Студенттер лудомания тақырыбын талқылады
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде лудомания мәселесіне орай студенттермен түрлі форматтағы кездесулер ұйымдастырылды, деп хабарлайды atr.kz тілшісі.
Бүгінде елде лудомания дертіне шалдыққан қазақстандықтардың саны 1,5 миллионға жеткен. Олардың дені студент жастар екені әрине ойландырады.
Университетте өткен кездесуде құмар ойынға елітіп, оқуынан айырылып, қарызға батқан, басынан ауыр тағдырды өткерген кейіпкер өзінің ішкі жан сырымен бөлісті. Кейіпкердің жан сыры жастарымызға ой салып, жаман әдеттен сақтануға ықпал етеді деп сенеміз.
Деректерге сүйенсек, ХХІ ғасырдың дертіне айналған лудомания, яғни ойынқұмарлық өршіп, елдің тұтас қаіпсіздігіне қатер төндіре бастады. Құмар ойының кесірінен 10 отбасының, 7-еуі ажырасса, елде өз-өзіне қол жұмсаған әрбір бесінші адам осы лудоманияның құрбаны болып отыр.
«AMANAT» партиясы елге төнген осы қауіпті тоқтатып, алдын-алу мақсатында жаңа заң жобасын дайындауды және 2 кодекс пен 7 заңға 50-ден астам түзетулер енгізуді ұсынды. Атап айтқанда, алимент, салық және несие бойынша борышкерлер тізілімінде тұрған жеке тұлғалардың құмар ойын ойнауына тыйым салу ұсынылады. Заңды тұлғалар рұқсат етілген жасқа толмаған адамдарды құмар ойынға тартқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке, сондай-ақ онлайн-казино ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жазаға тартылады.
Көшелерде, интернетте және бұқаралық ақпарат құралдарында букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамасы шектеледі, — деді «AMANAT» партиясы атынан сайланған Атырау облыстық мәслихатынның депутаты Саламат Идрисов.
Сонымен бірге университеттің SAF студенттік театрының қойылымында да отбасындағы зорлық-зомбылық, ойынқұмарлыққа ұрынған жастың тағдыры бейнеленді. Бұл да — жастарды жаман әдеттен сақтандыру үшін жасалып жатқан жұмыстың бір көрінісі.
Айта кетейік, жаңа заң жобасы аясында лотоматикалық машиналарды елге әкелуге және тұрғын үйлерде, дүкендерде, медициналық және білім беру мекемелерінде орнатуға тыйым салу ұсынылды.