ЖАЙЫҚ ЖАҒАЛАҒАН ЖҰРТ ЖАҢАЛЫҚҚА АСЫҚ, ӨРКЕНИЕТКЕ ЫНТЫҚ

Марқұм әжем «мың рет естігеннен бір рет көрген артық» дегенді жиі айтып отырушы еді. Қателеспеген екен. Біз де Махамбет ауданының бірнеше ауылын көзбен көріп аралаған соң, көңілге көп нәрсені түйіп қайттық.

Боямасыз:

 БҮГІНГІ БЕЙНЕ

«Атамекен» ат басын тіреген Махамбет ауданына қарасты Есбол селолық округі көп өзгеріпті. Ол өзгерістердің өзін екіге ажыратып айтуға болады. Жарқын дейтініміз, бүгінде ауылдың қыз-келіншектері күбір мен тезектің ортасында қазан жағып, күйеге «көміліп» жүрмейді. Аптап ыстықта самаурынды бұрқылдатып, шоғымен бірге қызарып отырмайды. Тезек теріп, нәзік арқаға отын артып, арқаланып жүрмейді. «Көмейі бітеліп қалды» деп, қыстың күні есік-терезені айқара ашып тастап, пешті шұқылап, күл шығарып, көмір жағып жатпайды. Үй-үйге тартылған мың болғыр табиғи газ қытымыр қыстың суығын халыққа барынша сезіндірмей-ақ отыр. Әшейінде «өркениет» деп жатамыз ғой, Есболдағы соның бір айқын көрінісі де осы.
Халық қазір алғашқы ұстаз Ыбырай Алтынсарин айтқандай, айшылық алыс жерлерден телефон, ғаламтор байланысы арқылы жылдам хабар алғызып отыр. Ойын, мектеп жасындағы балалар арасында «агент» маусымдық хитқа айналып та үлгерген. Сығырайған май шамның заманы әлдеқашан өтіп кеткен. Шүкір, жарық өшпейді. Бір қарағанда сүп-сүйкімді көрінетін ауыл күнделікті тіршілігін алаңсыз- ақ кешіп жатыр.

Арман:

САҒЫМҒА АЙНАЛҒАН «АЛМА БАҚ»

Бірақ, жаңалық енген сайын бұрынғының кереметтері ауыл өмірінен елеусіз түрде жылыстап бара жатқандай көрінеді. Ауыл тұрғыны Теміржан Есенғалиев кезінде совхоз орталығы болған Есболдың малы бір замандары Мәскеуге жөнелтіліп тұрғандығын айтады. «Ауыл шаруашылығы, осы саланың өндірісі ол кезде дүрілдеп тұрған деген әңгіме бар. Мыңғырған жылқы, түйе, табын-табын сиырлар сайын даланың сәнін келтіріп тұрған екен. Қазір басқа облыстардың ауылдарымен салыстырғанда, біз көп шүкіршілік айтамыз ғой. Мемлекеттік бағдарламалар жемісін ауылымыз ептеп сезініп те жатыр. Дейтұрғанмен, су келсе бұрындары көздің жауын алған бау-бақшаны қайтарып алар ма едік» дейді ол. Айтуынша, ата-бабаларынан бастап осы ауылды ерте кезден атакүлдік етіп келеді. «Алғашқы үйлері саман тастардан қаланған ауылдың тарихы тым тереңде жатыр. Оның барлығын тізбелеп отырсам, сіз бен бізге көп уақыт кетеді. Менің айтпағым, Хрущев заманында егіншілік кәсібі ауылымызда жедел дамыды. Айлапат жүгері алқабы болды. Тіпті, мектептің жеке егіншілік алқабы да мол өнім беріп тұрды. Мектептің іргесінде алма бағы да өсірілді. Одан басқа түрлі жеміс-жидектер де самсай өсті. Қазір бақ тұрмақ, оның орны да жоқ. Бүгінде сайланбалы жолмен билік басына келген әкімдерге қосымша өкілеттіліктер беріліп, өз бюджетін (ауыл қазынасын айтып отыр – авт.) өзі толықтыруға жағдай жасалып отыр ғой. Сол өзін-өзі басқару саясатының тетіктері кезінде де жұмыс істеді. Әлгі бақтың өнімдерін сатып, мектеп пайдасына жаратып отырды. Сол бақ бүгінде де жайқалып тұрса, үлкен демеу болар еді» деп тамсанып қойды әңгіме арасында пікірлесіміз Теміржан Есенғалиев.
«Жазғы су құбыры жоқ. Көрші ауылдарға қызығамыз» деп нығарлап қойды одан әрі пікірлесіміз. «Мына тұрған Ганюшкинде жеміс-жидек дегеніңіз төгіліп-ақ тұр. Біз соған қол жеткізе алмай отырмыз» дейді ол.
Ауылдықтар алыс отырдық демейді. Жаңалыққа құштар. Ел қатарлы хабар-ошардың ортасында жүргісі келеді. «Поштаның жұмысы баяу. Газет-журналдарды шыққан уақытынан бастап бір апта өткен соң оқимыз. Қоғам тұрмақ, көрші ауылдар әбден талқылап болған мәселемен біз бір аптадан соң танысамыз» дейді тұрғындар.
 

Түйткіл:

ПАРОМДЫ ҚОЙШЫ, КӨПІР БОЛСА ЕКЕН…

Ауылдың тағы бір тілегі бар. Ауыл үшін кірме жолдар салынса дейді олар. «Аудан орталығымен, одан әрі қаламен байланысу үшін паромның қызметіне жүгінеміз. Бірақ, мұз бір қатып, бір еріп жататын күзгі, көктемгі лайсаң мезгілдері өте қауіпті. Ол кезде байланыс дегеніңіз тіптен қиындайды. Адам болған соң күнделікті шаруалар шығып қалады. Сондайда әп дегеннен шаруаңды шаруалай алмай қиналасың. Күннің «қас-қабағын» бағып жүреміз. Ел арасында «ауыл мен аудан орталығын жалғайтын көпір салынады екен» деген алып-қашпа әңгіме бар. Осы мәселе шешілсе, билік халықтың үлкен алғысын алған болар еді. Бұл енді имандай шыным. Түрлі шаралар болған кезде балаларымыз үшін алаңдаймыз. Оларды да түсінуге болады, бой жазғылары келеді. Бірақ, паром сенімді дүние емес қой» дейді ауыл тұрғыны Теміржан Есенғалиев.
Бір байқағанымыз, бұл ауылдың халқы әр нәрсені салыстырып сөйлегенді жақсы көреді екен. «Басқа облыстарға барып жүрміз ғой. Көп елді мекендер әлі күнге қи, тезек жағып отыр. Солардың көпшілігінде құрылыс жоқ. Ал, біздің ауылымыздың болашағы жоқ деп кім айта алады? «Әтембек» деп аталып кеткен жерде жаңа үйлер салынып жатыр. Еңбек етсең, тұрмысты түзетуге мүмкіндік бар. Тек жоғарыдағы мәселелер шешілсе, гүрілдеп кетер едік. Және де жастарымыз білім алуға ұмтыла түссе екен. Болашақ білімді жастарда ғой» деп қоштасты бізбен біраз ой бөліскен Теміржан аға.

Үлгі:

АУЫЛДА «АТЫМТАЙ ЖОМАРТ» БАР

Жоғарыда айтқан «өркениет» дегеннен шығады, ауыл балалары бүгінде заманауи талаптарға толық жауап беретін самаладай жарқыраған мектепте білім алып жатыр. Осыдан он үш жыл бұрын салынған мектеп сыр бермеген. Мұнда бірінші болып бас сұққан кісі «орманға келгенмін бе?» деген ойда қалуы да мүмкін. Білім ордасының кіреберісінде кәдімгідей бәйтерекке айналған алы-ы-ы-п гүлдер жайқалып тұр. «Бұл мектеп Маржан апамыздың пысықтығының, алғырлығының арқасында сақталып тұр. Жоспар бойынша биыл күрделі жөндеуден өтуі керек еді. Бірақ, сыны кетпегендіктен еш жөндеуді қажет етпеді. Сөйтіп, жөндеуді басқа нысанға ауыстыруды ұйғардық. Жартылай орманға айналған мектептің бүгінгі жағдайы Маржан апамызға қарыздар» деп қосып қойды осы кезде Есбол селолық округінің әкімі Мереке Әділғалиев.
«Бөрі арықтығын білдірмес» деген рас сөз екен. Алғашында «бәрі жақсы» деп қарсы алған былайғы жұрт «Маржан апай» деп атайтын осы мектептің директоры Мақаш Бисенова білім ордасына мамандардың жетіспей жатқандығын әңгіме арасында шешіле отырып айтты.
«Химик мұғаліміміз көшіп кетіп, зейнеткерді алдырып жатырмын. Білім сапасына қарап, шертіп тұрып таңдап алатын кадрлар бізде жоқ. Алғашқы жылдары мектепті 250 баламен бастап едік, бүгінде мектепалды даярлық кластары мен шағын орталықтарды қоспағанда 114 оқушымыз бар. Биылғы жыл қорытындысымен Ұлттық бірыңғай тестілеу бойынша аудан мектептерінің арасында екінші орында тұрмыз. Соған қарағанда, балаларымыздың білімге деген құштарлығы жаман болмағаны» дейді ол.
М.Бисенованың айтуынша, Таңдай, Сарытоғай сынды шалғай ауылдардан келіп оқитын балалар үшін мектеп жанындағы интернат жұмыс істеп тұр. Балалар әлгі интернатта бес күн бойы жатып оқып, демалыс күндері үйді-үйге таратылады екен. Қыр балаларын таситын көлік тым ескі көрінді. «Жылы мезгілдері байқалмас. Бірақ, қытымыр қыстың күндері көлігіміз бұзылып қалып, балалар суықтап қала ма деп қауіптенемін. Осы мектепті басқарып отырғаннан кейін қай бала да маған жат емес, олар үшін жауаптымын ғой. Қасқырдан да қауіп жоқ емес. Сондықтан, осы көлік мәселесі шешілсе, балаларымның қауіпсіздігі қамтамасыз етілген болар еді» дейді ол.
Көзге мақтағаным емес, көлгірсу деп те қабылдамаңыздар, осы жерде бір айта кетерлігі, жергілікті жұрт «Маржан апай» атап кеткен осы мектепке басшылық етіп отырған Мақаш Бисенова ауылдың «Атымтай жомарты» болып шықты. «Әсіресе, тоқсаныншы жылғы тоқырау кезеңдеріне Маржан апай халықтан қамқорлығын аяған емес. Көп балалы жанұяларға, жартылай жетімдерге көп көмектесті. Ораза айт, Құрбан айт секілді мұсылман мерекелерінде әлеуметтік әлсіз топтарды азық-түлікпен, киім-кешекпен қамтамасыз етіп отырады. Қайырымдылық шараларына ұжымын да ұйымдастырып жүреді. Ол өзі жүрегі кең адам ғой. Маржан апайдың жүрегіндегі жылулық, кеудесіндегі қайырымдылық жастарға үлгі болса дейміз. Алғысқа бөленуден асқан қандай бақыт болуы мүмкін?» дейді ауыл тұрғындары. Біз де көптің бұл сөзін бүгінгі ұрпаққа үлгі ету үшін қойын дәптерімізге ерекшелеп тұрып түртіп алдық.

Ақжолтай:

БІЗ БІЛГЕН ЖАҢАЛЫҚ

Біз барған ауылдағы басты жаңалық – Тереңөзек су стансасынан жайылымдарға судың айдалып жатқандығы болды. «Канал арқылы су биылдан бастап айдалуда. Канал «Еңбекшілге» дейін созылып жатыр. Шамамен жиырма шақырымдай қашықтықты қамтиды. Ауыл адамдары үшін бұл үлкен жаңалық болды. Әйтеуір, шаруашылыққа аз да болса септігі тиеді» дейді өзін аталған су стансасының моторисімін деп таныстырған Оңайша Құлжанов ақсақал.
Тағы бір жаңалықты Есбол селолық округінің сайланбалы жолмен бекіген әкімі Мереке Әділғалиевтен білдік. Мұнда мемлекеттік «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында су тазарту қондырғысы салынып жатыр екен. «Бүгінде халыққа ескі су қондырғысынан тазартылған су беріліп отыр. Әлеуметтік нысандардың, мекемелердің, тұрғындардың сұранысын жауып отырмыз. Ал, жаңа қондырғының ерекшелігі, суды үй-үйге жеткізіп беретін боламыз. Жаңа нысан, бұйырса, келер жылы пайдалануға берілмек. Халыққа енді қаладағыдай құбыр арқылы су беретін боламыз» дейді әкім.
Есболдың өзінде 764 адам тұрады екен. Халықтың дені егін және мал шаруашылығын кәсіп етеді. Байқағанымыз, сол кәсіптің өнімі әзірге қарабайыр жолмен пайдаланудан әріге аса алмай отыр. Сүт, ет, бидай өнімдерін шығаратын цех, зауыттар салынса, ауданның ғана емес, облыстың, көршілес аймақтардың сұранысын жапса, кейін Махамбеттен өндірілген брендттер Кедендік Одақ аясына экспортқа шығарылса деген тілек қой біздікі. Ауыл халқы бұған кет әрі еместей көрінеді. Тек, олар «реализация», яғни тауарды таратудан, оны нарыққа шығарудан қорқақтайды. «Қазір бәсеке күшті. Әдетте белгісіз өнімдерді тұтынушылар тәуекелге барып ала бермейді. Осындайда мемлекет тауарды өтімді ету тетігін ойлап шығарса…» деген де ой кесе-көлденеңдей береді» дейді өз алдына қожалық ұстап отырғандар.
Селолық округ әкімінің сөзінен байқағанымыз, тұрғындар бұйығы тірлікті әлдеқашан артқа тастаған. Алға ұмтылу, жаңалыққа құштарлық басым. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында бір тұрғын наубайхана ашқалы жатыр. Жалпы селолық округ бойынша 58 шаруа қожалығы тіркелген. Соның елуі жұмыс жасап тұр. Таза кәсіпкерлікпен 27 адам айналысады. Ал, жастарымыздың дені қалада, вахталық әдіспен жұмыс жасап жатыр» дейді Мереке Әділғалиев.
Ендігі бір мәселе, жалпы селолық округке қарайтын үш елді мекен, яғни Ортақшыл, Есбол, Еңбекшіл ауылдары физика, химия, информатика және орыс тілі пәнінің мамандарына зәру болып отыр. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы жанданып, бізге мамандар тартылса, әлеуметтік мәселелерін толық шешіп берген болар едік» деген тілек сапар барысында жиі айтылды.

Сөз соңы:

«ӘДЕМІ ӘН» ДЕСЕК ТЕ…

Осыдан бірер жыл бұрын нарықты экономикаға көшкелі қазақтың 234 ауылдан айырылғандығы жөнінде жазған болатынбыз. Биыл 93 ауыл ел картасынан сызылғалы отыр. Билік басындағылар ондағы себепті «елді мекендер дамуы үшін ең бірінші инфрақұрылым жақсы болуы керек» деп түсіндіреді. «Қазіргі ауылдарда бірі бар болса, екіншісі жоқ. Біреуінде – мектеп, екіншісінде – аурухана, үшіншісіне баратын жол жоқ. Олардың бәріне қажетті әлеуметтік нысанды салып беруді ел бюджеті көтермейді. Және 300-400 шақырым жерде тұратын 30-40 үйге асфальт төселген жол тарта алмайсың ғой, бұл экономикалық жағынан тиімсіз. Сондықтан, ондай ауылдар амалсыз құриды» дейді шенділер.
Қаласақ та, қаламасақ та, солай болып отыр. Дегенмен, халық тегіс қалаға көшсе, қаншама жер иесіз қалады? «Сол себепті де ауылдарды оңтайландыру керек, жақын екі-үш ауылды біріктірген дұрыс» дейтін боларсыз. Бірақ, урбанизация Қазақ елін де айналып өткен жоқ. Жетпісінші жылдары Қазақстандағы ауылдық елді мекендер мен қала тұрғындарының саны тең болатын. Қазір бұл тепе-теңдік жойылып, кезінде әп-әдемі ән болған ауылдардың қатары күн санап сиреп барады. Және ауылдардың денінде жастар қалаға кетіп, қараша үйлердің түтінін қарттар мен бала-шаға ғана жалғап қалып жатыр.
Оның басты себебі – едәуір білім жинақтап, дипломын алған жастарға ауылға барғанда мамандығы бойынша атқаратын жұмыс жоқ. «Қазақта екі ақ қана ауру бар. Бірі көз тиді, екіншісі суық тиді» деген әзіл бар ғой. Сол сияқты бүгінгі ауылдарда қазір үш-ақ мамандық бар. Қаласаңыз да, қаламасаңыз да мұғалім боласыз, дәрігер немесе тәрбиеші боласыз. Бірақ, парадокс сол, бүгінгі жастардың көзқарасы өзгерді, соған сәйкес талғамы да басқаша. Осыдан соң дизайнердің, инженердің, геологтың, өзге де заманауи мамандықтың қыр-сырын меңгерген жас барғысы келген күннің өзінде де ауылға қалай жолын түсіре алады? Бұл үрдіс болашақта дәл осылай жалғаса берер болса, ауыл атаулы жұпыны күйден арыла алмай, түбі картадан жойылып біте ме деп те қауіптенеді екенсің. Жергілікті халық «паром» деп атап кеткен өткелден өтіп, ауылдың таза ауасын қомағайлана жұтып бара жатқанымызда бізді осы ой қайта-қайта мазалай берді…

Экспедицияға қатынасқандар:
Баян ЖАНҰЗАҚОВА, Гүлжан ӘМІРОВА, Айгүл БЕРДЕШҚЫЗЫ.
Суреттерді түсірген Нұржан ҚҰСАЙЫНОВ.
Махамбет ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз