Науқасты жылы сөзімен емдейді

02196cc68d28393a0601fb75271b3488 Медицина

Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратовтың айтуынша, Елордада денсаулық сақтау саласына айрықша маңыз беріліп отыр.

– Бас қаланың медицинасы денсаулық сақтау жүйесіндегі жетекші буынға айналды. Нұр-Сұлтандағы ауруханалар мен бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының қызметі жоғары талаптарға жауап береді. Жеке клиникалар да қарқынды дамуда, – деді басқарма басшысы.

Жуырда индерлік Орынбасар Сарғожиев Елордада анасының жүрегіне ота жасатып келген екен. Оның айтуынша, Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың қызметі жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Қажетті құжаттарды жинақтау барысында да ешқандай қиындықтар болмапты.

– Аталған орталықтың мамандары өте сыпайы, науқастардың қайсысының да көңілін тауып, жылы сөзімен емдейді екен, – дейді Бимұханова Нағима ана.

Ал, Махамбет ауданының тұрғыны Сайран Асанова Елордадағы Ұлттық ғылыми ана мен бала денсаулығы орталығы туралы пікірін білдірді.

– Орталықтың аты затына сай екен. Сараптама қорытындысы шыққанда профессорлар жиналып, талқылап, ортақ шешімге келеді, – дейді кішкентай сәбиін квота арқылы емдетіп келген С.Асанова.

Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов келешекте бірнеше бағыт бойынша жұмыстар жалғасатынын айтып отыр.

 – Жылдан жылға Елордада туу көрсеткіші жоғарылап келеді. Биыл 250 орындық жаңа перзентхананың жобасы аяқталуда. Оның құрылысы келесі жылы басталады. Қай өңірді алып қарасақ та басты мәселелердің бірі – кадр мәселесі.

Барлық жастың медицина саласын таңдай бермейтіні белгілі. Дегенмен осы саланы қалағандарға жан-жақты көмек көрсетілуі маңызды. Мемлекет дәрігердің мәртебесін биіктету мақсатында кешенді жұмыстар жасап жатыр. Мысалы былтыр алғаш рет медицина мекемелерінің 287 түлегі Нұрсұлтан қаласы әкімінің гранты бойынша резидентура бағдарламасына түсті, – деді қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратұлы.

Қазір Нұрсұлтан қаласында медицина саласына байланысты жаңа жобалар жүзеге асып жатыр. Бұрын халық шипа алу немесе ота жасату үшін көршілес Ресейге немесе шетелге барса, енді оған қажеттілік жоқ. Мықты дәрігерлер күрделі оталарды да Елордада жасауда.

Сөзсіз, бұл Тәуелсіздік жылдарында жаңарған Елорданың жарқын бір қыры ғана. Бұдан да өзге жаңашыл жобалар жүзеге асып, халық денсаулығының жақсаруына жағдай жасап келе жатқанының кепілі. Жаңарып, жасарған бас қаланың үздік қырлары мен тың дүниелері атыраулықтардың да игілігіне жарасын дейміз.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз