Хаттамалар дербес планшет арқылы

Hattamalar derbes planshet ar yilyi2 Құқық

Елімізде қылмыс көрсеткіші айтарлықтай төмендегенмен, «қалта қаққыштар» мен ұялы телефон ұрлауды «кәсіпке» айналдырғандар саны азаймай отыр. Өткен жылдың өзінде ел бойынша телефонды «қолды еткендердің» 16 мың дерегі тіркелген. Бұл туралы Елордада өткен ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың тұрғындар алдында есеп беру кездесуі барысында белгілі болды. Жиынға бейнебайланыс арқылы атыраулықтар да қатысты.


Хаттамалар дербес планшет арқылы2

Ведомство басшысының айтуынша, биыл еліміздегі қылмыс саны 12 пайызға төмендеген. Соның ішінде ауыр, орташа және аса ауыр емес қылмыс түрлері, тонаушылық және тағы да басқа қылмыстық құқық бұзушылықтар саны азайған. Қазақстандағы криминалдық ахуал турасында толығырақ баяндаған ведомство басшысы өрт қауіпсіздігі шараларын қабылдамаған 22 сауда үйі жабылуы мүмкін екендігін атап айтты. Оның сөзіне қарағанда, 2011 жылдан бастап бизнеске сансыз тексерулермен кедергі келтірмеу үшін азаматтық қорғаныс қызметтері үйдің, ғимараттың құрылысын жобалау және қолданысқа қабылдауда міндетті түрде келісімін беретін органдардың тізімінен шығарылған. Азаматтық қорғаныс қызметтері нысан пайдалануға берілгеннен кейін ғана бақылау жұмыстарын жүргізе алады.

Кемероводағы оқиғадан кейін біз Бас прокуратурамен келісе отырып, ауданы 1 500 шаршы метрден асатын, халық көптеп жиналатын нысандар мен барлық оқу орындарын тексердік. Әрине, көптеген заң бұзушылықтарды анықтадық. Басым бөлігі қосалқы шығатын есіктерді жауып тастаған. Барлық факті бойынша 15 мыңнан астам хаттама жазып, 19 млн. теңгеге айыппұл салдық. 22 нысанды жабу туралы сотқа ұйғарым жібердік. Себебі, олар қойылатын талаптарға мүлдем сай келмейді, – деді министр.

Есепті жиын барысында белгілі болғандай, барлық мүдделі орган мен ұйымдардың бірге жұмылуының арқасында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында ауқымды шаралар атқарылған. Нәтижесінде соңғы бес жылда жасөспірімдер арасындағы қылмыс саны азайып, жағдай тұрақталған.

Ал, темір торға тоғытылғандарды бостандыққа дайындау бағытында нақты шаралар жүзеге асқан. Айталық, колонияларда 54 мектеп бар, онда сотталғандар орта білім ала алады. Сонымен қатар, 48 кәсіби колледжде жұмысшы мамандықтарына оқытылады және қылмыстық-атқару жүйесінің өндірістік кәсіпорындарында металл және ағаш өңдеу өндірістері, құрылыс материалдарын шығару, тігін бұйымдарын және басқа да тауарларды өндіруге белсенді түрде араласады.

Қоғамдық тәртіпті бейнебақылау жүйелерін енгізбей жүргізу мүмкін еместігін атап өткен министр бүгінде қала көшелерінде 6 мыңнан астам бейнекамера орнатылғанын атап өтті. Әрине, бұл жеткілікті емес. Өңірлерде енгізілген «Қауіпсіз аула» бағдарламасы да тиімділігін көрсетіп отыр.

Жолдарда тәртіп орнату жергілікті полицияның тиімді жұмыс істеуіне тікелей байланысты десек, тек биылдың өзінде 1 млн.-нан астам жол-көлік оқиғасының жолы кесілген. Олардың үштен бір бөлігі бейнебақылау камераларының көмегімен анықталды.

Министр Қ.Қасымов, сондай-ақ, электрондық әкімшілік өндірісінің сынақтан өткізілгенін және алдағы уақытта полиция қызметіне енгізілетінін жеткізді. Ол үшін тәртіп сақшыларын кезең-кезеңмен дербес планшеттермен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Планшет көмегімен хаттамалар толтырылып, құқық бұзушылар мен олардың көліктері министрлік базасының көмегімен тексерілмек.

Тағы бір айта кетер жайт, қарумен жасалатын қылмысқа байланысты. Соңғы жылдары елімізде басталған акция аясында тұрғындар шамамен сегіз мыңға жуық қару-жарақ тапсырған. Оны сатып алу үшін Үкімет 240 млн. теңге бөлген.

Оқ-дәрілер мен жарылғыштарды тапсырғандар болды. Тіпті бір жерден тауып алған гранатаны өткізгендер де кездесті. Мұның барлығын бізге өткізді, өтемақы бердік. Бес жылдың ішінде өте көп қару-жарақ қайтарып алдық. Олардың арасында туған-туыстарынан қалған тарихи қарулар да кездесіп, музейге тапсырдық. Бүгінгі күні қарудың қолданылуымен жасалатын қылмыстар екі есеге қысқарды. Мұны өте жақсы нәтиже деп есептеймін, – деді Қасымов.

Мәселен, министрдің дерегінше, қару қолдану арқылы 2013 жылы шамамен 650 қылмыс тіркелсе, өткен жылы ол 300-ге дейін азайған.

Айбөпе САБЫРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз