НАҚТЫ ТАПСЫРМАДАН ТИІСТІ НӘТИЖЕ КҮТІЛЕДІ

Премьер-министр Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен селекторлық режімдегі Үкімет отырысында биылғы жылдың астық жинау науқаны қорытындыланды. Сондай-ақ, Елбасының кеңейтілген отырыстағы тапсырмаларына сәйкес жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Кеңеске бейнебайланыс арқылы Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қатысты.

alogo1223333334Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтің айтуынша, қазіргі таңда елімізде 15,6 млн. гектардан астам алқаптың астығы жиналған. Бұл астық жинау алқабының 99,3 пайызын құрайды. Сөйтіп, бүгінде оның әр гектарынан 13,3 центнер түсімділікпен бастапқы салмағында 20,8 млн. тонна астық бастырылды. Жүгеріні қос¬-қанда енді 114,6 мың гектар дәнді дақылды жинау қалып отыр. Астық жинау кезінде сол¬түстік өңірде жиі жауын-шашын болғандықтан, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында жұмыстар әлі де жалғасуда, оған қоса биыл астықты өңдеу және кептіру бойынша жұмыс көлемі артқан. «Егін жинау жұмыстарын ұйымдасқан түрде өткізу үшін Үкімет пен Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан тиісті шаралар қабылданды. Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыруға «КазАгро» холдингі бюджеттік несие қара¬жатынан ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге 53,2 млрд. теңге бөлді. Бұдан басқа, саланы қолдауға 39 млрд. теңге шамасында субсидия бөлінді» деді министр. Ауыл шаруашылығы тауарлары өндірушілерді жанар-жағармай материалдарымен және өзге де материалдық-техникалық ресурс¬тармен қамтамасыз ету мәселелері шешілген.
Күзгі дала жұмыстарына бір литріне шамамен 91 теңгеге тұрақты баға бо¬йынша 410 мың тонна дизель отыны бөлініпті, бұл нарық бағасынан 10 пайызға төмен. Бұдан басқа, астықты кептіруді ұйымдастыру үшін қосымша 41,8 мың тонна дизель отыны бөлініпті.

ТОЗЫҒЫ ЖЕТКЕН ТЕХНИКА ЖҰМЫСҚА КЕДЕРГІ

А.Мамытбеков биыл ауа райы күрделі болғандықтан, бірқатар жүйелі қиындықтар да кезіккенін атап өтті. Мәселен, техниканың жетіспеушілігі, олардың тозуы және нормалы мерзімнен артық пайдаланылуы сынды мәселелер жұмысқа «тұсау». Атап айтсақ, тракторлар мен комбайндардың жаңартылу деңгейі республика бойынша орта есеппен тиісінше 1,2 пайыз және 2,3 пайызды құрайды, ал Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар облыстарында бұл көрсеткіш бұдан да төмен. Республика бойынша тракторлар мен дәнсепкіштердің 92 пайы¬зы, комбайндардың 73 пайызы 2003 жылға дейін шығарылғандар. «Осының салдарынан маусымдық дала жұмыстарын, атап айтқанда, егін себу және жинауды дер уақытында және сапалы жүр¬гізу сақталмайды, бұл өз кезегінде түсім¬ділікке және өнімдерді өндіру көле¬міне кері әсерін тигізеді» деді министр.

СУБСИДИЯЛАУ ДҰРЫС ЖҮРГІЗІЛМЕЙ ОТЫР

– Биылғы жылдан бастап техникалық қайта жарақтандыру мақсатында ауыл шаруашылығы техникасының лизингін субсидиялау бойынша бағдарлама бас¬талды, алайда ол ауыл шаруашылығы техникасы өндірісінің нашар ақпарат¬¬тандырылуының және басқа да себеп¬тердің салдарынан тек 17 пайыз ғана игерілді, – деді Ауыл шаруашылығы министрі. 2014 жылдан 2016 жылға дейін Кеден одағының аясында Қазақстан үшін жылына 300 комбайн жеткізуге импорттық квота енгізіліпті. Бұл ретте жартыжылдықтың қорытындысы бойынша квотаның 70 пайыздан астамын алған жағдайда оны көбейтуге мүмкіндік беріледі. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар көрсетілген квотаны алу мақсатында комбайндарды жеткізушілер, лизингтік компаниялар, қаржы институттары мен аграршылар арасында тығыз ынтымақтастықты қамтамасыз ету қажет, деді министр. Жалпы алғанда, машина-трактор паркін жоғары өнімділікті және қуатты жаңа техникамен жаңарту жөніндегі жұмыстарды күшейту керек, бұл ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің ауа райының жағдайына кіріптарлығын болдырмауға мүмкіндік береді.
Министр өз баяндамасында ағым¬дағы жылы Қазақстан астық және астық эквивалентіндегі ұнды экспорт-тауды арттырғанын да жеткізді. А.Мамыт¬бековтің хабарлауынша, 1 шілдеден бастап астық эквивалентіндегі ұнды қоса есептегенде 2,8 млн. тонна астық экспортталған.

НАН БАҒАСЫ ТҰРАҚТЫ БОЛУЫ ТИІС

Премьер-министр С.Ахметов егін науқанына қатысты жұмыстарды қоры¬тындылай келе, Ауыл шаруашылығы министрлігінен жыл сайын тұрақты мөлшерде өнім алуды талап етті. «Жалпы айтқанда, өнім аз алынған жоқ. Әрине, астық жинау кезінде ауа райы да елеулі әсер етеді. Тек соңғы үш жылды алып қарағанда, дәнді дақылдардың жалпы түсімі 14 пен 27 млн. тонна аралығында ауытқып отырған. Сондықтан Ауыл шаруашылығы министрлігіне аграрлық институттармен бірлесе отырып, жаңа технологиялар енгізу керек. Оның нәтижесі ауа райының қандай болғанына қарамастан, тұрақты мөлшерде өнім алу болуы тиіс», деді С.Ахметов. Оның айтуынша, егіс алқаптарын дамыту баяу жүргізілуде. Сондай-ақ, Үкімет басшысы АШМ-ға «ҚазАгромен» және облыс әкімдерімен бірлесе отырып, жиналған өнімді сақтауға, одан әрі өз елімізде және шетелдерде сатуға шаралар қолдану қажеттігін тапсырды. Сонымен қатар, ол мал шаруашылығын азық-түлікпен, жемшөппен қамтамасыз етуге тапсырма берді. Сондай-ақ, облыс әкімдеріне ұн мен әлеуметтік нанның бағасын жіті бақылауда ұстап отыру қажеттігін тағы да бір еске салды.

ЖОЛ ҚАУІПСІЗДІГІНЕ ҚАТАҢДЫҚ ҚАЖЕТ

Үкімет отырысының күн тәртібіндегі келесі мәселе жол қозғалысының қауіпсіздігі жайында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов баяндады. Ол елдегі автожолдардағы апаттылықты қысқарту мақсатында Қазақстан ІІМ жол-көлік оқиғаларын топографиялық талдау жасауды енгізуді жоспарлап отырғанына тоқталды. Бұдан өзге, ведомство басшысы қала сыртындағы жолдарды бақылайтын бөлімшелердің саны 500 бірлікке арттырылғанын атап өтті. Сонымен қатар, 1 қарашадан бастап облыс орталықтарында және ірі қалаларда жол-патрульдік полициясының бірік¬¬ті¬рілген бөлімшелері қызметке кірісіпті. Негізі, бұл жолдарда, көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда тәртіпті қамтамасыз етудің жаңа формасы мен тәсілі болып табылады, деді министр.
Қ.Қасымовтың мәліметіне сүйенсек, енді мас жүргізушілерге 500 АЕК-ке дейінгі көлемде айыппұл салынады немесе 300 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылады, не болмаса 6 айға дейінгі мерзімге қамауға алынады. Сондай-ақ, ведомство полиция қызметкерлерінің мобильдік алкотестерлерді қолдануын енгізуге мүдделі. Бұл қызмет орнынан кетпей-ақ, мас күйінде автокөлік жүргізетін жүргізушілерді жедел анықтауға және осындай тұлғаларды куәландыруды өткізуге жұмсалатын уақытты айтар¬лықтай азайтуға мүмкіндік береді, деді министр.
Заң бұзушылықтардың жеті құрамы бойынша айыппұлдық ықпал ету шаралары арттырылуда екен. Мәселен, жылдамдықты 10-20 км/сағ арттыру айыппұлы 5 АЕК-тен 10 АЕК-ке дейін арттырылады. Сондай-ақ, жаңартылған құжатта барлық заң бұзушылықтар бойынша жүргізу куәлігінен алты айға айыруды енгізу ұсынылуда, бұрын оларға үшінші рет қайталанған жағдайда ғана айыппұл қарастырылған болатын. Бұдан өзге, қарсы бағыттағы жолға шыққаны және жылдамдықты 40 км/сағ астамға арттырғаны үшін бұрын айыппұл салынса, енді автокөлікті жүргізу құқығынан айыру жазасы күтіп тұр. Заңға сәйкес қарсы жолға шығуға 15 АЕК айыппұл, ал жаңа заң бойынша бір жылға жүргізу куәлігінен айыру қарастырылған. Үкімет отырысында бұл мәселе бойынша Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау және Көлік және коммуникация министрлері де қосымша баяндап, жол-көлік оқиғасын азайтуға қатысты өз салаларында атқарылып жатқан жұмыстар жайында есеп берді.

ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ЖОЛ БЕРІЛМЕУІ КЕРЕК

Премьер-министр С.Ахметов көлік қозғалысы саласында заңнаманы күшейту кейін жол-патрульдік қызме-тінде жемқорлықтың артуына алып келуі мүмкіндігін ескертіп, оның алдын алу бағытында да тиісті шаралар орындалып, жұмыстар атқарылуы керектігін баса айтты. Бұл ретте Қ.Қасымов тех¬никалық қадағалауға баса назар ауда¬рылатындығын алға тартты. Үкімет басшысы жүргізушілер куәлігінен айырылмау үшін жол инспекторына кез келген ақша көлемін ұсынуға дайын болатындығын сөз етіп, «атап айтқанда, жол-көлік оқиғаларын қысқарту үшін заңнаманы күшейту бір мәселе. Ал, жемқорлыққа қарсы тұру қалай іске асырылады? Оны да естен шығармау керек. Өйткені, жол-патрульдік қызметкері тарапынан жемқорлық белгілері арта түсуі ықтимал», деді. Үкімет басшысы Ішкі істер министрлігіне бұл мәселеге орай тиісті ұсыныстар енгізуді тапсырды. Сөзінің қорытындысында Елбасы берген нақты тапсырмалардан тиісті нәтиже күтілетінін тағы бір еске салды.

ҮКІМЕТ ҮЙІНДЕГІ СЕЛЕКТОРЛЫҚ КЕҢЕСТЕН СОҢ…

Аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов құзырлы орган мен сала мамандарына өңірдегі жағдайдың да мәз еместігін айтып, бұл бағыттағы шаруаларды қатайту керектігін ескертті. Әсіресе, профилактикалық шараларды күшейту, білім ошақтарындағы жасөспірімдерге түсіндіру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.
«Бейнекамераның да көмегі бар. Бірақ, жаяу жүргіншілер жолағы болмаса да, жұрт жолдан өте береді. Сондықтан жолақшаларды жөнге келтіру керек», – деді Бақтықожа Салахатдинұлы.
Облыс басшысы мұнайлы өлкеде келесі жылы өте маңызды форум өтетінін айтты . Ресейдің Екатеринбург қаласында өткен форумда Астрахан облысының губернаторымен келісе отырып, Елбасының шешімімен Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы ХІ форум Атырауда ұйымдастырылатыны белгілі болған. Ендеше, маңызды шараға әзірлік жұмыстары бастау алды.

Динара БІТІКОВА,
Айбөпе САБЫРОВА,
Суретті түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз