ҚАРЖЫ УАҚТЫЛЫ ИГЕРІЛУІ ТИІС
— Жарты жылдың аяқталуына да он шақты күн қалды. Бюджеттің игерілуі бізде 80,9 пайызға жетті. Өткен жиналыста бірқатар кемшіліктердің беті ашылды. Сол уақыттан бері небары 10 пайызға артып отырмыз ба? Мұндай жайбасарлықпен жүре берсек, тек 90 пайызға ғана жетеміз,-деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев.
Жасалған нақты жұмыстар бойынша баяндаған аймақ басшысының орынбасары Айгүл Әжіғалиева бүгінгі күні өңірде 13 млрд. теңгенің игерілмей қалғанын атап айтты. Мұның басты себебін ол «Жол картасы» аясында жобалық-сметалық құжаттардың дайын болмауы мен құрылыс қарқынының бәсеңдеуімен түсіндірді. Басқармаларды айтпағанның өзінде, аудандардың көрсеткіші де ойдағыдай болмай отыр. Селекторлық кеңеске бейнебайланыс арқылы қатынасқан аудан басшылары мәселенің мәнісін түсіндірді.
Мәселен, Құрманғазы ауданы бүгінде бюджетті тек 78,6 пайызға игерген. Дегенмен мамандар жоспарланған 98,6 пайызға уақытында жетеміз деп уәделерін берді. Байқағанымыздай, барлық дерлік аудандарға ортақ мәселе – білім саласы бойынша арнайы кабинеттер жабдықтауға қатысты болды. Индер, Мақат, Махамбет, Жылыой, Исатай аудандарында да жағдай осы тектес. Ең төменгі көрсеткіш Қызылқоға ауданында байқалып отыр. Тағы бір айта кетер жайт, кейбір аудандарда мердігер компаниялар өздеріне тиесілі шаруаларын атқармай отырған көрінеді.
Осы орайда Ғұмар Ислямұлы бұл бағыттағы жұмыстарды күн сайын бақылап отыруға нақты тапсырма берді.
— Уақытымыз шектеулі. Жұмысты босатып алмай, іске кірісейік. Үкіметте өтетін жиында облысымыз төменгі қатардан көрсе, ол бәріміз үшін сын — деп ескертті ол.
Айбөпе САБЫРОВА.