БАРДЫ БАЙЫППЕН ҰҚСАТАЙЫҚ
ИГЕРІЛМЕГЕН ЖЕР САЛЫҒЫ АРТАДЫ
Өңірлік даму министрі Болат Жәмішевтің баяндамасынан білгеніміздей, түгендеуге жатқызылған ауыл шаруашылығына пайдаланатын жерлердің 90 млн. га жерден 2012 жылы тағы да 30,6 млн. га түгенделген. Биыл да осындай жұмыс көлемі орындалыпты. Атап айтқанда, былтыр анықталған пайдаланылмаған жерлерді қайтару бойынша іс-шаралармен қатар ауыл шаруашылығы белгілеуіндегі тағы да 30,6 млн. га жерді түгендеу басталған.
— Түгендеу 53 әкімшілік ауданда, 6 қалада және 80-нен астам ауылдық округте жұмыстардың барлық кешенін толық аяқтаумен жүргізілуде. Ағымдағы жылдың соңында белгіленген заңнамалық тәртіпке сәйкес шаралар келесі жылы қолданылады,-деген министр түгендеудің алдын ала қорытындылары бойынша хабарлама жасады. «4 440 субъектіде 2 592,8 мың га ауданда жер телімдері пайдаланылмайды, олардың 313 мың гектары егістікті құрайды, 13,3 мың гектары суарылатын жер екен. Түгендеу барысында өткен жылы 7004 шаруашылық субъектісінде 3100,9 мың га пайдаланылмайтын жер анықталған»,- деді ол.
Министрлік басшысы ауыл шаруашылығына жерлерді сапалы және тиімді тарту мақсатында іс-шаралардың кешенді жоспары әзірленіп жатқанын, жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша заңнамаға сәйкес түзетулер ұсынылғанын хабарлады. Заңнамалық деңгейде «пайдаланылмайтын жер» ұғымы нақтыланады. Ауыл шаруашылығы белгілеуіндегі жерлерді тиімді пайдалану мақсатында телімдерін жалдаудың алдында жасалған келісім-шарттарына түзетулер енгізілген. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 93 млн га аумақта түгендеу жүргізу тапсырылған болатын, министр тапсырманың келесі жылы аяқталатынына сендірді. Оның айтуынша, былтыр жеке тұрғын үй құрылысына ұсынылған жер телімдерінен 44031 пайдаланылмайтын учаске анықталған. Мемлекеттік меншікке 1750,5 га аумақтағы 17232 жер телімі қайтарылған. Иесіз мүлік ретінде 815,6 гектардағы 8377 жер телімі есепке қойылған.
Жер телімдерін игермеудің негізгі себебін инженерлік инфрақұрылымның дайын болмауымен байланыстырған министр Б.Жәмішев тапсырмаларды орындамаған аумақтық жер инспекцияларының лауазымды тұлғалары тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеді. Осылайша, 1235 жеке тұлғаға 81,6 млн. теңге көлемінде айыппұл салынған.
Осы орайда Үкімет басшысы соңғы заңнамаға сәйкес инфрақұрылымы тартылмаған аумаққа жер учаскесі берілмейтінін тағы бір мәрте ескертті. Жалпы, аймақтарда бұл бағытта біраз шаруа атқарылғанмен, жекелеген өңірлерде пайдаланылмаған жерлердің тым көптігі сынға алынды. Мысалы, Ақмола облысында кәдеге жаратылмаған жер 1 млн.гектардан асқан. Сондықтан, Үкімет басшысы Серік Ахметов өңір басшылары мен құзырлы министрлікке жүйелі жұмыс істеп, кешенді жоспарды нақтылауды тапсырды. Оның үстіне, игерілмеген жерге салынатын салық мөлшері бес есеге дейін артатынын атап өтті.
«Жер алуға ел бойынша миллиондаған қазақстандық кезекте тұр. Бірақ біреулері алғанмен, оны игермейді. Айналымға тартылған жерлер – бұл экономиканың қосымша резервтері. Жер қатынастары мәселелері бойынша заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу аясында оларды алу және мақсатты пайдалануда бақылау механизмдерін жетілдіру қажет»,-деді ол.
Одан әрі Серік Нығметұлы Астана қаласы маңында 30 шақырымдық аймақта орналасқан барлық ауылдық елді мекендердің елорданың сыртқы келбетіне сай болу керектігін ескертті. Онда проблемалармен қатар үлкен мүмкіндіктер мен әлеует бар екендігін атап айтқан Үкімет басшысы бұл мақсатта да бірқатар тапсырмалар жүктеді. Ал, Өңірлік даму министрлігіне ауыл шаруашылығына пайдаланылатын жерлерді түгендеу бойынша жұмысты келесі жылдың соңына дейін аяқтауды, жерлерді рационалды және тиімді пайдалану жөнінде тапсырма берді.
«АҚ БҰЛАҚ» ҚАЛАЙ ОРЫНДАЛУДА?
Селекторлық кеңесте 2011-2020 жылдарға арналған «Ақ бұлақ» бағдарламасының орындалысы да сөз болды. Оны жүзеге асыру барысы туралы Өңірлік даму министрі Б.Жәмішев, Қоршаған орта және су ресурстары министрі Н.Қаппаров баяндап берді.
Елбасының сын тезіне алынып, талай мәрте қозғалған бағдарламаны іске асыруда түйткілді мәселелер жетіп артылады екен. Болат Жәмішев жерасты су көздерін іздестіру-барлау жұмыстарының артта қалуы «Ақ бұлаққа» кері әсерін тигізетінін жасырмады.
«Өткен жылдары Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі қолға алған 341 ауылды жерасты су қорымен қамтамасыз ету бойынша іздеу-барлау жұмыстары 2013 жылдың соңында аяқталады. Осыған байланысты, бағдарламаға өзгерістер енгізілді және жүзеге асырудың екінші кезеңіне жүктеме артқан соң мақсаттық индикаторлар азайтылды»,-деді министр. Оның айтуына қарағанда, ағымдағы жылы жерасты су қорын анықтау жұмысы 216 аумақта қолға алынған, ал бұл жоспар бойынша 480 ауданда жүргізілуі тиіс.
Сондай-ақ, Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі қолға алған топтық су құбырларының құрылысын салу және оны қалпына келтіру де кешіктіріліп жатқан көрінеді. Осыған байланысты бағдарламаны іске асыру үшін министрлік алдымен ірі елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз етуді ұсынды. Сөйтіп, тұйық сумен қамту көздері барынша көп тұрғындарды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, шағын елді мекендер үшін типтік жобаны жасап, соны кеңінен қолдануға болады. Ал, су қорын анықтау бойынша жұмыстардың күрделілігіне байланысты іздеу-барлау жұмыстарын жергілікті атқарушы билікке беру мәселесі қарастырылуда.
Өңірлік даму министрі «Ауыз су» бағдарламасын іске асыруға жауапты тұлғаларды тиімсіз жұмыс жүргізгені үшін жауапкершілікке тартуға ұсыныс жасады.
Оның айтуынша, министрлік бастапқыда үш жылдың ішінде аяқталуға жоспарланған «Ауыз су» бағдарламасының тоқтап қалған нысандарына мониторинг жүргізіп жатыр екен. «Өткен жылдың басында мұндай нысандардың саны 196-ны құрады. Былтырдың өзінде 108 нысан пайдалануға берілді. Биылғы 1 қыркүйектегі жағдайға қарағанда, 10 нысан пайдалануға берілді»,-деді Б.Жәмішев.
Министрдің сөзіне сүйенсек, бағдарлама бойынша әлі 78 нысан іске қосылмаған. Атап айтқанда, Ақмола облысында 20 нысанның ішінде тек екеуі, Атырау облысында 12-сінің екеуі ғана пайдалануға берілген. Сол себепті де бағдарламаны орындамағандарды жауапқа тартуға ұсыныс жасады.
Үкімет басшысы Серік Ахметов айтқандай, республика бойынша 153 село әлі күнге өндірістік суды қолданып отыр. Сондықтан, кезек күттірмей бұл іске кірісу қажет.
Бейнебайланыс арқылы селекторлық кеңеске қатысып отырған Атырау облысы әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов жоспарға сай тапсырмалар уақтылы орындалатынын жеткізді. Айтуынша, 2011-2012 жылдары аймақтағы ауылдарды ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша 29 нысанды салу жоспарланған болатын. «Өкінішке қарай, сол кезде аталған нысандардың 20-сы бір мердігерге, тағы 9 жоба екіншісіне берілді. Өткен жылы осы іске жауапты азаматтар қылмыстық жазаға тартылған. Сол себепті ауыз су нысандары жөніндегі барлық құжаттар тергеуде болды. Ал, нақты жұмыстар тек ағымдағы жылдың маусым айында ғана басталды. Соған байланысты биыл біз 14 нысанды қолға алсақ, қалған 15-сі келер жылға қалып отыр», — деді Б.Ізмұхамбетов.
Қала халқын ауыз сумен қамтамасыз ету саласында да шешілмей жатқан мәселелер бар. Шаһардағы №5 және №2 сүзгілеу стансаларын қаржыландыруда шаруалар толық аяқталмаған. Мұндай келелі проблемалардың орын алуын аймақ басшысы бас жоспардың болмауы мен қылмыстық істермен байланыстырды.
Осы орайда Премьер-министр өзінің бірінші орынбасары Б.Сағынтаевқа Атырау облысына қатысты барлық мәселелерді сараптап шығуды тапсырды. «Экономика және бюджеттік жоспарлау, сондай-ақ Өңірлік даму министрліктерімен бірлесе отырып, өңірдің қазіргі жағдайын тағы бір мәрте сараптап, келесі жылы өзекті деген мәселелерді шешу қажет. Қазіргі кезде қылмыстық тергеуге байланысты көптеген жобалар тұрып қалды. Сондықтан, Атырауға көмектесу керек», — деді С.Ахметов. Үкімет басшысы барлық ұсыныстарды 1 желтоқсанға дейін енгізуді жүктеді.
Сондай-ақ, ол «Ақ бұлақ» бағдарламасына бөлінген қазына қаражатын жымқыру фактілерінің жиілеп кеткенін де жасырмады. «Нарықта жаңа технологиялар көп. Соны пайдаланып судың сапасын реттеу қажет. Жобалау-сметалық құжаттарды дайындауда кемшіліктер жетіп артылады»,-деген ол аталмыш бағдарламаға қатысты 26 қылмыстық іс қозғалғанын, прокурорлық араласумен 120 акт болғанын атап өтті. Сол себепті мониторингті күшейтуді тапсырған Серік Нығметұлы тарифке қатысты мәселелерге тоқталды.
СЕЛЕКТОРЛЫҚ КЕҢЕСТЕН СОҢ…
Аймақ басшысы Б.Ізмұхамбетов жиында айтылған тапсырмалардың орынды екенін, тіпті облыс бойынша қажетті анықтамалардың уақтылы дайындалмауын сынға алды. Құзырлы басқарма басшыларына жер телімдері мен «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша толық мәлімет беруді тапсырды. Ал, қала әкімі С.Айдарбековке жобалау-сметалық құжаттарға байланысты ескерту жасады.
«Көптеген елді мекендерде далалық жерге де жұртшылық малын жая алмайды. Жерді алып-сату кеңінен етек жайған. «Ауру қалса да, әдет қалмайды» демекші, кейбіреулер соны дағдыға айналдырған. Жер атаңнан қалған сый емес. Оны алып-сату бізде әлі тыйылмай отыр», — деген Бақтықожа Салахатдинұлы Елбасының тапсырмасына сай тиісті ұйымдар жер телімдерін беру, оны пайдалану мәселелеріне ерекше ден қою керектігін тапсырды. Егістік көлемін де ұлғайтуға жұмыстану керектігін, келеңсіздіктер кездескен кезде істі бірден қаржы полициясына жолдайтынын да ескертті.
Айбөпе САБЫРОВА.
Суретті түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.