Жарнама
Құқық

Сарбаздар да қоғамдық тәртіпті сақтауда қырағы

Атырау қаласында орналасқан Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5546 әскери бөлімінің жауынгерлері қала көшелеріне күн сайын жауынгерлік қызметке шығып, қоғамдық орындарда заң мен тәртіптің сақталуын қамтамасыз етіп келеді.

bf23482f 3946 4235 a6f7 4f1ce3c12486

Республика Ұлттық ұланы “Батыс” өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің бастығы Ертуған Әубәкірдің айтуынша, аталған әскери бөлімде Қазақстанның барлық өңірінен келген сарбаздар қызмет етеді. Әсіресе оңтүстік өңірлерден келген азаматтардың қатары басым. Соңғы уақытта ата-аналар өз ұлдарының әскери борышын туған жеріне жақын бөлімде өтеуін талап ете бастағандықтан, Атырау қаласындағы әскери бөлімде Ақтөбе, Орал, Маңғыстау облыстарынан келген сарбаздардың саны да едәуір артқан.

-Жас сарбаздар әскерге келген алғашқы бір жарым айын оқу пунктінде өткізеді. Бұл кезеңде олар әскери тәртіп ережелерін меңгеріп, сапта жүру, қару қолдану және жауынгерлік дайындық бойынша білім алады. Осыдан кейін ғана әскери ант қабылдайды. Дайындық кезінде сарбаздар болашақ мамандықтарына қарай бөлініп, арнайы білім алады. Мәселен, байланысшылар, жүргізушілер, түзету мекемесін күзететіндер және көше тәртібін қадағалайтындар өз салалары бойынша жеке дайындықтан өтеді. Соның ішінде жедел мақсаттағы батальон жауынгерлері қаладағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында күндіз-түні арнайы кесте бойынша рейд жүргізеді. Бұл қызмет барысында ерекше көзге түсіп, алғысқа ие болған сарбаздар да аз емес, — дейді Ертуған Әубәкір.

Атырау қаласының көшелерінде түрлі оқиғалар жиі орын алып жатады. Мұндай сәтттерде Ұлттық ұлан сарбаздары қоғамдық тәртіпті сақтау барысында қырағылық танытып, өзімен суық қару алып жүрген құқық бұзушыларды, іздеуде жүрген азаматтарды ұстауға жиі көмектескен. Сонымен қатар олар жоғалған телефондар мен ұрланған велосипедтерді тауып, есірткі заттарын да тәркілейді. Адасып кеткен кішкентай бүлдіршіндерді ата-аналарымен қауыштырып, тұрғындардың алғысына бөленеді.
-Бұл — сарбаздардың күнделікті қызмет барысында атқарып жүрген істерінің бір бөлігі ғана. Әскери қызметкерлердің айтуынша, мұндай жағдайлар қала көшелерінде жиі кездеседі. Сонымен қатар сарбаздар табиғи апаттардан зардап шеккендерге көмек көрсетуде де сенімді қолғанат. Жыл басынан бері өткен үш ай ішінде 5546 әскери бөлімінің жауынгерлері полиция қызметкерлерімен бірлесе отырып, түрлі құқық бұзған 150-ден астам азаматты ішкі істер органдарына жеткізген. Олардың 22-сі қылмысқа күдікті деп танылса, 128-і әкімшілік құқық бұзушылық бойынша жауапқа тартылған, — дейді Е.Әубәкір.

Осылайша, Ұлттық ұлан сарбаздары күнделікті қызмет барысында батылдық пен жанқиярлықтың жарқын үлгісін көрсетіп, қоғам тыныштығы үшін аянбай еңбек етіп жатыр. Ел тыныштығын күзеткен жауынгерлердің қатары артып, ел әскері қашанда айбынды болсын!

Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button