БІЗДІҢ ДАМУЫМЫЗДЫҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ

Саясат

alogo1223333334Доктрина – біздің басты құжатымыз, партия конституциясы. Ендігі кезекте оның әрбір мүшесі «партияның идеологиясы қандай? Өз жұмыстарыңызда қандай құндылықтарды басшылыққа аласыздар? Мемлекеттің адам өміріндегі рөлі қандай? Жетілген азаматтық қоғам дегеніміз не?» деген сияқты халықты толғандыратын қарапайым сұрақтарға жауап бере алатын болады.
Осыған байланысты, Қазақстанның жаңа тарихындағы тұңғыш саяси Доктринада біз негізгі құндылықтарды пысықтадық. Сондай құндылықтарға адамның абыройы мен амандығы, еркіндігі, бірлік, әділдігі, Заңның ұлықтылығы, отбасы мен дәстүр, болашаққа ұмтылысы жатады. Олар Доктринада әрбір адамға анық, түсінікті тілде көрсетілген.
Әсіресе, бәсекеге қабілетті тұлғаны және интеллектуалды ұлтты қалыптастыру Доктринаның негізгі басымдығы болып табылады.
Партия жан-жақты дамыған және бәсекеге қабілетті, елдің масштабты жаңаруына қатысатын тұлғаны қалыптастыруды қолдайды. Қазақстан қол жеткізуге ұмтылатын «Ақылды экономика» инфрақұрылымы, білім және жоғары технология экономикасы азаматтардан білімге, ғылымға және инновацияларға жаңа қарым-қатынасын талап етеді.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде де ауқымды шаралар жүзеге асырылып жатыр. Біздің университет – ҚР жоғары оқу орындары Ассоциациясының, Каспий жағалауы мемлекеттерінің университеттері Халықаралық Ассоциациясының және әлемнің классикалық университеттері Ұлы Хартиясының мүшесі (Болонья, 2010 жыл).
Университет халықаралық қатынасты жетілдіру және оны іс жүзінде орындауға белсенділік танытуда. Әсіресе, біздің жоғары оқу орнының оқытушылары мен студенттері халықаралық ынтымақтастық тұрғысынан академиялық ұтқырлыққа ерекше мән беріп келеді. Университет шетелдердің көптеген жоғары оқу орындары және ғылыми орталықтарымен ынтымақтастық байланысты бір жүйеге келтірді. Атап айтқанда, Ресей, Ұлыбритания, Финляндия, Әзірбайжан, Польша, Венгрия, Украина, Латвия секілді елдердің ЖОО-мен, ғылыми орталықтарымен халықаралық ынтымақтастық туралы келісім-шартқа қол қойылды. Еліміздегі әр іргелі жоғары оқу орындарымен де тығыз байланыс орната білдік.
Университеттің халықаралық байланысы жоғары оқу орындарының әлемдік рейтингін көтеруге, әлемдік білім кеңістігі мен ғылым қауымдастығына кіруге бағытталған. Университетте «Thomson Reuters», «Science Online», «Springer», «Scopus», «Elsiver» базаларына тегін қолжетімділік қамтамасыз етілген. Erasmus Mundus атты оқу және ғылым бағдарламалары меңгерілуде.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашақ» бағдарламасы аясында 2012 жылы жас ғалымдар тобы Швейцариядағы «Монтре Бизнес мектебі» ғылыми орталығынан ғылыми тағылымдамадан өтіп келді. Сондай-ақ, әлемдік «G-Global» коммуникативті ғаламтор алаңы құрылғаннан бері 1 миллионнан астам адам қатынаста, ал ғаламтор алаңында әлемнің 150 елінен 30 мың тұрақты қатынасушы бар екен. Оның қатарында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті оқытушылары мен студенттері әлемдік деңгейдегі ғылыми жетістіктерді, мәселелерді белсенділікпен талқылап келеді. «Адамдық капиталды дамыту» ғаламтор порталындағы адам ресурстарын дамыту факторы тарауына және білім беру деңгейін көтеру проблемаларына белсенді қатынасып отырады. Себебі, бүгінгі таңда қоғамның экономикалық және ғылыми-техникалық мүмкіндігі емес, тек қана адамдық фактор гуманистік идеалдарды кеңінен таратуға мүмкіндік береді.
Қазіргі кезде оқытушылардың келесі бір тобы тілдік және ғылыми тағылымдамадан өту мақсатында Ұлыбританияның Нортхэмптон университетінде іс-тәжірибеден өтуде.
Әлемдік «Болон» үдерісінің міндетті өлшемдерін және «Үш тұғырлы тіл» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бағытында аталған университетте 2012 жылдан бастап көп тілді білім беруді дамытуға сәйкес толыққанды жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, біздің университет негізгі мамандықтар бойынша көп тілді мамандар дайындайтын Қазақстандағы жиырма жоғары оқу орындарының қатарына енді. Бұл бағытта аймақтың қажеттілігін ескере отырып, химия, экология, туризм, экономика, физика, математика, информатика, қаржы сынды сегіз мамандық таңдап алынды.
Халықаралық көлемде интеграциялану мақсатында алдыңғы қатарлы технологияны меңгеру және достық байланысты бекіте түсу үшін біздің университетіміз базасында Ресей ғылымы мен мәдениетінің орталығы ашылды. Ал, Элиста қаласындағы Қалмақ мемлекеттік университетінде Қазақ мәдениеті мен ғылымының орталығы ашылған болатын. Осындай орталықты Астрахан қаласынан да ашу жоспарлануда.
Терең білім, кәсіби алғырлық, жоғары біліктілік ұлттық мүддеге қызмет етпесе, ел алдындағы парыз ұғымына сүйенбесе, рухани құндылықтарға негізделмесе, жасампаз күшке айнала алмайды. Бүгінгі білім беру саласында тәрбие мен білімді әр қырынан дамыта отырып, оқыту және білім алушыны интеллектуалды түрде дамыту жолдары негізге алынады.
Интеллектуалды ұлт қалыптастыру факторларының бірі – отбасындағы бала тәрбиесі. Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілері анық. Жақсы тәрбие алу, тәртіптілік, салт-дәстүрімізге деген құрмет, Отанымызға сүйіспеншілік әркімнің отбасынан басталады. Елбасы Жарлығымен Қазақстанда тұңғыш рет «Отбасы күні» мерекесінің жариялануы – мемлекет отбасынан басталатынын және біздің қоғамда ең басты отбасылық құндылықтардың маңыздылығына назар аударып отырғанының көрінісі. Балабақшада, мектеп, жоғары оқу орнында, сол отбасында алған тәрбие – бізге сенімді арқау, пәрменді күш. Сондықтан, Доктринада қоғам мен мемлекеттің беріктігі отбасы тұтастығына және дәстүрге негізделген отбасы құндылықтарын нығайтуға тікелей байланысты екендігі айқын көрсетілген.
Партия Доктринада айтылған жеті басымдылық бойынша, басқа да қоғам мен мемлекеттің маңызды мәселелері мен проблемалары бойынша өз ұстанымын анық және берік көрсетуді қолдайды. «Нұр Отан» партиясы саяси жүйедегі басымды позициясын өзінің бәсекеге қабілеттігін көтере білгенде және «Қазақстан – 2050» стратегиясының жаңа саяси бағытының негізінде, партия Доктринасының негізгі қағидалары мен басымдылықтарына сәйкес тұрақты дамыған жағдайда сақтай алады.

Бейбіт МАМРАЕВ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор,
«Нұр Отан» партиясы доктринасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған