 мың нәресте өмірге келеді. Мәселен, былтыр 391 мың бала дүние есігін ашты. Бірінші, екінші және үшінші бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы 95 950 теңгені құрайды. Отбасында төртінші және одан да көп бала дүниеге келетін болса, бұл жәрдемақының мөлшері 159 мың теңгеге артады», — деді Әбілқасымова үкімет кулуарында.  Ол әлеуметтік жәрдемақының екінші түрі бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты төленетінін айтты. «Ол бір жылға дейін айына орташа 14,5 мыңнан 20,5 мың теңгеге дейін төленеді. Анасы не әкесі жұмыс істеп, олардың атына міндетті медициналық сақтандыру қорына әлеуметтік аударым төленген болса, оларға қордан орташа есеппен 32 мың теңге беріледі», —деп түсіндірді Әбілқасымова.

Министрдің айтуынша, бүгінде елімізде 300 мыңнан астам көп балалы ана зейнетке ерте шыққан. «Материалдық қолдаудан бөлек, бізде көп балалы аналар үшін зейнетке ерте шығу мүмкіндігі қарастырылған (бес және одан да көп баласы барлар — Sputnik). Яғни, олар зейнетке 53 жасында шығу құқығы бар аз санаттардың бірі. Бүгінде 332 мың әйел осы құқықты пайдаланған», — дейді ведомство басшысы. Бұдан бөлек, ол аналардың еңбек құқығы қорғалғанын, яғни жұмыс беруші жүкті әйелдің, үш жасқа дейінгі, сегіз жасқа дейінгі баласын тәрбиелеп отырған жалғызбасты аналардың еңбек шартын бұзуға құқығы жоқ екенін атап өтті.

***

2019 жылы Қазақстанда ең төменгі зейнетақы 52 145 теңгені құраса, ең жоғарғы зейнетақы 116 811 теңгеге жетті. Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап ынтымақты зейнетақы мөлшері 7%-ке өсті. Мәселен, егер былтыр ынтымақты зейнетақы 46 500 теңге болса, биыл оның мөлшері 49 755 теңгеге тең. Сондай-ақ, базалық зейнетақы да 1 қаңтардан 7%-ке артып отыр. «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға сәйкес, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 16 037 теңгені құрайды», — делінген еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Sputnik Қазақстан сайтына берген жауабында. Базалық зейнетақыны қоспағанда, ең төменгі зейнетақы мөлшері – 36 108 теңге. Ал базалық зейнетақымен бірге есептегенде (бұл жерде базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері, яғни 16 037 теңге есепке алынады – Sputnik ескерт.)  – 52 145 теңге.

Ең жоғары зейнетақы мөлшері (базалық зейнетақыны қоспағанда) – 87 113 теңге. Базалық зейнетақымен қоса есептегенде (бұл жерде, керісінше, базалық зейнетақының ең жоғарғы мөлшері, яғни 29 698 теңге есепке алынады – Sputnik ескерт.) – 116 811 теңге. Сіздер білесіздер, 2018 жылдың 1 шілдесіне дейін Қазақстанда базалық зейнетақы барлық зейнеткерге бірдей мөлшерде, яғни 15 274 теңге шамасында төленіп келді. Шілдеден бастап зейнетақының бұл түрін тағайындау әдістемесі өзгерді. Енді оның мөлшері азаматтардың еңбек өтілі мен зейнетақы жүйесіне қатысу ұзақтығына тәуелді.

Егер зейнеткердің еңбек өтілі 10 жыл немесе одан кем, не мүлде болмаса оған ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-і, яғни биыл 16 037 теңге төленеді. 2019 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі – 29 698 теңге. Ал егер еңбек өтілі 10 жылдан асса, онда әрбір жыл үшін тағы 2% қосылып отырады. Мәселен, 11 жыл болса, ең төменгі күнкөріс деңгейінің 56%-і, 12 жыл болса, ең төменгі күнкөріс деңгейінің 58%-і, сөйтіп жалғасып кете береді. Еңбек өтілі 33 жыл немесе одан да көп азаматтарға ең төменгі күнкөріс деңгейінің жоғары мөлшері – 100% немесе 29 698 теңге төленеді.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз