«Дүрбелеңде дүние төң­керілгендей болды…»

2022 01 25 2022 01 09 2020 02 12 crop 19 6 645x968 111129305500 Жаңалықтар

Қаралы қаңтарда қайран жұртымыз астан-кестең бола жаздады. Дүрбелеңде дүние төң­керіліп, қаншама азаматымыз құр­бан бол­ды, боздақтарымыз қыршын кетті. 

Тірші­лік­­тің тұрлаусыз, бақтың баянсыз, достың опасыз, дүниенің де жалған еке­нін көрдік. Осы оқиға көкейімізде көп жайтты түюге, оңаша қалып жүрегімізге бойлап, ар ал­дын­да арылуға, сабақ алып, сабаға түсуге сеп емес пе?

Кісілік кілтіне талпынған данышпан Лев Толстой кезінде шіркеу тарапынан тыйым салынған «Исповедь/Тәубе» деп аталатын әйгілі еңбегінде «Біз адамзаттың иігілігі үшін мейлінше жиі-жиі айтуға, тез-тез жазуға, толассыз басып тарата беруге тиіспіз деген нық сенімде болдық. Баршамыз жалықпастан жазып жариялап, басқаларды үнемі үйретумен болдық. Бірақ өзіміздің ештеңені білмейтінімізді аңғара алмадық, қарапайым ғана жақсылық пен жамандықтың айырмасын ұқпасақ та, басқаларды дамылсыз үйретумен болдық… Мың сан жұмысшы біздің жазған сан миллион сөздерімізді күн-түн демей соңғы күшін сарп етіп баспаханаларда жедел терді, басты, жариялады, пошталар тасымалдап таратты, біз кідіріссіз жойқын үйретуді жалғастыра бердік, үнемі үйретумен болдық, бірақ баршаны толық үйретуге сонда да үлгермей  қалдық, со­дан кейін ақырында бізді бұлар аз тыңдайды деп ашуға булығып, қапаландық», деп жазған екен. Кемеңгердің бұл пайымы бүгінгі халімізді айна-қатесіз баяндап тұрғандай. Қазір бізге тіпті қағаз да, әріп теруші, типография, пошташы да қажет емес, алақандағы смартфоныңа ойыңа не кел­се соны жазасың да, жалпақ жаһанға бір мезет­те тарата саласың. Әлбетте әрі қарай толас­сыз үйрете бересің, үздіксіз жазасың, арасында үй­рену­шілерді кінәлап қойып, жалықпай жалғастырасың.

Рас, баршамыз жазарманға айналдық. Қолымыз пернетақтаға тие қалса, үндеу тастаймыз, жолдау жазамыз, оған қолдауды қосақ­тай­мыз, ұранды ұранға ұластырамыз. Әйтеуір әлеужеліні көбік сөзге, көпірме лебізге лезде толтыра саламыз. Бұрын сөз шіркін ем болса, енді желге айналды. Қаламға серт берген қауым­ның қалың дүрмектің ішінде қадірі кетіп, құты қашқан­­дай. Сөздің киесі, пайым-қисын­ның жүйесі сеті­негендей. Осын­дай халге тап келсек те, бірі­мізді біріміз тыңдамайтын, тіпті оқымайтын, оқы­сақ та селт етпейтін бойкүйездікке душар болсақ та, әйтеуір жазудан жалықпайтын, айтудан айнымайтын тежеусіздікке бой алдырдық.

Қаңтар қасіретінен кейін де бір сәт сабамызға түсіп, сабыр мен тәубеге келе алдық па? Жоқ, баршамыз айғайға сүрең қосып, жын соққандай, қырқын мінсе, қыр аса алмайтын қысыр сөзді сапырып отырған жоқпыз ба? «Өнер алды – қызыл тіл» деп, бар қазынадан асыл сөзді ардақты санайтын, «жақсы сөз – жарым ырыс» деп лебізін құтқа балайтын баталы жұрттың  ұрпағы аталы сөзге құлақ аспайтын бейдауа күйге неге түсті? Бір сәт те іркілмей  баршамыз қарасөзді қара құ­йын­дай ұйытқытып отырмыз. Мұндайда сөзге салық салынбайтыны қандай жақсы.

Жазарманның жауапкершілік жүгін сезін­бей, өлермендікпен, өршелене жаза түсе­міз. Барлық сала бойынша сұңғыла сарап­шы, майталман маманбыз. Біреуі­міз білетінімізді дәлелдеу үшін, енді біріміз масаттанып мақтану, кейбіріміз бі­реуді мақтау яки даттау үшін, келесіміз жағыну, жара­м­сақтану үшін жазып жатырмыз. Арада отқа май құйып отыр­ғандар да жеткілікті. Мерейтой­лық мақа­лаларда тіпті есеп жоқ. Сонда жан дүниеміз­дің қалауына көңіл бө­­ліп, түпкі қалпымызға оралып, ізгілікті іздеуге қашан бет бұра­мыз? Ал ақиқатты айқайлап, аласұрып іздемес болар. Бір сәт жүрек түк­­пі­ріне үңіліп, ар іліміне жүгініп көрсек…

Бізге отыз жыл бұрын арылу, сананы сауықтыру қажет еді негізі. Арыла алмадық. Сондықтан сөзіміз бен ісіміз үйлеспей, ақиқат­тан алшақтап, шынайы адамдық бол­мы­сымызға көлеңке түсті. Абайдың асыл қа­сиетін жиі дәріптесек те, ішкі сарайымыз мұнтаздай бо­лып жайнап тұрмаған соң, өнеге­сін өзегімізге дарыта алмадық. Не керек, тәубеміз жүректің ішін­де емес, еріннің ұшында болды. Дана бабамыз «Бойдағы мінді санасам, тау тасынан аз емес. Жүрегімді бай­қасам, инедейін таза емес» деп парасат мұ­нарасы­нан ізгілікпен үн қатады. Шын мәніс­інде, сөздің киесі ғана емес, кісілік кел­бетіміз, адамгершілік алтын арқауымызға ақау түсіп, рухани нәріміз солғын тартса,  құнды­лықтарымыз құлдыраса, бұған кінәліні сырттан іздемеу керек. Әсіресе сөзіміз тозып, тосаң тартса, соған сөздің тұтқасын ұстаған жазармандар, соның ішінде алдымен біз өзіміз кінәлі емеспіз бе? Бәлкім шындық пен алдаспан ақиқатты дер кезінде айта алмай кібіртіктеп қалғандықтан сөзімізде салмақ, бәтуамызда байлам қалмай абдырап отырған болармыз?

Толстой ақиқаттың мәнін із­деп, арылып, тіршіліктің тұрлау­сыз екенін ұғынып, тәубеге келген кітабын «оянып кеттім» деп аяқтаған екен. Бізге де өткеннен сабақ алып, ар алдында арылатын,  ұжданымызды тазартып, тәубеге келетін мезгіл жеткен сияқты. Өліара шақта өткенге салауат айтып, өкпе-ренішіміз болса кешісіп, үлкеніміз бен кішіміз, жүміле жұр­тымыз бір сәт оңаша ойланып, жаппай ары­луды бастан кешсе, ұлағатты ұлтымыздың сіл­кініп қайта түлері хақ. Бұл ретте арылу, тәубе ету – кешірім сұрап, ақиқатпен беттесу ғана емес, сол қателікті екінші рет қайталамауға серттесу екенін де қаперде ұстаған жөн…

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз