ҰҚК полициямен бірлесіп, аса қауіпті 19 ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті биыл полиция органдарымен бірлесіп, аса қауіпті 19 ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты, — деп хабарлайды комитеттің баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, ауыр және аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін ұйымдасқан қылмыстық топтың 72 жетекшісі мен белсенді қатысушысы қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Жалпы 98 адам кісі өлтіру, тонау, бопсалау және басқа да ауыр қылмыстар жасады деген күдікпен ұсталды, олардың ішінде шетелдік қылмыскерлердің жетекшілерінің көмекшілері де бар. Олардың 40-ы сотталып, қалғандарымен сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
– Ұйымдасқан қылмыспен күрес бойынша іс-шаралар жалғасуда. Ұлттық қауіпсіздік комитеті трансұлттық және өңірлік қылмыстық топтардан қоғамдық қауіпсіздікке төнген қатерлеріне қарсы тұруға арналған кешенді шараларды іске асырады, — делінген ҰҚК баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
kaz.inform.kz