Алдан СМАЙЛ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: ҚЫДЫР БАБА МЕН ҰМАЙ АНА ҚАСИЕТІ

Наурыз бен оның тарихы жайында айтқанда, алдымен, Қыдыр баба және Ұмай ана жайлы сөз қозғауға тиіспіз. Қыдыр – адам баласын өзара жарастырушы, алыс-жақынды табыстырушы киелі тұлға. Ұмай ана – түркі тектестердің Хауа анадан соңғы ұлы анасы, әйел мен баланың пірі, мейірім - шапағат шуағын шашқан күн дидарлы әулиесі. Міне, осы екі әулие Наурыз күні алдында және той күні балабақшалардағы бүлдіршіндер мен төменгі сыныптардағы жеткіншектерге сыйлық үлестірсе, баталарын беріп, игі тілек білдірсе, ұлттың ұлы мейрамы – Наурыз мейрамының тарихы мен ерекшеліктері жайлы әңгімелеп берсе, құба-құп емес пе?!

Бұл алдағы уақытта дәстүрге айналса, бала жүрегіне Қыдыр бабасының киесі, Ұмай анасының мейірім шуағы дарымай ма?

Аталған мереке жайлы ән аз, түрлі деңгейдегі сахнаға арналған театрландырылған көріністер де тапшы. Соны ескере отырып, балабақшалар, орта және жоғары оқу орындары үшін наурыз тақырыбына, оның тарихы мен бүгінгі мәніне, бауырмалдық пен кешірімділік идеяларына негізделген шағын мерекелік-музыкалық сахналық қойылымдар дайындау қажет. Наурыз тағылымының бір әсерлі тұсы осы. Мәдениет және спорт министрлігі, облыстардың мәдениет басқармалары қаламгерлер мен композиторларға арнайы тапсырма беру арқылы бұл мәселені оңтайлы шеше алар еді.

Наурыз – Ұлттық мереке ғана емес, ұлттық болмыс, ұлттық дәстүр, ұлттық мінез, өмір деп аталатын, адамдардың ғұмырларымен өлшенетін, біреу арқылы қайта лаулайтын көл-көсір дүниеге, адамзат пен жаратылысқа деген тарихи көзқарас. Оны жас ұрпақтың тәліміне және ұлттық құндылығына айналдыру – біздің баршамыздың парызымыз.

 

Жазып алған:  Рита  ӨТЕУҒАЛИ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз