БҮГІН Атырауда – КӨРІСУ!

izobrazhenie 2022 03 14 011938 Жаңалықтар

КӨРІСУ – ТАБИҒАТПЕН, ЖАРАТЫЛЫСПЕН АСТАСҚАН ДӘСТҮР. БҰЛ КҮНІ ҚЫСТЫҢ ҚЫТЫМЫР АЯЗЫ МЕН ҚОС АЛҚЫМНАН АЛҒАН ҚАРЫ ЖІБІП, КӨҢІЛ ТОҒАЙЫП, ЕЛ АЯҒЫ КЕҢІГЕНДЕ АЛЫСТАҒЫ АҒАЙЫН АМАНДЫҚ БІЛІСІП, БІРІН-БІРІ ІЗДЕЙДІ. ҚАЗАҚСТАННЫҢ БАТЫС АЙМАҒЫНДА НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІ НАУРЫЗ АЙЫНЫҢ 14-НЕН БАСТАУЫН АЛЫП, ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІМЕН ЖАЛҒАСАДЫ.

«КӨРІСУ» ДӘСТҮРІНІҢ ТІКЕЛЕЙ БАТЫС ӨҢІРІНДЕ САҚТАЛУ СЕБЕБІН ТҮСІНДІРУДЕ ҒАЛЫМДАРДЫҢ ПІКІРІ, КӨП ЖАҒДАЙДА ОРТАҚ ҰҒЫМҒА ТОҒЫСАДЫ. АЛАШТАНУШЫ, ҒАЛЫМ ТҰРСЫН ЖҰРТБАЙ БҰЛ ДӘСТҮРДІҢ БАТЫС ӨҢІРІНДЕ ЖАҚСЫ САҚТАЛЫП ҚАЛУЫНЫҢ СЕБЕБІН ОСЫ ӨЛКЕНІҢ КЕЗІНДЕ ИМПЕРИЯ АСТАНАСЫ БОЛУЫМЕН БАЙЛАНЫСТЫРАДЫ. ЖАЛПЫ, КӨРІСУ СОНАУ ҒҰНДАР ДӘУІРІНЕН БАСТАЛАДЫ ЕКЕН.

Батыс халқының Самарқанмен, Бұқарамен ежелден бері байланыста, араласқұралас болғаннан кейін де жалғасып отырған ғұрыптың мəні тым тереңде жатыр. Ең бастысы, іргесі сөгілмес бірліктің берекесі, ырысы төгілмес тірліктің мерекесі саналатын көрісу – айбыны асқан, ізгілік шашқан тамыры терең өркениетіміздің өлшемі. Соңғы кезде көрісу мерекесін тек батыс өңірі ғана емес, көк өніп, көңілі марқайған ағайынның бəрі тойлап, дəстүр ел көлемінде ұлықталып келеді. Яғни, Ұлыстың ұлы күні қарсаңында ағайын алдымен мал-жанның амандығын сұрастырып, елдің бүтіндігін ойлайды. Дəстүр бойынша 14 наурызда таң ата салысымен жасы кішілер үлкендердің шаңырағына амандық сұрап кіреді. Бірінші табалдырық аттағандардың осы елгезектігі үшін ағайын арасында мерейі үстем болып жүреді екен.

– Бұрындары бүгінгідей жылы, барлық жағдайы бар көліктер, тақтайдай тегіс, сайраған жол болмаған. Қытымыр қыстың тұтқынынан босаған халық ағайынның амандығын білу үшін тоңның жібіп, жердің көбесі сөгілгенін күтетін. Өйткені, жақын орналасқан қыстаулардағы бауырлардың біріне бірінің баруы қиын еді. Ал, қазір ше? Мүмкіндік көп болғанмен «уақыт жоқ» деген сылтаумен қазақтың бір-біріне деген ілтипаты, бауырмалдылығы азайып барады. Сондықтан «көрісу» ел бірлігін сақтар, бұқараның бірлігін біріктірер тамаша салт болып қала бермек. Əрі сағынысқан жүректер тебіреніп, Наурызға шынайы мерекелік реңк берері анық. Бүгінгідей жаһандану заманында қазақтың ұлт ретінде, мемлекет ретінде сақталуы алдымен ұлттық иммунитетке байланысты десек, осы орайда салт-дəстүр, əдет-ғұрыпты сақтап, өскелең ұрпақтың санасына сіңіріп отыру маңызды. Олар үшін 31 желтоқсанда түнгі сағат 12-ні күту қаншалықты мəнге ие болса, 14 наурызды ерекше ілтипатпен күтіп, ұлық күннің ұлылығын сезінуі маңызды, – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Қойшығұл Жылқышиев.

Қыс бойы қатынаса алмай қалған ағайын жер-аяғы кеңіп, жол ашылған соң бірін-бірі іздеп, түгендеуге кіріседі. «Ұлық болсаң, кішік бол» демекші, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында жастар жағы үлкендерді арнайы іздеп барып, қолұшын беруге асығады. Көрісудің негізгі мəні де осында болса керек. Ендеше, қыстан қысылып шығып, көкке ілінген жамағаттың бар-жоғын түгендеп, малы шығын болған ағайынға көмек көрсетуі де осы «көрісудің» бір ажырамас бөлігі. Яғни, аталған салттың тəрбиелік қана емес, əлеуметтік мəні де өте зор. Соңғы кездері кейбір ағайындар «көрісу» салтын мейрамханада атап өтіп, бас қосуды үрдіске айналдырған.

– Біздің əулетте сегіз атадан тараған ұрпақтың жыл сайын кездесуі дəсүрге айналған. Бір жылы бір атаның ұрпақтары мейрамханада дастархан жайып, «көрісу» кездесуін ұйымдастырса, келесі жылы бұл эстафетаны келесі атаның үрім-бұтағы жалғастырады. Осылай тізбектеліп кете береді. Бұл үрдіс, бір жағынан, жыл бойы тіршілік күйбеңімен көрісе алмаған ағайынның арасын жақындатады. Өскелең ұрпақ та бірінбірі танып, білісіп жатады. Екінші жағынан, қазақтың қан тазалығын сақтауға да септігі бар. Көрісу дəстүрі адамды жақсылыққа, ізгілікке тəрбиелейтін құндылық қой. Осындай өз ішіміздегі дəстүрді көріп өскен қазіргі жас – ертеңгі біздің жолымызды жалғаса деген тəрбиелік мəні бар ойдан туған игі іс еді, – дейді Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы Қадірғали Таңкиев.

Наурыздың «беташары» болған көрісудің тəрбиелік те, əлеуметтік те маңызы зор. Бір кездері сенатор Сəрсенбай Еңсегенов Көрісу күнін ресми мерекеге айналдыруды ұсынған болатын. Өйткені, мұндай мерекелер адамды адамгершілікке, мейрімділікке, жақсылыққа тəрбиелейді. Үлкенге құрмет көрсетуге баулиды. Оның айтуынша, бұл күнді бұрын еліміздің бүкіл аймағы атап өтетін, бірақ түрлі жағдайларға байланысты 1930 жылдан бастап бұл дəстүр кей жерлерде ұмытылған. Сондықтан, тамаша дəстүр еліміздің батыс өңірлерінде ғана сақталмай, күллі ел болып, игі істі игеріп жатса, нұр үстіне нұр құйылар еді. Елдің бірлігіне, ынтымаққа бастайтын Көрісу күнін ел болып атап өтудің еш əбестігі жоқ-ау.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз