Жарнама
Құқық

Заң мен тәртіп — ел тыныштығының кепілі

Мемлекет басшысы осы жолғы Жолдауында «Заң және тәртіп – мемлекетіміздің мызғымас тұғыры» деп атап өтті. Бұл сөздер елдің әрбір азаматы үшін маңызды болса, Ұлттық ұлан әскері үшін айрықша мәнге ие. Өйткені бейбіт өмір мен қоғамдық тұрақтылықты күзету – олардың қасиетті борышы, айнымас міндеті.

Ұлттық ұлан жауынгерлері – ел тыныштығының сақшылары. Олар күндіз-түні қоғамдық тәртіпті қорғап, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында қызмет атқарып келеді. Бейбіт өмірдің берекесін қашыратын кез келген құқық бұзушылыққа тосқауыл қою, қоғамға жат әрекеттердің алдын алу – Ұлттық ұланның тікелей міндеті.

Президентіміз атап өткендей, бір-біріне сыйластықпен қарап, мәдениеттілік пен әдепті ұстану – өркениетті қоғамның өлшемі. Осы құндылықтарды орнықтыруда Ұлттық ұланның еңбегі орасан. Қоғамдық орындарда тәртіпті нығайту, халық арасында құқықтық мәдениетті дәріптеу – жауынгерлердің күнделікті қызметімен сабақтасып жатыр.

Ұлттық ұлан – халықтың қорғаны, мемлекеттің тірегі. Әскердің айбынын айқындайтын «Жауынгерлік жанұядай ұйысқан, Ұлттық ұлан – елі мен халқына қорған» ұраны осының айқын дәлелі. Бұл тек ұран емес, ел алдындағы адалдық пен жауапкершіліктің биік өлшемі.

Қай кезде де Ұлттық ұлан сарбаздары Президент тапсырмаларын мүлтіксіз орындап, елдің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғауға, бейбіт өмірді қамтамасыз етуге әрқашан дайын. Олар халықтың сенімін ақтауды ең үлкен міндет санайды.

Ел тыныштығын сақтау – тек әскердің ғана емес, барша қоғамның ортақ парызы. Әрбір азамат тәртіпке бағынып, заңды құрметтегенде ғана еліміздегі ынтымақ пен бірлік беки түспек. Ал Ұлттық ұлан сарбаздары сол бірліктің, сол тыныштықтың қалқанындай қашанда қырағы тұр.

Бекайдар ҚАЗКЕЕВ,

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы “Батыс” өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы,
генерал-майор

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button