Наразылық неден туындады?

6339aca6a4abc2762696a3013e5 Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ 16 АҚПАН КҮНГІ ЖАЛПЫ ОТЫРЫСЫНДА ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ РОМАН СКЛЯРДЫҢ АТЫНА ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ ЖОЛДАНДЫ. ОНДА «АҚ ЖОЛ» ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ПАРТИЯСЫ ПАРЛАМЕНТТІК ФРАКЦИЯСЫНЫҢ АТЫНАН СӨЗ АЛҒАН ДЕПУТАТ СЕРІК ЕРУБАЕВ ӨҢІРЛЕРДЕГІ ӘЛЕУМЕТТІК-КӘСІПКЕРЛІК КОРПОРАЦИЯЛАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІН РЕТТЕУ МӘСЕЛЕСІН КӨТЕРДІ.

Шынында, «Ақ жол» фракциясы бұған дейін де квазимемлекеттік секторды реттеу туралы бірнеше депутаттық сауал жолдаған еді. Бұл жолғысының жөні бөлек, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының облыстардағы «көлеңке сі» іспетті және жергілікті даму институты деп есептелетін Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы (бұдан әрі ӘКК – ред.) туралы. Өйткені, «Ақ жол» партиясына ӘКК-ның жұмысына наразы кәсіпкерлерден түсетін арыз-шағым өте көп.

Әу баста мемлекет пен бизнестің әріптестігі және облыстың әлеуметтік экономикасын дамыту үшін 2012 жылы Үкімет қаулысымен құрылған корпорацияның жай-жапсарын депутат Ерубаев жан-жақты зерттеген. Ол вице-премьерге жазған хатында: «Үкімет Корпорация туралы заң жобасын 2008 жылы Парламентке енгізіп, Мәжілісте қызу талқылау басталғаннан кейін кері қайтарып алған болатын, яғни ӘКК-ның қызметі бүгінге дейін заңмен реттелмеген. Сондықтан, бұл корпорация – бүгінгі күнде ешқандай ортақ ережесіз құрылым. Әрбір әкімдік оны өз мүддесіне қарай қолданып келеді. Шын мәнінде бұл мекеме делдалдың ролін атқарады, олардың жоба менеджерлері, не мемлекет өкілі, әлде кәсіпкер екені түсініксіз», – деп атап көрсетті.

– Жасыратыны жоқ, корпорация кәсіпкерлерді қолдау құрылымынан гөрі олардың түйінді проблемасына айналып барады. Мысалы, кең тараған пайдалы қазбаларды өндіруге рұқсат беру немесе жер телімін сұрау, не инфрақұрылым керек кезде, ӘКК жарғылық капиталға бір тиын салмастан мекеменің меншігіне 30%-ға дейін қатыстыруын талап ету құқығы бар. Ал, бұрын кәсіпкер мұндай рұқсатты жергілікті органдардан тікелей және тегін алатын. Тегін қолдаудың орнына, меншігін талап ететін бұл мекеменің қазіргі әрекеті кәсіпкерлікке қолдау, әлде тонау екені зор күмән туғызатын мәселе, – дейді Серік Сәрсенұлы. Депутат Серік Ерубаев өз сауалында ӘКК төңірегінде күмән туғызарлық қитұрқылықтар барын да жайып салды.

 Мысалы, бизнес-омбудсменнің айтуынша, ӘКК-лар жалпы есеп бойынша 2017 жылды 2,5 миллиард теңге шығынмен аяқтаса, небары бір-ақ жылдың ішінде ол 6 есеге өсіп, 2018 жылғы шығын 15,5 млрд. теңгеге жеткен. Айта кететін жайт – осы корпорациялардың бюджеттері бұқараға жарияланбайды және олардың есебі ешқандай мемлекеттік құжатпен реттелмеген. Сондай-ақ, мемлекеттік органдар құрылымды коррупция құралы ретінде пайдалануға мүмкіндік беріп отыр. Оның үстіне, корпорация тарапынан халық тұтынатын өмірлік маңызы бар тауарлардың бағасын төмендету мәселесінде немқұрайлылық танытуда. Яғни өз мақсаттары мен міндеттерін орындамау және тиісінше жүзеге асырмау байқалады. Соның кесірінен жергілікті бюджет қана емес, кәсіпкерлік субъектілері мен халықтың әлеуметтік осал топтары зардап шегіп келеді.

«Әлеуметтік-Кәсіпкерлік корпорациялардың қызметінде көрсетілген барлық кемшіліктер – тиісті органдар тарапынан нақты бақылау болмауының нәтижесі деп білеміз. Негізінде, шағын және орта бизнестің дамуын қолдамасақ, мемлекет экономикасының дамуы, халықты жаппай жұмыспен қамту сияқты міндеттер жайлы айту қиын» делінген фракция мүшелері қол қойған хатта.

Бұдан әрі Парламент Мәжілісіндегі «Ақ жол» депутаттық фракциясының мүшелері Үкімет басшысының бірінші орынбасарына төмендегідей талаптар қойған:

1. Өңірлердегі ӘКК-лардың мақсаты мен ролін айқындау қажет. Дәл қазіргі түрінде қала берсе, бұл құрылым бизнесті дамытуға кедергі жасайды. Сондықтан, оларды таратуға жататын тиімсіз институт деп тану қажет;

2. Егер Үкімет бұл институтты сақтап қалғысы келсе, онда Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың құзыретін арнайы тәртіпке келтіріп, заңмен бекітсін. Корпорациялар кәсіпкерлердің меншігі мен ішкі жұмысына араласпайтын болуы керек;

3. «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» республика Заңы аясында ӘКК-ларды қаржыландыру, қаражаты мен қызметі үшін есеп беруі, тиімділігін қадағалау жергілікті мәслихатқа жүктелсін;

4. ӘКК-ның табатын табысы болса, оны толығымен жергілікті бюджетке салып, қоғам үшін ашық түрде пайдалану қажет. Әсіресе, топ-менеджерлердің жалақысы, сыйақысы мен бонустарын, кеңсесі мен көліктерін де мәслихат бекітуі тиіс.

Қаңтар айында квазимемлекеттік сектордың жұмысын қатаң сынға алған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мысал ретінде «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының қызметі ашық және функционалды тұрғыда болуы қажеттігін айтқан болатын. Серік Ерубаевтың пікірінше, енді ӘКК-ларға да өз жұмысында ашықтықты қалыптастырған жөн. Алайда, бұған Үкіметтің қандай жауап беретіні әзірге белгісіз.

Қуандық ШӘКІРОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз