БІРЛЕСКЕН КҮШ-ЖІГЕР ҚАЖЕТ

Елбасының Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауы өзінің жан-жақтылығымен, мақсаты мен міндеттерінің ауқымдылығымен бұрынғыдан да маңызды. Жолдаумен таныс болған кез келген адам Ұлт Көшбасшының іскерлік парасаты мен саяси көрегенділігіне тағы бір мәрте тәнті болады.

 

«Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауы Қазақстанның экономикалық қарқынына жаңа серпіліс берері анық. Әлемнің геосаяси жағдайында дағдарыс туындап, күрделі кезең орнаған уақытта ел экономикасы мен әлеуметтік дамуы жеткен межеде тоқтап қалмай, түрлі кедергілер мен қиындықтарды жеңудің шешімін таба отырып, алға жылжу – Жолдауда көрсетілген басты міндет.

Жаңа Экономикалық саясатқа сәйкес 2015 жылда Қазақстанды орындалуы тиіс үлкен тапсырмалар мен жоспарлар күтіп тұр. Бұл тапсырмаларды Елбасы бес бағыт бойынша анықтады, оның орындалуына Ұлттық қордан қомақты қаржы бөлінгелі отыр. Экономиканың дамуына елеулі үлес қосатын шағын және орта бизнесті, ірі кәсіпкерлікті қолдау мақсатында жеңілдікпен несиелеуді қамтамасыз ету, банк секторын сауықтыру, жаңа инвестициялар тарту үшін тиісті жағдайлар жасау, «ЭКСПО-2017» құрылысын жалғастыру, көлік инфрақұрылымын дамыту – елімізде жақын үшжылдықта жүзеге асырылатын тапсырмалар. Осының аясында арнайы экономикалық аймақтардың инфрақұрылымын дамыту, Астана халықаралық әуежайының жолаушылар өткізгіштік қабілетін жеті миллион адамға дейін арттыру, әсіресе, «Инфрақұрылымдық даму» ең бірінші кезекте орындалуы тиіс жоспарлар ретінде анықталды. Елбасының өзі де еліміздің түкпір-түкпірін Астанамен еш кедергісіз байланыстыру, қауіпсіз әрі жылдам жету мүмкіндігін қамтамасыз етудің маңыздылығын көрсетті. Сол себептен де, «алысты жақын ету – биылғы Жолдаудың ең басты түйіні болмақ».

Бұл ретте Жолдауда көлік-логистикалық, теңіз, индустриальдық, энергетикалық, әлеуметтік, тұрғын үй, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су және жылумен қамтамасыз ету желілері инфрақұрылымдарын дамыту сияқты жеті басым бағыт көрсетілген. Астананы облыстармен, облыстарды бір-бірімен, Қазақстанды жақын шетелмен жалғастыратын негізгі автожолдар жобасын жүзеге асыру елдің ішкі-сыртқы байланыстарын нығайтуға ықпал етеді.

Елбасы биылғы Жолдауында да елді толғандырған мәселелер қатарында білім саласына жете көңіл бөлді. Инфрақұрылымдық даму жоспары бойынша апатты және үш ауысымды мектептер, балабақшалардағы орын жетіспеушілік мәселелерін шешу міндеті қойылды. Алайда, Елбасының өзі айтқандай, үшжылдық бюджетте қарастырылған қаржы бұл проблеманы 2017 жылға дейін шешуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан, Елбасы қосымша 70 млрд. теңге бөлінетіндігін атап айтты.

Он жоғары оқу орны таңдалып, солардың материалдық-техникалық және ғылыми базаларын жетілдіру мақсатына 2017 жылға дейін 10 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлінбек. Ондықтың қатарына мұнай-газ саласы үшін мамандар даярлайтын техникалық жоғары оқу орындары да енгізілді. Бұл берілетін білімнің сапасы мен мамандар даярлаудың жоғарғы деңгейін қамтамасыз етеді. Жолдаудың аталған бағыты мұнай-газ саласы үшін жоғары білімді мамандар даярлайтын Атырау мұнай және газ институтының ұжымы үшін де аса маңызды міндеттер жүктейді. Біз қазір осы Жолдау жүктеген міндеттерге сәйкес іс-шараларымызды айқындаудамыз. Алдағы бағыттарымызды саралап отырмыз.

Жоғарыда көріп отырғанымыздай, бұл жолғы Жолдауында Елбасы елді экономикалық-әлеуметтік дамытуға жұмсалар қаржыны бөлу мәселесін жаңаша қойды. Ел экономикасының тұрақтылығы мен сыртқы қауіп-қатерлер алдындағы орнықтылығын қамтамасыз етуге бағытталған Ұлттық қордан бөлінген аса қомақты қаржыны тиімді жұмсау арқылы барлық саланы тең деңгейде дамытуға болатындығына осы жолы да барлық қазақстандықтардың көзі жетті.

Жаңа Экономикалық саясат Қазақстанды дамудың жарқын жолына бастайды. Елбасының сөзімен айтар болсақ, «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясат – әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына жету жолындағы біздің ауқымды қадамымыз.

Жалпы, 2015 жылы біз үшін дүбірлі жыл болмақ. Алдымызда үлкен белестер мен айтулы оқиғалар күтіп тұр. Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығы, ҚР Конститутциясының қабылданғанына және Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 20 жыл, Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 70 жыл – қазақстандықтардың өміріндегі айтулы даталар ретінде Қазақстан тарихына алтын әріптермен жазылары хақ.

Жолдауда айтылған бағыттар бойынша тапсырмаларды орындауды Елбасы Үкімет пен «Нұр Отан» партиясына және жергілікті басқару органдарына жүктеді. Алайда, Жолдауда көрсетілген Жаңа Экономикалық Саясат Қазақстан халқының бірлескен күшімен ғана жүзеге аспақ. Бұл жолда әркімнің өз міндеті мен атқарар жұмысы, қажетті құралдары мен тетіктері бар. Тек бәріміз жұдырықтай жұмылып, бас қосып еңбек етуіміз қажет.

Дүйсембек ҚҰЛЖАНОВ,

Атырау мұнай және газ институтының

ректоры, профессор, Атырау облыстық

мәслихатының депутаты.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз