«БІЛІП АЙТҚАН СӨЗГЕ ҚҰН ЖЕТПЕЙДІ»

немесе, мемлекеттік қызметшілердің сөйлеу мәдениеті қандай?
Мемлекеттік мәртебесі бар қазақ тілін меңгеру, сол тілде сөйлеу, жазу, іс жүргізу, еларалық қатынастарды орнатудың өмірлік қажеттігін әрбір қазақ азаматы, оның ішінде мемлекеттік қызметші терең сезінуі қажет. Сондықтан да Атырау облысы әкімі аппаратының Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау, біліктілігін арттыру және тілдерді оқыту өңірлік орталығында мемлекеттік қызметшілердің ана тілімізге деген сүйіспеншілігі мен құрметін, құлшынысын арттыру мақсатында қайта даярлау курстарында бағдарламаға сәйкес «Сөз мәдениеті», «Жариялы сөйлеудің технологиясы» оқытылса, тілдерді оқыту бөлімінде «Жергілікті және өзге ұлт өкілдеріне арналған қазақ тілі», «Кәсіби қазақ тілі (салалық)», «Мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізу және оның стандарттары», «Сөйлеу мәдениеті және іскерлік қарым-қатынас» курстары енгізілген.

Адамдардың қарым-қатынасы сәтті болуы үшін тек қана тілді, оның грамматикасы мен сөздік қорын жақсы біліп қою жеткіліксіз. Ол үшін пікірлесуші адамның көзқарасын өзіне аударып, баурап алу, іскерлік-ресми әңгімеге қатыса білуі үшін, ақырында шаршы топта еркін сөйлей білу үшін әр сөзіңді орынды үйлестіре білуге үйрену аса қажет.
«Адам мәдениетінің алғышарты – дұрыс сөйлей білу. Дұрыс сөйлей білмеген адам күлдіремін деп күйдіреді, сүйіндіремін деп сүріндіреді, білдіремін деп бүлдіреді, қуантам деп қуартады, келтірем деп кетіреді, емірентемін деп езілтеді, жұбатам деп жылатады. Сөйтіп, тілін білмеген түбін білмейді» деп Ғабит Мүсірепов айтқандай, сөз мағынасын терең түсіну, оның астарын ашу, жүйелі сөйлеуге үйрету – басты парызымыз деп санаймын. «Сөйлеу мәдениеті және іскерлік қарым-қатынас» курсы туралы кеңінен мәлімет бергім келеді. Бұл курстың мақсаты – шешендік өнердің алуан сипаттарын, тарихын, шешендік сөздің түрлері мен ерекшеліктерін, іскерлік қарым-қатынас әдебін, іскер маманның тыңдау білігін, сөйлеу өнерін жете меңгеруге, шаршы топ алдында сөз сөйлеу мәдениетін, ресми-іскерлік қарым-қатынаста өзін ұстай білуге, шешендік өнер қағидаларын меңгеруге көмектесу.
«Біліп айтқан сөзге құн жетпейді, тауып айтқан сөзге шын жетпейді. Өзің білмесең, білгендерден үйрен, Үйренгеннен ештеңең кетпейді» деп Төле бидің, болмаса «Қол бастау қиын емес, Көк найзалы ерің болса. Жол бастау қиын емес, Соңына ерген елің болса. Бәрінен де сөз бастау қиын. Тауып айтсаң, мереке қылады, Тауып айтпасаң, келеке қылады» деп Досбол шешен айтқандай, шаршы топ алдында сөз бастау, ортаны өзіңе қаратып игеріп кету оңай емес екендігін көріп жүрміз.
А.П.Чехов айтқандай: «Зиялы адамның татымсыз да нашар сөйлеуі – сауатсыз адамның оқи, жаза алмауымен бірдей». Демек, мемлекеттік қызметші мен оқытушының арасында сөйлеу мәдениеті мен іскери-шешендік тіл өнерін игерту барысында сенімді қарым-қатынастың қалыптасуын талап етеді. Ол үшін оқытушы – тек ақпарат көзі ғана емес, мемлекеттік қызметшілердің қажетті материалдарды іздеп тауып, саралап іс жүзінде, мамандығына сай пайдалануға үйретуші маман болуы қажет. Сондықтан, бұл курсқа дәріс беретін оқытушының жауапкершілігі жоғары, ғылым жаңалықтарынан хабары бар, өзінің біліктілігін үздіксіз жетілдіріп, үнемі ізденісте болуы қажет.
Инновациялық әдістердің ең негізгілерінің бірі – «Интерактивті оқыту әдісі». Интерактивті деген сөзге түсінік бере кетсек, inter – өзара, бір – бірімен, act – әрекет ету, яғни әңгімелесу, пікірлесу, диалог ұғымында қолданылады. Бұл тәсілді қолдану тыңдарманмен бірге, оқытушының да біліктілігін арттырады. Ең басты артықшылықтары мынадан көрінеді: ақпараттың көлемі, игеру тереңдігі, материалды қабылдау, оқытуды бақылау, оқытудың мотивтік ерекшелігі, бағалау. Интерактивті тәсілдің қазір қолданылып жүрген когнитивтік (ұжымдық ойлау), эксперименттік (жеке тәжірибе), рөлдік (ойын), фасилитация (реалдылық) сияқты төрт бағыты бар. Ең негізгі қағидасы – педагогикалық қарым-қатынас пен қарым-қатынас диалогы арқылы тілді дамыту. Сабақты түрлендіріп, мазмұнын байытып, әрбір өткен сабақты нақты би-шешендердің шешендік сөздерімен, аңыздармен жүйелеп түсіндіріп, сол арқылы қазақ тілінің сөздік қорының бай екендігіне, оның дыбысталуындағы әуезділігіне, құдіреттілігіне көздерін жеткіземін. Оқытудың төмендегідей талаптары бар: оқылым – тақырып бойынша шешендік сөздерді оқып, мағынасын түсінуі; тілдесім – берілген сұраққа толық жауап беруге, бірін-бірі толықтыруға; айтылым – белгілі бағыт бойынша диалог пен монолог түрінде тілдесу, байланыстырып сөйлеуге үйренеді; жазылым – сауаттылыққа, жүйелілікке; тыңдалым – бейнетаспа немесе аудиотаспа материалдарын игеру болып табылады. Қорыта келгенде, оқытудың интерактивті тәсілдері ақпаратты тиімді игеруге жағдай жасап қана қоймайды, сондай-ақ тіл үйренушілердің техникалық мәдениет дағдысын қалыптастырады, терең меңгертудің мүмкіндігін туғызады, іскерлік пен дағдыны саналы меңгертуге қатысады, бастысы оқу үдерісінде берік ұстаным мен тілді игерудің тәсілі болып табылады.
Тыңдаушылар практикалық дәріс үстінде мультимедиалық проектор, электрондық оқулықтар, интерактивті тақта, электрондық қалта сөздіктерін қолданып, компьютермен жеке тапсырмалар алып, бірлескен топтық, ұжымдық жұмыс жүргізеді.
Тіл үйренуде мультимедиалық, коммуникативтік, интерактивті – диалогтік, модульдік, психологиялық дамыта оқыту әдістері пайдаланылады.
Оқытуды ойын түрінде ұйымдастыру және мамандыққа қатысты сюжеттік-рөлдік, іскерлік ойындар, пікірталастар, «дөңгелек үстел», мәтін бойынша сұхбат, тренингтер («Танысу», «Шаттық шеңберінде», «Жүректен жүрекке»), блиц-турнир сұрақтарын өткізіп отыру тыңдаушылар белсенділігін арттырады. Оқытушы бұл әдіс-тәсілдерді қолдануда мемлекеттік қызметшілердің мәтіндерді талдай білуіне, еркін көзқарасын білдіріп, пікірін қысылмай ашық айтуға, берілген тапсырмалардың, жағдаяттардың (ситуация) нақты шешімін тауып, іс-әрекетке өз бағасын беруіне үнемі көңіл бөліп отырғанда ғана сабақ өз мақсатына жете алады.
Сабақ барысында тыңдаушылар интернет арқылы өзіне қажетті мәліметті сол сағатта ала алады. Интернет (ғаламтор) – адамзаттың ақпараттық технология саласындағы жетістіктерінің бірі екендігіне әрі өздері керекті уақытында қолдана алатындығына көз жеткізеді. Қосымша материалдар іздейді, алынған материалдарды саралайды, талдайды. Мысалы, «Телефонмен сөйлесе білеміз бе?» тақырыбында телефонмен сөйлесу мәдениетін меңгерумен қатар, оның шығу тарихымен таныса отырып, сабақ соңында тыңдаушыларға «Ұялы телефон, оның пайдасы мен зияны қандай?», «Күнделікті өміріңізде Сіз үшін телефон қандай рөл атқарады?» тақырыбында пікірталас ұйымдастырдым. Тыңдаушылар үш топқа бөлінді. Оның біріншісі – жақтаушы, екіншісі – даттаушы, үшіншісі – сарапшылар. Оларды жинақтап, қорғауға уақыт беріледі. Әрі интернет желісі арқылы ұялы телефон жайында ақпарат пайдалана алады. Пікірталас қызу өтті. Әр топ өздерінің пікірлерін нақты өмірден мысалдар келтіре дәлелдеп отырды.
Сабақта интерактивті тақтаны пайдаланудың да атқаратын рөлі зор. Өтіліп отырған тақырыпты құлағымен естіп, көзімен көріп, әрі сауатты жазуға үйренеді. Мысалы, тақырыпқа сай «Мақалды дұрыс қолдан» ойыны арқылы мақал-мәтелдің тақырыбын түсініп, оны өмірдегі жағдайларда қолдану кезінде мәтін құрау тапсырылады. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген мақалды алар болсақ, тыңдаушы әуелі мағынасын айтып, мәнін ашып, соған сай мәтін құрайды.
Электрондық оқулықтың да тыңдармандардың тілін дамытуда тигізер пайдасы мол. Шапшаң әрі дұрыс жауап беруді қажет етеді. Берілген тапсырманы оқиды және орындайды, қайталайды, т.б. жұмыстар жүргізіледі. Уақыт тиімді пайдаланылады.
Шешендік сөздерді рөлге бөліп оқыту да – тиімді әдістердің бірі. Сол арқылы сөйлеу мәдениеті мен ой-өрісі, тілі дамиды, дүниетанымы жетіледі, түсінігі молаяды. Сөйлеп тұрған өзін шешенге, батырға, кейіпкерге теңейді және кейіпкердің жақсы мінез-құлқын, адамгершілік қасиеттерін бойларына сіңіріп отырады деп есептеймін.
Өңірлік орталықта жалпы арнайы курстармен қатар, семинарларда да осындай бағытта дәрістер оқу тұрақты жолға қойылған. Ондағы басты мақсат – мемлекеттік қызметшілердің көпшілік алдында сөйлей білуімен бірге мінез-құлық этикасында маңызды болып табылатын: біріншіден, ішкі мәдениет ережелерін (еңбекке қатынас, тәртіп сақтау, қоғамдық игіліктерді қорғау, әріптестерге деген достық сезім), екіншіден, сыртқы мәдениет ережелерін (сыпайылық, әдептілік, жақсы манер және үйлесімді сыртқы пішін, яғни тазалық, дене, киім, аяқ киім тазалығы, артық сәндік заттар мен косметиканың болмауы т.б.) сақтау туралы да кеңінен қамтылып айтылады. Алдағы уақытта да бұл үрдіс жалғасын таба бермек.

Марина МҰҒАУИНА,
Атырау облысы әкімі аппаратының Мемлекеттік қызметшілерді
қайта даярлау,
біліктілігін арттыру және тілдерді оқыту өңірлік орталығының қайта даярлау бөлімінің меңгерушісі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз