Жарықтың «ЖЫРЫ» қашан бітеді?
Соңғы күндері әлеуметтік желіде көп көтеріліп жүрген мәселенің бірі – Атырау қаласында жарықтың жиі өшуі. Жаз басталысымен ауыз судың азабын тартатын атыраулықтар енді жарықтан таршылық көріп қиналып жатыр. Бірлі-жарым үй, көше тұрмақ, тұтас шағынауданның бірнеше сағат, кейде тәулік бойына электр қуатынсыз қалатын кезі жиіледі. Əрине, қалыптасқан жағдайды ретке келтірудің қамында жасалып жатқан қарекет те жоқ емес.
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі жəне автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Əлібек Мұханбетəлиевтің айтуынша, былтыр Атырауға жаңадан 50 трансформатор əкелінді. Бүгінде олар толықтай монтаждалған. Қазірге дейін 26 трансформатор 0,4 кВ кернеудегі əуе жолымен жүргізілген электр желісіне жалғанып, іске қосылды. Қалғаны да осы тəсілмен іске қосылмақ. Атап айтсақ, Жұмыскер ауылындағы қосалқы станция жаңартылды. «Балауса», «Жұмыскер», «Өркен», «Еркінқала» шағынаудандары мен Ракуша ауылындағы жарық көзінің ақаулы тұстары жөнделген. Сөйтіп, аталған елді мекендер тұрғындарының бұған дейінгі мазасын қашырған мəселе түбегейлі шешімін тапты. Бөлім басшысы биыл жыл соңына дейін қалаға тағы да 50 жаңа трансформатор алынатынын айтты.
Саяжайдан сым ұрланады
Бұрынғыдай емес, қазір электр энергиясымен жабдықтау жөнінде тұрғындар тарапынан туындаған сауалдар мен көтерілген мəселелер қала əкімдігінің арнайы сайтында жарияланып отырады. Мұнда тұтынушыларға коммуналдық қызмет көрсететін кəсіпорынмекемелердің, тиісті салалық бөлімдердің басшылары да енгізілген. Сол себепті олардың əрқайсысы өздеріне қатысты сұрақтарға назар аударып, мүмкіндігінше тез жауап беріп немесе қандай шаралар алынып жатқаны туралы хабарлап отырады. Əрине, осындай байланыстың берер нəтижесі, тиімділігі де жоқ емес. Электр қуатының тұрақты берілуіне тікелей жауапты «Атырау Жарық» АҚ мен қалалық электр жүйелері мекемелерінің басшылары да əлеуметтік желіге шығып, орын алған апатты жағдайлар, жарықтың не себепті өшкені, оның қанша уақытқа созылатыны, қашан берілетіні жайлы түсіндірме-хабарламаларымен, проблеманың қалай шешіліп жатқаны жөнінде ақпараттарымен бөлісіп отырады. Мұны қала əкімі Қайрат Оразбаев тікелей қадағалап, тұрғындар өтініші қаншалықты орындалып, қандай қарекет жасалып жатқанын бақылап, назарда ұстайды. Соған қарамастан, жыл сайын жаз шыға «жарықтың жыры» қайталанып тұр. Арызшағым көбінесе қала аумағындағы баубақша өсірушілердің қоғамдық серіктестігі мүшелерінен көп түседі. Жинақталған өтініштер бойынша шаһар басшысы екі аптада бір рет серіктестік өкілдерінің басын қосып, көтеріп отырған проблемалары төңірегінде пікірлесіп, шешу жолдарын т а қ ы л а й д ы . Қ а н д а й ж ұ м ы с т а р атқарылатынын айқындайды. Тиісті құрылымдарға тапсырмасын береді. Айта кету керек, еліміздің «Тұтыну кооперативі туралы» заңының талаптарына сəйкес жергілікті мемлекеттік атқарушы органдар мен өзін-өзі басқару құрылымдарының тұтыну кооперативтерінің (бұл жағдайда бау-бақша серіктестігі) қызметіне араласуға құқы жоқ. Əйтсе де, саяжайдағы тұратындардың таусылмайтын проблемасы қала əкімдігін іске араластыруға мəжбүр етті. Қайрат Құлымұлы саяжайдағылардың тұрақты əрі сенімді қуат көзімен қамтылуы үшін оларға трансформаторлар қоюға бекінді. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен қаражат бөлінбесе де, мемлекеттік-жекеменшік əріптестік арқылы жүзеге асыру көзделген. Осылайша, олардың біріне қосымша қуат беретін шағын электр станциялары орнатылса, екіншісіне баған орнатып, үшіншісіне су айдайтын сорғымен көмектесіп, саяжай тұрғындарының талап-тілегін мүмкіндігінше орындаудың тəсілдері қарастырылуда. Ең сорақысы, сол учаскелерге тартылған қуат тасымалдаушы сымды қиып, ұрлап кету дəйегі көп. Электр жарығына қатысты шағым көп қабатты үйлерден де, жеке сектор тұрғындарынан да аз емес. Əсіресе, соңғы кезде «Самал» шағынауданында да жарық жиі өшетін болды. Ток таратушы станциялардың қуаттылығы мен желінің жаңадан жүргізілгеніне қарамастан, оларды жалғастырып тұрған бағандар арасының алшақ болуы себепті, келіп тұрған электр қуатын тұтынушыға жеткізуде қиындықтар бар. Жылдан жылға аумағы ұлғайып, көшелері көбейіп келе жатқан «Самалдың» тұрғындарын тығырықтан алып шығу үшін Атырау халықаралық əуежайы маңынан жаңадан шағын станция орнату межеленіпті.
«Атырау Жарық» АҚ Атырау қалалық электр жүйелерінің бас инженері Тілеужан Меңдалиевтің айтуынша, жарықтың кез-келген уақытта, ойламаған жерден өшіп қалуы жаз мезгілінде жиілей түседі. Өйткені, күн райы ысыған сайын тұрғындар салқындатқыштарды (кондиционер) жиі əрі көп пайдаланады. Мысалы, бір үйде кем дегенде оның екеуі орнатылған. Соның бəрін бір мезгілде қуат көзіне қосқанда, желідегі кернеу күрт төмендеп кетеді. Бұл жылда қайталанатын жағдай.
Қуат тапшылығы – үлкен мәселе
Желідегі кернеудің қалыпты деңгейден ауытқып, төмендеп кетуінен немесе қысқаша тұйықталуынан тұрғындар тұтынып отырған тұрмыстық техника істен шығып қалады. Оның үстіне ескі үйлердің дəліздеріне ток жеткізуші сымдар қалай болса солай тартылған, электроқалқандар ашық-шашық жатыр. Мұның адам өмірі мен денсаулығына соншалықты қауіпті екені өз алдына, сала қызметіне де қиындық келтіреді. Қаладағы ПИК құрамына кірмейтін 300- ден астам иесіз үйдің жағдайы тіптен мүшкіл. Олардың қыстағы жылуы мен ыстық суы, жыл бойғы суын үздіксіз пайдалануына тікелей жауапты кооператив болмағандықтан, күзгі-қысқы жылу беру маусымына дайындық кезінде де қиындықтар туындайды. Əрине, бүгінде елді мекендерді, тұрғын үйлерді, əлеуметтік, өндірістік нысандарды электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз ету қаламен шектелмейді. Облысқа ортақ проблеманың түйінін тарқату да қиындап барады. Жыл өткен сайын электр қуатын тұтынушылар санының көбеюі қуат тапшылығын туындатып отыр. Ал, облыста өндірілетін қуат мөлшері сұранысты толықтай қанағаттандыруға жеткіліксіз. Бұл бұрын айтылып жүрсе де, шешімін табуы қиын.
Бірыңғай жүйеден ұтарымыз не?
Шынында, бұл мəселе тек бір облыстың ауқымымен шектелмейді, республика көлемінде де өте өзекті проблема. Сондықтан, Энергетика министрлігі мұны Үкімет деңгейінде шешудің мүмкіндіктерін іздестіріп жатыр. Министр Нұрлан Ноғаевтың пікірінше, оның оңтайлы жолы – энергияны өндіруші жəне тасымалдаушы желілерді жинақтап, аймақтар бойына бірыңғай электр энергетикасы жүйесіне біріктіру. Ал, еліміздің батысындағы өңірлер аталған жүйеге қосылмапты. Осыны ескерген салалық министрлік Атырау облысын Ақтөбе немесе Жезқазған өңірлерінің электр желілерімен біріктіруді жоспарлаған. Энергетика министрінің сөзінше, ұсынылып отырған схеманы Ақтөбе қаласынан Атырау қаласына дейін; Жезқазған қаласынан Атырау қаласына дейін; Шымкент қаласынан Маңғыстау облысындағы Бейнеу ауылына дейін – үш ықтимал бағыт бойынша 500 киловаттық (кВт) желі тарту арқылы іске асыруға болады. Жыл соңына дейін қаржылық, техникалық-инженерлік, басқа да көрсеткіштер бойынша ең тиімді нұсқа анықталуы керек. – Аталған іс-шараны іске асыру батыс облыстарындағы тұтынушыларды сенімді электрмен жабдықтауды қамтамасыз етуге жəне елдің энергия жүйесіндегі теңгерімсіздіктерді реттеу үшін маневрлік қуат ретінде өңірдің газ генерациясының əлеуетін іске қосуға мүмкіндік береді, – деді министр.
Бұдан басқа, «Орал-оң жағалауИндер-Атырау-Құлсары-Теңіз» (220 кВт) қолданыстағы транзитінің екінші тізбегінің желілік нысандарын салу жобасы басталды.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН Қысқасы, Атырау облысын электр қуатымен тұрақты қамту тек жергілікті жермен шешімін табар түйін емес. Бұған орталықтан жан-жақты талдау жасалып, түбегейлі зерттелген стратегиялық бағдарлама қажет. Егер мәселеге түбегейлі оң кзқарас болса, оны шешудің жолдары да жеңілдей түсері хақ.
Дəулетқали ЛАТИФҰЛЫ