ТІЛЕКБАЙ АҚСАҚАЛДЫҢ ТІЛЕГІ
Сағыз ауылындағы “Шұғыла” мәдениет үйінде орналасқан 155 учаскелік сайлау комиссиясында таңмен таласа тұрған ауылдың ақсақалдары дауыс беруге асығуда. Солардың бірі — 82 жастағы Тілекбай Нұрғалиев. Осынша жасқа келсе де саяси науқандардан қалыс қалмайтын Тілекбай ақсақал: — Бұл сайлау ел үшін өте маңызды. Себебі, бірнеше депутат пен партиялар арасынан дұрыс таңдау жасап, алдағы 5 жылда халыққа қызмет ететін жандарды таңдау керекпіз. Сол мақсатта ерте келіп, дауыс бердім. Ендігі тілек — сайланған депутаттар уәделерін орындап, халықтың қамқоршысы болуы керек. Ең бастысы — ел аман, жұрт тыныш болсын, — деген тілегін жеткізді. Тілекбай ақсақалға аталмыш учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Рысбике Ізбасова кітап сыйлап, алғысын жаудырды.