Назарбаев мектебіндегі бір күн

білім Білім

«Елбасының мектебінде оқу, онда жұмыс жасау – үлкен жауапкершілік. Ортада өзіңді ұстауыңа да мән беруің керек», – дейді мектептің жас зияткері Нұрсұлтан Жаңабай.

Атырауда ашылғанына үш жыл толған мектеп түлектерінің бәрі Нұрсұлтандай сөйлеп тұрған, білімге құштар жастар екен.

Жаңа заманның жаңаша мектебіне бас сұққанда ерекше лепті бірден сезіндім. Кең сарайдай білім ордасында бәрі үйлесім тауыпты. Шетел тілі кабинеттері, зертханалар компьютерлермен жабдықталған. Оқушылар демалып отыратын арнайы орын да бар. Оқу орнының ішкі атмосферасы білімге құштар жасты өзіне магнитше тартып тұрғандай. Өмір бойы оқи бергің келеді.

%d0%b1%d1%96%d0%bb%d1%96%d0%bc

Әр балаға – бір компьютер

 Назарбаев Зияткерлік мектебіндегі жастардың өз мақсаттары бар. Қайсысымен сөйлессең де, арман қуып, оқуға түскендерін байқайсың. Бірі инженер болуды армандаса, келесісі мұнайшы, биотехнолог, бағдарламашы болғысы келеді. Ауылдан келіп оқитын оқушыларға арналып жатақхана салынған. Мектептің жанында орналасқан жатақханаға бас сұқпай кете алмадық.

Кірген бойда жайнап-жарқырап тұрған бөлмелер қаладағы қонақ үйлер секілді. Әрқайсысында ылғалды өлшейтін құ-   ралға дейін ілінген. Сабаққа шығып бара жатқан Сабыржан есімді оқушыны жолықтырдым. Ол мектепке Құлсары қаласынан келіпті. Айта кетейік, мұндағы оқушылардың бәрі – «Өркен» шәкіртақысының иегері. Сондықтан, Сабыржан Жанас бізбен әңгімесінде бүкіл мектеп формасы, әскери киімдер, сахналық костюмдер, төрт мезгіл тамақ та оқушыларға тегін берілетінін айтып отыр. «132 орындық жатақхананың әр бөлмесінде төрт оқушыдан орналасқанбыз. Жеке компьютеріміз бар. Интернет те қолжетімді», – дейді ол.

Сабыржанның досы Нұрсұлтан Жаңабай Атырау қаласындағы №30 мектеп-гимназиясын бітіріп, биыл зияткерлер қатарына қабылданған. Жетінші сынып оқушысы  болашақта радиотехника мен роботтехниканы меңгерген ғалым болуды мақсат етеді. Қазірдің өзінде бес робот машина жасап қойыпты. Бірі радиобасқару құралы арқылы жүрсе, қалғандары тетік арқылы жұмыс жасайды. Ол төл туындысын алдағы күндері күрделендіріп, үй қызметімен айналысатын робот ретінде пайдаға асыруды көздейді.

%d0%b1%d1%96%d0%bb%d1%96%d0%bc2

«Елбасы сабаққа кіріп келді…»

Жеті мен 12-сынып аралығында оқитын алты жүздің үстінде оқушының әр салаға бейімін бірден байқадық. Оқу орнында 300 қызметкер болса, олардың ішінде 150 мұғалім оларға сабақ береді. Оның 25-і педагог-модератор атағын иеленген. Мектепте халықаралық ұстаздар да жұмыс жасайды. Шетел мемлекеттерінде қырыққа жуық оқушы эллективті курстардан өтуде.

«Елбасы есімімен аталатын мектептегі жұмыс – ел көлемін-дегі қызмет.  Айта кетейік, аталмыш оқу орны биыл Халықаралық мектептер кеңесіне енді. Ал, келесі жылы ол халықаралық статусты алады», – дейді зияткерлік мектеп директоры Айдарбек Айтпөкешев.

Мектеп басшысы жаңа білім беру жүйесімен танысу үшін Елбасының өзі өңірлерді аралап, мұғалімдермен, оқушылармен кездесіп, пікірлерін тыңдағанын айтады. «Өйткені, қатып қалған кеңестік білім жүйесін бұзып, тәуелсіз елдің дербес білім бағдарламасын жасақтау оңай болмаған еді. Көпшіліктің пікірі бойынша, ілім-ғылыммен қатар, ұлттық дәстүрді де баланың санасына сіңіру қалыс қалмады» – дейді ол.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әр облысқа сапары барысында әңгімелесіп, пікірін тыңдаған сәтін атыраулық зияткерлердің бас ұстазы былай әңгімеледі: «Жиырма жылға жуық уақыт ұстаздық етіп келемін. 2005 жылы ғана  Астана қаласында алғаш рет Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен «Жаңашыл ұстаздар форумы» аясында кездескен болатынмын. Ұлт Көшбасшысының бізге жауапкершілік артуы ісімізге деген сүйіспенші-лігімізді жоғарылатты. Сенім берді. Ол кезде Батыс Қазақстан облысындағы педагогикалық шеберлік орталығының директоры едім.

Бір кабинетте мұғалімдермен қалыпты жұмысымызды атқарып жатқан кезде Мемлекет басшысы сабаққа қатысатынын білмедік. Бірақ, Нұрсұлтан Әбішұлы сабағымызға кіріп келгенде аңтарылып тұрып қалдық. Президенттің жұмысымызды қарап отырғаны қызық болды. Дара тұлғалардың жанында қаншалықты өзіңді еркін ұстағың келгенімен, басқаша толқыныс білінеді. Осыны сезгендей, Нұрсұлтан Әбішұлы жанымызға жақындап, әр мұғалімнің қолынан ұстап, бағдарламаның педагогқа қаншалықты көмегі барын сұрап, емен-жарқын әңгімелесті».

Міне, дербес білім беру жүйесі осылай қалыптасты. Қазір жалпы мектептерге бірінші сыныптардан бастап, біртіндеп енуде. Ал, республикада аталған жүйемен пилоттық негізде жұмыс жасайтын отыз мектеп болса, соның екеуі –  Атырауда (Исатай ауданындағы Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектеп пен Атырау қаласындағы №17 мектеп-лицейі).

20 минут кітап оқиды

Мектептің кітапхана меңгерушісі Айдана Демешевамен де тілдестік.  Оның айтуынша, мұнда 25 мыңға жуық кітап қоры бар. Оқырманды тіркеу рәсімі электронды түрде жүзеге асады. Кітапханаға барған сәтімде бір күнде 45 оқушы тіркеліпті. «Көпшілігі әуелі шетелдік кино көреді де, кейін кітабын салыстырып оқиды. Оқырмандар клубы жұмыс жасайды. Тұңғыш Президент күніне орай буккроссинг акциясын өткізуді ұйғардық. Оныншы желтоқсанда «Ашық есік»  күні өтеді. Айтпақшы, әр аптаның бейсенбісінде 20 минут кітап оқу науқаны ұйымдастырылады. Онда ұстаздар мен оқушылар «100 таңдаулы кітап» жобасынан бір кітапты таңдап алады» – дейді кітапхана меңгерушісі.

Кітап қорында көбінесе түрлі энциклопедиялар, анықтамалықтар, сөздіктер ұсынылған. Елбасының төл туындыларына арнайы бұрыш жасақталған. Оқырмандарға ыңғайлы болу үшін кітаптардың электронды қоры да бар.

Бұл жерге оқушылар сабақ арасындағы бос уақытында келеді. Он бірінші сынып оқушысы Эльвира Игламовамен кітапхана алдында кездестік. Үш тілді еркін меңгерген ол ендігі кезекте француз бен қытай тілін үйренгісі келеді. «Елімізде дамымай тұрған биотехнология саласына үлес қосқым келеді. Сол себепті, белгілі бір ғылымды тиісті деңгейде білу үшін тіл білгеннің артықтығы жоқ» – дейді ол.

%d0%b1%d1%96%d0%bb%d1%96%d0%bc3

«Ата жолын қуған озар»

Мектеп президенті Қуаныш Жалғасбаевты да осы маңнан жолықтырдым.  Қуаныштың тілшілер қауымына деген құрметін бірден байқадық. Танысқанымыз сол еді, сөзімді іліп алып, өзінің болашақтағы ой-армандарымен бөлісті.

– 2014 жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлымен кездестім. Ол кезде жетінші сыныпта оқимын. Мемлекет басшысының алдына оқушылар атынан сөз сөйлеу – үлкен жауапкершілік қой. Ойымды жақсы жеткізе білсем керек, Елбасы риза болып, қол соқты. Халық қалаулысынан бата алуым сол, 9 сыныпта мектеп президенті атандым. Білім ордасы да – шағын мемлекет. Ұлт Көшбасшысының сарабдал саясатын басшылыққа алып, қазір қоғамдық жұмысқа араласып жүрмін. Ата-анамның жұмыс барысымен шетелдерде тұрдық. Бірінші сыныпта Қазақстан-Американ университеті жанындағы мектепке бардым. Кейін АҚШ-та тұрдық. Бастауыш сыныпты сол елде оқысам, кейін №13 ұлттық гимназиясында жалғастырдым. Шетелде алған тәрбиені әлі күнге қолданып келемін», – дейді Қуаныш.

Нұргүл Ысмағұлова

Елбасының атап айтқаны…

«Зияткерлік мектепте оқып жатқан балалар біліктілігі жоғары мамандар болып, ел игілігіне қызмет етулері үшін жақсы білім алулары тиіс. Оқушылардың бойындағы қа-білетті аша білуіміз керек.

Табысқа қол жеткізіп, дамыған 30 елдің қатарына кіру үшін Қазақстанның экономикасы жылына кем дегенде 4%-ға  өсіп отыруы тиіс. Мұндайда басты мақсатқа қол жеткізу үшін экономиканы ғана емес, мәдениетті, әлеуметтік саланы, білімді, медицинаны дамытып отыру қажет. «Мәңгілік ел» болу – ата-бабамыздың арманы. Бұл арманды бабаларымыз көктасқа қашап жазып кеткен. Бүгін біз ең өскен, өнген, өрелі елдердің қатарына қосылуды мақсат тұтып отырмыз».

6 ақпан, 2014 жыл.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз