ҚАЗАҚСТАН МЕН ҰЛЫБРИТАНИЯ СЕНІМДІ СЕРІКТЕСТЕРГЕ АЙНАЛДЫ

Мұнайлы өлке мен Ұлыбритания арасындағы сауда-саттық бағытындағы қарым-қатынас нығая түспек. Бұл туралы аймақ басшысының Ұлыбританиядан келген ресми өкілдермен кездесуі барысында айтылды.

Екі елдің түрлі сала бойынша халықаралық байланысы тиімділігін көрсетуде. Әсіресе, облыстағы қатынастың қалыпты жолға қойылуы бірлесіп жұмыс істеуге жол ашпақ. Мәселен, Ұлыбританияның Премьер-министрі Дэвид Кэмеронның Атырауға арнайы келіп, маңызды жобаның іске қосылу салтанатына қатысуы – сөзімізге дәлел.

Мәртебелі меймандарға «қош келдіңіздер!» айтқан облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов сол кезде де қос тарапқа тиімді бірқатар мемлекетаралық құжаттарға қол қойылғанына тоқталды:
– Әсіресе, экономикалық байланысты нығайтуға арналған аймақтағы іскер топ британдық әріптестермен келісімге келді. Кездесу соның жалғасы болатынына сенімдімін,-деді ол.
Жалпы, екі жақ басшылығы қатысқан жиында индустрия, жаңа технология жайы сөз болды. Айта кетелік, өткен жылдың өзінде Атырау мен Ұлыбритания арасындағы өзара сауда-саттық көлемі 593,7 млн.АҚШ долларына жеткен. Екі елдің серіктестері мен әріптестері импорт және экспорт алмасуға ерекше назар аударуда. Ал, күні бүгінде мұнайлы өлкеде үлес капиталымен тұманды Альбион елінің 65 компаниясы жұмыс жасауда.

Айбөпе МҰРАТҚЫЗЫ.
Суретті түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз