«Алашорданың» ізбасары, «Ақ жолдың» мақтанышы

screenshot 20220413 100630 Саясат

ҚҰРМАН БАБА ЕЛІ – ТЕК ӨНЕРЛІ ҰЛ-ҚЫЗДАРЫМЕН ҒАНА ЕМЕС, АТПАЛ ДА ПАРАСАТТЫ, АБЗАЛ АЗАМАТТАРЫМЕН ДЕ БЕЛГІЛІ ӨҢІР. ТАЛАЙ МАРҚАСҚА АЗАМАТТАР ШЫҚҚАН, ЕЛДІҢ ЭКОНОМИКАСЫ МЕН МӘДЕНИЕТІН ӨРГЕ СҮЙРЕГЕН ЖАНДАРМЕН ТАНЫЛҒАН ҚАСИЕТТІ ЖЕР. БҮГІНДЕ ЕЛІМІЗДІҢ НАРЫҚТЫҚ ЖҮЙЕГЕ ӨТУІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ КӘСІПКЕРЛЕР ҚАТАРЫ ДА КҮН САНАП КӨБЕЙЕ ТҮСІП ОТЫР

Солардың қатарында Жасұлан Исмағұлов есімі де жиі аталады. Оның кіндік қаны осы өңірге тамып, өмірде өз жолын қалыптастырып келеді. Жастай жауапкершілік пен қарапайымдылықты, биік адамгершілік пен парасатты ұғынып өсті. Соның нәтижесінде мектеп бітіргесін бірден медициналық училищеге түсіп, елге аса қажетті «тіс технигі» мамандығын иеленуге жұмыстанды. Училищені бітіргесін жолдамамен шалғайдағы Маңғыстау өңіріне аттанып, Жаңаөзен қаласының тұрғындарына қалтқысыз қызмет етуге тырысты. Өз мамандығының қыр-сырына қанықты. Көп кешікпей халық алғысына бөлініп, мамандығының қыр-сырын жетік меңгеріп, абырой биігінен көрінді. Содан кейін елге оралып, Атырау қаласындағы жекеменшік тіс емханаларында жұмыс істеп, бизнеспен айналысты.

Қазір Атыраудағы «Смағұл Дент» және «СМКлиник» стоматологиялық желісі бар. Олар халыққа қалтқысыз қызмет етіп, өңірімізде кенжелеп қалған стоматологиялық қызмет көрсету жүйесін жетілдіріп келеді. Оларда білікті де тәжірибелі мамандар қалыптасып, талай байқауларда топ жарып жүр. Бұл да ұжымның бірлігі мен шеберлігінің өсе түскенін байқатады. Біздің кездескендегі алғашқы сауалымыз партияны таңдаудағы ойын білу болды.

Ол: – «Ақ жол» партиясын көп толғаныстан кейін таңдадым. Оған біріншіден кәсіпкерлерді қолдауы, шағын және орта бизнесті көтеруге атсалысуы болса, ұлттық мүдделерді алға шығаруы жүрегіме өте жақын болды. «Алашорда» партиясының ізбасары болуы мен парламенттегі халықтық көзқарастары да ұнады, – деді.

Бұл да халыққа бүйрегі бұрып тұратын азаматтың жүрекжарды ойы деп бағамдадық. Жасұлан Атырау қалалық мәслихатының VII шақырылымында партиялық тізіммен қалалық мәслихат депутаттығына сайланды. Ол мәслихат сессияларына үзбей қатысып, сайлаушыларды қоғамдық қабылдауда да белсенділік танытып келеді. Оған талай мұқтаж жандар, көп балалы отбасылар келіп көмек сұрайды. Бұл жолда әркез жомарттық танытып, қамқорлығын аяған емес. Сондай-ақ партия қызметіне белсенді араласып, оның Саяси кеңесінің мүшесі болып сайланды. Сайлауалды партия бағдарламасын жүзеге асыру жолында аянбай тер төгіп келеді. Азаматтығымен ел көзіне түсіп, елі үшін жан аямай жүрген жанға айтылар тілекте мол.

– Ол – ел үмітін ақтар сыйлы азамат. Өте қарапайым, қазақы болмысымен халыққа өте жақын жан. Оны көп жылдан бері білемін. Ұйымдастырғыш, сенімді де білікті кәсіпкер. Қай кезде де сенім жүгін арқалай біледі. Бұл – оның өмірлік кредосы, – дейді Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Сәрсенұлы Ерубаев.

Еңбегі де ескерусіз емес. «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан медицинасындағы қолтаңбасы үшін», «Стоматологияға қосқан үлесі үшін» және Қазақстан «Ақ жол» Демократиялық партиясының «Еңбегім еліме» медальдарымен марапатталды. Жаны жайсаң, жүрегі ақ, пейілі кең Жасұлан Смағұлов – өзіне сенім арқалаған атпал азамат. Оның өмір қадамдары осылайша өріліп, биіктерге бастап барады. Өмір белестерінде оған тек сәттіліктер серік болғай!

Әбілхан СЕЙТІМҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз