Полицейден жасқанба, жас өрен!

screenshot 20220422 141320 Құқық

    «Жыласаң, милиция алып кетеді». «Милицияны шақырамын» немесе «Милиция келе жатыр». Баланы өтірік ақпараттар арқылы қорқытып немесе алдау полиция  жайлы қате түсінік пен ұғым қалыптасуына себеп болады. Бұл орайда, «Мен және менің полицейім» секілді акциялар полиция имиджін көтереді. Жасөспірімдердің полиция қызметіне деген қызығушылықтарын оятып, азаматтардың ішкі істер органдарына деген сенімін арттырады. 

     Республика көлемінде жүріп жатқан «Мен және менің полицейім» акциясы аясында №42 мектеп оқушылары полицейлердің жұмысымен танысты. Олар  ішкі істер органдарына қарасты құрылымдарға арнайы экскурсия жасап, құқық қорғаушылардың қызметіне қанықты.  

      Басқарма алдына жиналған оқушыларды Атырау қаласы полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімінің ювеналды полиция бөлімшесінің аға инспекторы, полиция майоры  Асылбек Қуанышалиев қарсы алып, оларды ең алдымен тәртіп сақшыларының арнайы жасақталған көлігімен таныстырды. Мұнан соң полиция қызметкерлерінің киім-жабдығына да тоқталып, қолданатын құралдары жайлы айтып берді. 

    Жалпы, науқанның мақсаты – балаларды  полицияның жұмысымен таныстырып, оң имиджін қалыптастыру. Сондай-ақ, оқушыларды қоғамдық орындардағы жол жүру ережелерімен таныстыру. Бұдан бөлек балаларға тәртіп сақшыларына сенім білдіріп, оларды өздеріне дос әрі қорғаны санауға жағдай жасау болатын. 

     Акция барысында оқушылар қалалық ішкі істер басқармасы жедел басқару орталығының залында болып, жұмыстарымен танысты.  Экраннан өз мектептерін көріп, таңғалыстарын да жасырмады. Сол аралықта орталықтың қырағы мамандары телефонмен сөлесіп келе жатып көлік құралын басқарған азаматты ұстауға нұсқау берді.

     Атырау қаласы Полиция басқармасының жедел басқару орталығының бастығы, полиция подполковнигі Асқар Атамқұловтан білгеніміздей,  облыс орталығында  қырағы 3507 камера  орналасқан. Жыл басынан бері тіркелген 3-4 суицид оқиғасы осы камералардың көмегімен анықалған. Бірі ата-анасы смартон бермегеніне ренжіген жасөспірім өзіне қол салуды ұйғарса, енді бірі қарызға белшесінен батып, бұл тығырықтан тек суйцид  жасау арқылы шығауды жөн санапты. 

    Әрі қарай, орталық басшысы оқушыларға ойнап 102 нөміріне телефон шалудың дұрыс еместігін, ол үшін жауапкершілікке тартылатындықтарын да жеткізді.

  Келесі кезекте оқушылар жедел әрекет етудің арнайы тобының қызметкерлерімен кездесіп, қару-жарақтармен танысты. Ауызекі тілде СОБР атанғандардың жұмысын бақылады. СОБР қызметіне  қызыққан жасөспірімдер өз сұрақтарын да қойып жатты. Бұл жерден шыққаннан кейін Асылбек Қуанышалиев балаларды азаматтығы тіркелмеген, құжаттары жоқ, заңсыз жүрген шетел азаматтарын уақытша ұстайтын тергеу изоляторына алып барды.   Мұнда да жауапты өкілдер толық ақпарат беріп, уақытша ұстау камераларын көрсетті.

    Ішкі істер басқармасының жұмысымен танысу мұнымен ғана шектелмей, оқушылар қызметтік иттерді қызықтады. Ұрланған заттарды, жасырылған есірткіні анықтайтын иісшіл иттер мен оларды бағатын полиция қызметкерлерінің жұмысымен танысты.  Сырттан қарағанда өзге иттерден айырмашылығы жоқ Хан атты қызметтік ит қорапқа жасырылған есірткіні лезде тауып берді. Ал, Зиппи Бой  автобус артына тығылған жарылғыштан жазым болмауы үшін сақтанып, табылған нысанның жанына жата қалды. Инспектор кинологтың айтуынша,  Зиппи Бой ережеге сай қимылдады.   Ал, Аякстің мінезі ауыр, агрессиялы жануар. Ол – із кесуші, қылмыскерді ұстағанда пайдаланатын қызметтік ит.  Оған өзінің бапкері, кинологынан өзгенің жақындауына болмайды.  

    –   Бұлардан бөлек, облыста  мәйіттерді, ұрланған заттарды іздейтін барлығы 20 қызметтік ит бар. Оның 16-сы облыс орталығында болса, қалғаны Жылыой, Мақат, Индер және Құрманғазы аудандарында қызметтерін атқаруда. Аталған қызметтік иттер ізді иіс арқылы сезу, есіртік және жарылғыш заттарын анықтау, адрологиялық идентификациялау мен шабуылдап ұстау сияқты бес бағытта жұмыстар атқарады. Аталған ақылды жануарлар жыл басынан бері 204 қылмыстық оқиғағаға барды, – дейді облыстық полиция департаментінің кинологиялық орталық басшысы, полиция капитаны Ренат Ержанов.

   Иә, бұл балалар үшін басқа күндерге ұқсамайтын ерекше күн болды. Байқағанымыз, оқушылардың қырағы тәртіп сақшыларының тиянқтылығы мен қызметіне қызығушылықтары жоғары.  

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз