ЖАСЫРАТЫНЫ ЖОҚ, ҚАЛЫҢ БҰҚАРА БАС АУЫРЫП, БАЛТЫРЫ СЫЗДАСА ДӘРІГЕРДІҢ ДӘРМЕНІНЕ ИЕК АРТАДЫ, АЛ ҚАУІП ТӨНГЕНДЕ ПОЛИЦИЯДАН ПАНА ІЗДЕЙДІ. АРНАЙЫ ФОРМА ИЕЛЕРІНЕ ҚАЛЫҢ КӨПШІЛІКТІҢ СЕНІМІ МЕН ҮМІТІ БИІК. ДЕГЕНМЕН, ҚОҒАМ БОЛҒАН СОҢ АЙТЫЛАР СЫН МЕН ҰТЫМДЫ УӘЖ ДЕ ЖОҚ ЕМЕС. АТЫРАУ ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ, ПОЛИЦИЯ ПОЛКОВНИГІ ҚҰТТЫБАЙ САДЫҚОВПЕН АРНАЙЫ СҰХБАТ БАРЫСЫНДА САЛАНЫҢ БҮГІНГІ ТЫНЫС-ТІРШІЛІГІ, ОҢ ӨЗГЕРІСТЕРГЕ СЕРПІН БЕРГЕН РЕФОРМАЛАР МЕН ІРІ ӨЗГЕРІСТЕР НӘТИЖЕЛЕРІ ХАҚЫНДА АУҚЫМДЫ ӘҢГІМЕ ӨРБІГЕН ЕДІ.
– Құттыбай Сәлімжанұлы, қазір Атырау қаласы бойынша қылмыстың сипаты қандай? Оның көрсеткіші не себепті көбейіп отыр?
– Қала аумағындағы жағдайды тұрақтандыру бағытында күнделікті алдын алу жұмыстары жасалып отыр. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және құқық бұзушылық пен қылмыстардың алдын алу бағытында Атырау қаласының полиция басқармасы жеке құрамының күшімен 80-нен астам жедел және локалдық шаралар жүзеге асты. Мысалы, құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында жыл басынан бері «Құқықтық тәртіп», «Пәтер», «Мал ұрлығы», «Қару», «Автобус», «Қауіпсіз жол», «Мигрант», т.б. жедел алдын алу іс-шаралары өтті. Қазір тіркеліп жатқан қылмыстардың өсуінің басты себебі – Алмалы, Береке ауылдары және жаңадан салынып жатқан шағынаудандардың қала аумағына қосылуына байланысты.
– Редакцияға хабарласқан оқырмандар «облыс орталығында ұрлық пен алаяқтық өршіп барады» деп дабыл қағуда. Олардың ішінде нәзікжандылардың да бары жасырын емес…
– Рас, ол жасырын емес. Жыл басынан бері тіркелген қылмыстың басым көпшілігі – ұрлық және алаяқтық. Ұрлықтың алдын алу мақсатында қала және округ әкімдерімен бекітілген 2021-2023 жылдарға арналған бөтеннің мүлкін ұрлауға қарсы ведомствоаралық бағдарламасын жүзеге асыру бағытында қабылданған іс-шаралар Ішкі істер министрлігі және қала әкімінің қолдауымен жүзеге асып жатыр. Соған қарамастан, ұрлық саны көбейіп тұр. Оның себебі, қала аумағындағы жаңа шағынаудандарда салынған және салынып жатқан жекеменшік үйлердің ауласы қоршалмаған, көше бойында жарық шамдары да жоқ. Қылмысқа бейім адамдар асфальт салынбаған, жауын-шашын кезінде адам жүруге қолайсыз аумақтарды көздейді. Ал, аталған аудандардың көпшілігінде асфальт жол жоқ. Сондықтан, ол аумақтарда қоғамдық тәртіпті сақтау және қылмыстың алдын алу мақсатында полиция патрулін шығардық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес алаяқтыққа қарсы жұмысты жандандыру бағытында бірнеше рет жедел іс-шара өткіздік. Биылғы жарты жылда тіркелген 522 алаяқтық қылмыстың дені – интернет алаяқтығы. Соңғы уақытта технология дамыған сайын қылмыстың бұл түрі де өсіп барады. Оның алдын алып ескертуге және ашуға бағытталған жедел шаралар жүйелі жүріп жатыр. Азаматтардың интернеттегі алаяқтарға тап болғанда өздерін қалай ұстау қажеттігі мен қырағылық таныту тәртіптері Ішкі істер министрлігі мен облыстық полиция департаментінің тарапынан бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, брифингтерде үнемі насихатталып отыр. Тек биылғы жарты жылда әйел адамның қатысуымен тіркелген ұрлық және алаяқтық қылмысқа қатысты 32 іс толық ашылып, сотқа жолданды.
– Әйелдерді қылмыс жасауға қандай жағдай итермелейді?
– Осы жылдың алты айында әйелдердің тарапынан 1 ауыр қылмыстық іс тіркелген. Жасыратыны жоқ, әйелдер қылмысы көбейіп барады. Оны нақты бір себеппен шектеп қою мүмкін емес, бірнеше фактор әсер етеді. Өмірде түрлі жағдайлар болады, өйткені, неше түрлі отбасы бар. Ондағы қарым-қатынас пен тәрбие, әлеуметтік жағдай да сан қилы. Біреулер тұрмысын тезірек жақсартуға құлшынады. Ал, қылмыс жасауға итермелейтін негізгі факторлардың бірі – ішкілікке салыну. Өкініштісі сол, алкогольдік ішімдік салдарынан қаншама отбасының шаңырағы ортасына түсіп жатыр.
– Әлеуметтік желілерде «полиция қылмысты ашпады», «ұры табылған жоқ» деген сыңаржақ пікірлер жиі айтылады. Сіз бұған не дейсіз?
– Биылғы алғашқы екі тоқсанда қала аумағында 1812 қылмыс тіркелген. Соның тек қана 580-і ашылмай қалды. Ал, ұрлыққа қайта оралсақ, қылмыстың дені көше бойындағы және көп қабатты үйлерге орнатылған бейнебақылау камерасының көмегімен ашылуда. Ұрының ізін суытпай ұстау үшін камераның пайдасы көп. Қазір 269 ұрлық ашылған жоқ. Көпшілігі – бейнебақылау камералары орнатылмаған жерлерде және қала аумағында жаңадан салынып, ауласы қоршалмаған жекеменшік үйлерде түнгі уақытта жасалған қылмыстар. Ал, алаяқтық бойынша 239 қылмыстық іс өз нәтижесін бермеді. Оның себебі хакерлердің интернеттің мүмкіндігін өте шебер меңгеруінде жатыр. Қылмыстық әрекетін жүзеге асыру үшін алаяқтар әдіс-тәсілдерін күн сайын өзгертіп, тың әдістер қолданып отырады. Басқарма қызметкерлері жүргізген мониторинг қорытындысына сәйкес, ең жиі кездесетін кибералаяқтықтың түрлері – онлайн сауда жасау және қызмет көрсету, сондай-ақ, өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, жеке деректерді иемдену және бөтен біреудің атынан онлайн-несие ресімдеу арқылы жасалатын қылмыстар. Бұл қылмыстардың алдын алу бағытында қала тұрғындарына пәтер, дүкен және жеке заттарды қараусыз қалдырмау, интернет алаяқтардан сақ болудың қарапайым қауіпсіздік шараларына тоқталып, дербес деректер мен пластикалық карталардың мәліметтерін, кодтар және құпия сөзді ешкімге хабарламау, белгісіз әрі тексерілмеген сайттар арқылы алдын ала төлем жүргізбеу, ұялы телефон мен компьютерге белгісіз қосымшаларды орнатпауға және спам хабарламаларға сенбеуге шақырамыз.
– Естуімше, сотты болғандардың қайталап қылмыс жасауы көбейіп тұрған секілді…
– Темір тордан босағандардың қылмысқа қайта бармауы үшін учаскелік полиция инспекторлары профилактикалық жұмыстарды күнделікті жүргізіп келеді. Өкінішке орай, нәтиже аз болып тұр. Статистикалық мәліметтер бойынша тек биылғы алты айда ғана қала аумағында бұрын сотталғандар 178 рет қылмыс жасаған. Бұл бағытта басқарма қызметкерлері тарапынан профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылып, сот шешімімен оларға қатысты шектеулер салынды. Енді оның бұзылмауы үшін учаскелік инспекторлар бақылау және күнделікті тексеру жұмыстарын тұрақты жүргізуде. Қазір қала бойынша профилактикалық тұрғыда 1464 азамат есепке алынды.
– Ел арасында «полиция халықтан алшақтап кетті» деген пікір бар. Рас па? Халық пен полиция арасындағы қарым-қатынасқа қандай баға бере аласыз, не жетпейді?
– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауының аясында ішкі істер органдарына полиция қызметін одан әрі жетілдіріп, реформалау бойынша «Жұртқа жақын полиция» қағидатын жүзеге асыру үшін нақты тапсырмалар жүктеді. Ал, «полиция халықтан алшақтап кетті» деген пікірмен келіспеймін. Бүгінде халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасау үшін учаскелік полиция инспекторларының жеке фейсбук парақшасы ашылды. Сауда орталықтары мен дүкендерге, халық көп шоғырланатын жерлердің кіреберіс есіктеріне сол ауданға бекітілген учаскелік полиция инспекторының фотосуреті мен байланыс телефондары көрсетілген парақшалар ілінді. Учаскелік инспекторлар жұмысының сервистік модулі және халықпен тығыз қарым-қатынас орнату мақсатында заман ағымына сай ақпараттық технологиялар, әлеуметтік желілер (WhatsApp, Instagram, Telegram, Facebook) арқылы өз аумақтарындағы пәтер иелер кооперативтерімен және тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс жасауда. Сонымен қатар, WhatsApp желісінде «Қоғамдық көмекші» чаты ашылып, азаматтардың ұсыныстары мен түрлі құқық бұзушылықтар туралы хабарламалары уақытылы қаралып, тиісті шешім қабылданып отыр. Жергілікті әкімдіктің қолдауымен 18 учаскелік пункт салынып, іске қосылды. Учаскелік инспектор үнемі қолжетімді болуы үшін учаскелік бекеттердің 12-сі тұрғын-жаймен біріктірілді. Атырау қаласының полиция басқармасы азаматтарды қабылдауға қолайлы жағдай жасау мақсатында фронт-офис жасақталып, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілді. Құжаттамалық қамтамасыз ету бөлінісі фронт-офисте қызметкерлердің ай сайынғы кезекшілік кестесін бекітіп, әр бөлімнен бір қызметкер күнделікті фронт-офис кезекшісінің лауазымдық нұсқаулығына сәйкес қызмет атқарылып отыр. Жарты жылда фронт-офис арқылы барлығы 721 азамат қабылданып, тиісті түрде көрсетілген әлеуметтік көмектің нақты жауабы берілді.
– Жуырда әлеуметтік желі арқылы есірткі сатып ұсталған жасөспірім туралы бұқаралық ақпарат құралдарында жазылды. Психотроптық заттарды тасымалдап, жеткізу арқылы оңай жолмен мол табыс табуға қызығып, есірткі сатушылардың арбауына еліткен жастар саны көп пе?
– Былтыр қала аумағында кәмелетке толмаған жасөспірім Telegram интернет қосымшасында жұмыс тәжірибесін қажет етпейтін, жалақысы жоғары жаяу курьердің қажеттігі туралы хабарландыру тапқан. Оны «курьердің жұмысы» деп түсініп, психотроптық заттарды жасырын орындарға салу кезінде жасөспірімді басқарманың патрульдік батальоны ұстап үлгерді. Оған қатысты көтерілген қылмыстық істің нәтижесінде биылғы 7 маусым күні жасөспірім 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына сотталды. Аналитикалық мәліметтерге сәйкес, қала аумағындағы есірткі қылмыстары 2,6 пайызға төмендеген, алайда есірткі құралдары мен психотроптық заттардың түрлері күннен күнге көбейіп барады. Қазір олардың саны 350- ден астам. Тұтынушылардың басым бөлігі – жастар. Біз үшін бұл – үлкен проблема. Өйткені, жастар – біздің болашағымыз. Бүгінгі таңда есірткі саудасы қылмыстарының басым бөлігі ғаламтор арқылы жасалуда. Атырау облысы полиция департаментінің есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасы және қалалық полиция басқармасының қызметкерлерімен бірге жыл басынан бері қала аумағындағы барлық білім беру мекемелерінде нашақорлықпен күресу мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді. Осы сәтті пайдалана отырып, ата-аналар әркез балаларының ұялы телефоны мен компьютеріндегі іс-әрекетін бақылауда ұстаса екен дегім келеді.
– Әрине, қылмыспен күрес әрқашан қырағылықты қажет етеді. Қоғам тыныштығы мен тәртіпті қадағалаудағы жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз. Уақыт бөлгеніңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Рита ӨТЕУҒАЛИ