БОЛАШАҚҚА ДЕГЕН СЕНІМДЕ ШЕК ЖОҚ

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жарғақ құлағы жастыққа тиместен әлемді шарлап, олардың елбасшыларының озық тәжірибелерін зерттеп, зердесіне түюдің арқасында Қазақстанның Туын бұрын-соңды болмаған биікке көтеріп, миллиондаған қазақстандықтың жүрегіне келешекке деген нық сенім ұялатуда. Тәуелсіз Қазақстанды әлемдегі алпауыт отыз мемлекеттің сапына қосуға жұмыстанып жүргенін қалайша мақтаныш етпейміз?! Тәуелсіздігіміздің жиырма жылында біздің Президентіміз Қазақстанды елеусіз елден әлемдік қауымдастықтың зор құрметіне бөленген қуатты мемлекетке айналдырды.

 

Біздер, барша қазақстандықтар, Елбасымыздың төңірегіне берік топтасып, оның халқына жолдаған Жолдауын мүлтіксіз орындауымыз керек. Ал, Елбасы Жолдауында көрсетілген әрбір тапсырманың, әрбір сөйлемнің, әрбір сөздің орындалуын бақылау – ел тізгінін қолына алған билік басындағылардың бұлжытпай орындайтын міндеті болуы тиіс.

Жасыратыны жоқ, Елбасының Жолдауында көрсетілген тапсырманың орындалысын бақылау тетігінің әлі де жеткіліксіздігі көңілімізді құлазытады. Мен бүгінде 85 жасқа келіп, табан аудармастан Жылыой ауданы мектептерінде 62 жыл ұстаздық еңбек етсем, кешегі компартияның, бүгінде Елбасының «Нұр Отан» партиясының мүшесі болғандықтан, шындықты  тіке айтумен келемін. Ақиқатқа жүгінер болсақ, біздің ауылдағы бұдан он бес жыл бұрын сатылып кеткен алты балабақша кері қайтарылмады. Сондай-ақ, осы ауылдағы №15 мектепке кезінде біздер салғызған спорт залды ауданымыздағы бір дөкей шенеунік бұзып алып кетсе, міне, күні бүгінге дейін бірде-бір балабақшасы, мектебінде  спорт  залы, мәжіліс залы, асханасы жоқ ауыл – тап біздің Қамыскөл.

Мемлекетіміздің қиын сәтте ілгері дамуының даңғыл жолын бағдарлаған бұл «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында біздің алдымызға зор міндет қойылып отыр. Мұнда барша халыққа үлкен жауапкершілік жүктеледі. Қазақстандай ортақ үйімізге керегі – бейбіт өмір, жастарымызға жарқын болашақ, елдігімізге абырой-бедел. Ендеше, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, баршамыздың жұдырықша жұмылып, еселі еңбек етіп, туған еліміздің әлеуеті мен сәулеті үшін аянбай тер төгер кезіміз келді.

 

Нұр-Мұхаммед

ЕСЕНӘЛІҰЛЫ,

 ардагер-ұстаз,

 Жылыой ауданының Құрметті азаматы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз