ШҰҒЫЛ: Айдос Сарым «Атырау» газетіне сұхбат берді

negegengengegegegege Жаңалықтар

Еліміздің Парламент Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым соңғы оқиғаларға қатысты пікір білдірді.

БҰЛ – МЕМЛЕКЕТТІК ТӨҢКЕРІС ӘРЕКЕТІ. ОСЫНЫ АНЫҚТАП, ТҮСІНІП АЛУЫМЫЗ КЕРЕК. ОСЫНЫ ТҮСІНСЕК, ҚАЛҒАН МӘСЕЛЕЛЕРДІ ДЕ ҰҒА БАСТАЙМЫЗ. ҚАЗІР ОЙЫННЫҢ, КҮЛКІНІҢ, ӘЖУАНЫҢ, ӘЗІЛДІҢ, БАСҚАСЫНЫҢ БӘРІНІҢ УАҚЫТЫ ӨТТІ. БІЗ ҚАЗІР БІР ҒАНА МӘСЕЛЕГЕ ТІРЕЛІП ОТЫРМЫЗ. ЕЛ БОЛЫП, ҚАЛАМЫЗ БА, ҚАЛМАЙМЫЗ БА? ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗДІ САҚТАП ҚАЛА АЛАМЫЗ БА, САҚТАП ҚАЛА АЛМАЙМЫЗ БА? ӘЛЕМГЕ КҮЛКІ БОЛАМЫЗ БА, БОЛМАЙЫЗ БА? ОСЫ СИЯҚТЫ ҮЛКЕН СҰРАҚТАРҒА ҚОҒАМ БОЛЫП, ЕЛ БОЛЫП ЖАУАП ІЗДЕУІМІЗ КЕРЕК СИЯҚТЫ. ҚАЗІР КӨЛГІРСУДІҢ, ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕ ОТЫРЫП, ӘҢГІМЕ АЙТУДЫҢ, БАСҚАНЫҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ.

Бір ғана мысал. Бүгінгі күні өртенген дүкен, мүлік, басқасы бар, Қазақстанның салық төлеушілеріне 100 миллиард теңгенің зардабы тиіп отыр. Бұл тек ақшасы ғана. Мұның сыр­тында қаншама адам мерт болып жатыр. Елестетіп қарайықшы, 100 миллиард дегеніміз 100 мектеп. Біз экономикамыздан 100 мектепті тартып алдық. Инвестиция, бизнес бәрі де ойсырап жатыр. Енді ойлана­тын кез келді. Біз бүгін жаңа Қазақстанда ояндық. Біз бүгін жаңа Қазақстанда өмір сүріп жатырмыз. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы бір төбе. Жаңа елде, жаңа қоғамда өмір сүруге кірісіп жатырмыз. Ал, «бұл қандай қоғам, болашағы не болады, қайда бара жатырмыз?» деген мәселелер бүгін шешіліп отыр.

Осы күндері біраз адамның, кімнің кім екенін байқадық. Кімнің не тұратынын, яғни, құнын байқадық. Қазір ойын, күлкінің заманы өтті. Жағдай дұрысталар. Ойланатын уақыт келді. Әлеуметтік желілерде, басқа да, көлгірсіген әңгіме айтқан, арандатқан, қасақана жалған ақпарат таратқан адамның барлығын жауапқа тарту міндет. Жаңа қоғам құрып жатқанымыз рас болса, осыдан бастайық. Түріне, түсіне қарамайық. Ақынсың ба, академиксің бе, жазушысың ба, блогерсың ба, он миллион жазылушың бар ма, бәрібір. Сенің итермелеген, көлгірсіген әңгімеңнің кесірінен қаншама адам мерт болды, миллиардтаған нұқсан келіп жатыр. Осыған жауап бермесе, білмеймін онда…

Жұртты итермелеген, ұрандатқан кісілер мына­ны түсінуі керек. Төгілген қан солардың мойнында. Заңды негізде жауап беру кезі келеді. Қазіргі таңда тергеу комиссиясы құрылуда, барлық таратылған видеолар бір жерге жиналу­да. Бәрі видеода бар. Ешкім оңай құтыламыз деп ойламасын. Өйткені, бұл ойыншық емес, он­дай дәуірден өттік. Қайталап ай­тайын, қазіргі ең басты мәселе – мемлекет боламыз ба, болмаймыз ба деген мәселе.

Осы күндердің оқиғалары көп нәрсені көрсетті. Жаңаөзенде, Ақтауда бейбіт шеруге шыққандар әкімдік, дүкен өртеп, тонамақ түгілі көшеге түкірген де жоқ. Жақсы үлгі көрсетті. Алматы облысы, Қызылорда, Тараздағы оқиғаларды қарасақ, дүрбелең салғандардың көбі қазақша да білмеген. Кем де­генде Қырғызстан, Өзбекстан, Ауғанстан секілді елдің содыр­лары ішінде жүргені, олардың дайындығы жоғары болғаны анық. Мемлекет басшысы да идеологиялық диверсияның ма­мандары бар деп айтты. Бұл – үлкен мәселе. Мына жағдай тынышталсын. Зерттейтін үлкен мәселелер бар.

Біз қазақ – момын халықпыз. Бірақ, қажет кезде ұйыса алатын, тіл табыса алатын қоғамбыз. Ешқашан өз полицей, өз әскерінің басын ке спеген халықпыз. Кеше бір Алматының өзінде 3 полицейді бауыздағанын көрдік. Бұл – санамызға сыймайтын, қоғамымызға жат тірлікті шет­тен келген азаматтар жасап жа­тыр деген сөз. Ел тынышталып, ес жинап келеді. Қарапайым халық әскерилерге жәрдемдесіп, қолына қалқан, күрек алып, солардың қасынан табылуда. Біз осындай іс-әрекеттерді көбірек насихаттауымыз керек. Айналып келгенде, біздің қорғанымыз – өз полициямыз. Олар – өз Конституциялық борышын орын­дап жүрген азаматтар.

Сөзсіз, біраз шешімдер қабылданды. Газ бойынша, баға бойынша, коммуналдық төлем бойынша жұмыстар жасалды. Үлкен жүйеге келетін, ойланып- толғанатын шаққа келдік. Болып жатқан трагедия бізді «Қайда бара жатырмыз?» деген сұраққа итермелеуі керек. Бұрынғы тәсілге оралатын ой да жоқ. Тарих куә, егемендіктен, елдіктен айырылып қалу оңай. Егер қазір айырылып қалсақ, бізге екінші мүмкіндік берілмейді. Осыны бәріміз түсінуіміз керек. Рас, неше түрлі әңгіме, наразылық бо­луы мүмкін. Ол заңды да. Бірақ, қазір ойланатын кез.

Бұл – үлкен, қиын мәселе. Ол тек күштік құрылымдарға ғана қатысты емес, әкімдерге де қатысты. Ел алдына шыға алмаған, халықпен сөйлесе алмай­тын, қазақша білмейтін әкімдер бар. Олар қайда болды? Халықпен неге сөйлесіп, басу айтпады де­ген мәселелер бар. Сондықтан, әркімнің өз ісіне қарай нақты баға беруіміз керек. Болашақта бізге шенеуніктердің жаңа кор­пусы керек. Халықпен сөйлесе алатын, қорықпайтын, өз пікірін білдіре алатын әкімдер мен ми­нистрлер керек. Алдағы уақытта елге шын қызмет ете алатын, елдің мәселесін шеше алатын азаматтардың легі келуі қажет.

Ашынған, арбалған, алданған халықты қиянатқа итерме­леу қиын емес. Азаматтардың наразылығын пайдаланып, оны мүлдем басқа арнаға бұрып, соғысқа апара жаздаған жағдайын көріп отырмыз. Осының кесірінен қаншама қандасымыз қайтыс болды. Сондықтан, айтақтаған, шақырған, үндеген біраз азамат­тар да жауапкершілікке тарты­луы керек.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз