ЖҰТАР АУАМЫЗ ЖҰПАР БОЛСА…

Жаһандану үдерісінің экономикалық сын-қатерлерді төндіруіне байланысты оның алдын алуға, болдырмауға ұмтылумен бірге дамуды жеделдету – өмір талабы. Сол себепті бәрі екшеліп, тұжырымдалған «100 нақты қадам» жөніндегі стратегиялық бағдарламаны айқын мақсаттың өрелі белгісі деп түсінуге болады.

 

Айта кетерлігі, әрине, оған жету – оңай емес. Мұны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та қайта-қайта қаперлеп келеді. Өмірде ойлаған мақсатқа жетудің жолы сайрап жатуы мүмкін емес. Ол бірден бола салмайды. Олай болса, Мемлекет басшысының бастамаларына жұдырықтай жұмылып, ауқымды міндеттерді шешудегі белсенділік бәрімізге ауадай қажет.

Экономикалық, әлеуметтік, саяси реформалар халықтан ұйысуды, еңбексүйгіштікті, адалдықты сөзсіз талап етеді. «100 нақты қадаммен» жете танысқан адам осыны аңғарары шүбәсіз. Бұл ретте кім-кімге де бір орында тұрып қалуға болмайды. Мемлекет басшысы ұсынған қадамдарды басты нысанға алып, алға ұмтылған абзал. Әйтпесе, әлемдегі экономикалық, саяси күрделене түскен бәсекелестікте көштің соңында қалуымыз әбден мүмкін.

Ұлт Жоспарындағы әрбір меже Отанның, біздің және ұрпағымыздың тағдыры, болашағымыздың негізі болып табылады. Осы орайда мені ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалануға қатысты қадам бейжай қалдырмады. Елбасы 36-қадамында жер телімдерін мақсатты пайдалану түрін өзгертуге рұқсат алу рәсімдерін жеңілдету, ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалануға тұрақты түрде мониторинг жүргізу, барлық пайдаланылмай жатқан жерді алдағы уақытта жекешелендіру үшін мемлекеттік қорға беруді тапсырды. Сондай-ақ, 75-қадамда пайдалы қазбалардың барлық түрлері үшін үздік әлемдік тәжірибені пайдалана отырып, келісімдер жасасудың оңтайландырылған әдісін енгізуді міндеттеді.

Ендігі уақытта еліміздің Жер кодексіне және басқа заң актілеріне уақыт үніне сай өзгерістер енгізіледі. Жер телімдеріне рұқсат алу рәсімдері жеңілдейді. Пайдаланылмай жатқан алқаптар мемлекет қорына алынады.

 Пайдалы қазбалардың барлық түрлері үшін үздік әлемдік тәжірибелер қолданылады. Осы тұрғыда жер байлығы саналатын топырақтың құнарлылығын сақтауда да ауқымды жұмыс жүзеге асатыны анық. Бұл ретте айта кету керек, аймақта мұнай өндіруші кәсіпорындар мұнай қалдықтарымен, оның төгінділерімен топырақты ластауда. Бүгінде табиғат пайдаланушылар жерді пайдалану кезінде топырақтың тозуына, құнарлылығының төмендеуіне жол берген дәйектер аз емес. Өткен жылы қоршаған ортаға залалын тигізген 16 мұнай төгіндісі анықталды. Биыл мұнай төгіндісімен қоршаған ортаны ластаушы кәсіпорындар қатарында «Норт Каспиан Оперейтинг Компани» және «Теңізшевройл» ЖШС-тері, «Қазтрансойл» АҚ Батыс филиалы сияқты бірқатар кәсіпорындар бар. Оларға белгіленген заң шеңберінде айыппұл салынып, төленіп жатыр. Алайда, ластанған топырақтың орнын құнарлы топырақпен толтыру жағы кемшін екені рас. Бұл ретте экологтар кәсіпорындарды ұдайы тексере алмайды. Кәсіп иелерін тексеруге мораторий жарияланғалы ластанған жер топырағының қалыпқа келгенін немесе келмегенін көбінесе анықтай алмай жатамыз. Осы орайда Елбасының бес реформасын іске асыратын «100 қадам» бағдарламасы мәселенің кілтін қолға ұстатқандай болды.

Ендігі уақытта пайдалы қазбалардың барлық түрлері үшін үздік әлемдік тәжірибені пайдалана отырып, келісімдер жасасудың оңтайландырылған әдісі енгізілмек. Ластанған топырақты қалпына келтіру мақсатында топырақты тазарту және рекультивациялау технологиясын жасау үшін қаншалықты мұнай қалдықтарымен ластануын, құрамын дәл анықтау қажет. Мұнай қалдықтарының топырақтың құрамына әсерін білу мақсатында химиялық және физика-химиялық талдаулар пайдаланылады. Осы секілді тәжірибелердің әлемдік стандарттағы түрлерінің бірі нақты бекітілсе, ластанған топырақты қалыпқа келтіруде, жалпы пайдалы қазбаларды сақтаудың оңтайлы әдісі пайда болады. Сондай-ақ, қоршаған ортаны пайдалануда эмиссияларға рұқсат алудың тәртібі де нақты жүйеге қойылар еді. Дәлірек айтқанда, еліміздің Экологиялық кодексінің талаптары бойынша табиғат пайдаланушыларға қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат алуы міндеттелген. Алайда, бүгінде бірқатар меншік иелері бұл заңдылықты сақтамайды.

Жылжымалы көздерден туындайтын ластағыш заттардың шығарындыларын қоспағанда, қоршаған ортаға эмиссияларды экологиялық рұқсатсыз жүзеге асыруға тыйым салынады. Өз меншiгiнде өндiрiстiк объектiлерi бар табиғат пайдаланушылар қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат алу үшiн әрбiр нысанның орналасқан жері бойынша өтiнiм беруі тиіс. Бірақ, заңды құлаққа ілмеген меншік иелері ақыр соңында айыппұл төлеп, сан соқтырып жатады.

Тізе берсек, табиғатты қорғауда орын алған кемшіліктер анықталып,  шарасы алынуда. Ал, мұның бәрін болдырмауда Елбасы «100 нақты» қадамында әр тапсырманы нақтылап берді. Осының бәрі Жер-ананы, табиғатты қорғау, демек, ертеңімізді қорғауға бағытталып отыр.

Ал, Мәңгілік Ел дегеніміз – жалпыға ортақ еңбек қоғамы, еңбексіз игілік келмейтінін ұғыну, жас ұрпаққа ұтымды тәрбие мен білім беру, халықтың бірлігі мен ұғыныстығы, өз мемлекетінің әрбір қадамын қуаттауы деген сөз. «Қазақстан – 2050» стратегиясына апарар бағытты жан-жақты бекемдеген Ұлт Жоспары бізді соған шақырады. Олай болса, әр қадамды жүзеге асыру  уақыт күттірмейді.

Ербол ҚУАНОВ,

Атырау облысы бойынша экология департаментінің басшысы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз