МҮЛІКТІ ЖАРИЯ ЕТУ МЕРЗІМІ ҰЗАРТЫЛДЫ
30 қарашада аяқталады.
Бүгінгі күнде барлығы 5 360,7 млн. теңге мүліктің құны жария етілді, оның ішінде: ҚР аумағындағы мүлік бойынша сомасы 5 286,8 млн. теңгені құрайтын 506 нысан және ҚР аумағынан тыс жерлерде орналасқан мүлік бойынша құны 73,9 млн. теңгенің үш нысаны жария болды.
Мүлікті жария ету мен кепілдіктерді қамтамасыз ету процесін құқық қорғау органдары тарапынан заңсыз қудалаудан қорғау жағы қарастырылған. Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және елде тұруға ықтиярхаты бар азаматтарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы заңына сәйкес, ақша, бағалы қағаздар, заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі, мемлекеттік тіркеуге жататын, басқа адамдарға ресімделген жылжымайтын мүлік (ғарыш объектілерінен және магистральдық құбырлардың желілік бөлігінен басқа), ел аумағында тұрған үйлер (құрылыстар, ғимараттар), ел аумағынан тыс жерлерде тұрған жылжымайтын мүлік жария етілуі тиіс.
Жария ететін қаржы сомасын екiншi деңгейдегi банкте, Ұлттық пошта операторындағы ағымдағы шотқа ақшаны салмай, алым төлеу арқылы да жария етуге болады. Бұл ретте алым мемлекеттік кіріс органына арнайы декларацияны тапсырғанға дейін төленуі тиіс.
Ал, жария етілетін ақшаны ағымдағы шотқа енгізген кезде екiншi деңгейдегi банк, Ұлттық пошта операторы жария ету субъектісіне Заңға сәйкес, аударылған қаржы сомасының мөлшерін растайтын анықтама береді.
Ағымдағы шотқа ақша енгізілгенін растау туралы анықтаманың көшірмесі немесе ағымдағы шоттан ақшаны салмай, жария етілетін ақшаның сомасынан – алым төленгені туралы түбіртектің көшірмесі қоса берілген арнайы декларацияны тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кіріс органы қабылдаған күннен бастап ақша жария етілді деп саналады.
Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерлерде тұрған, оның ішінде басқа тұлғаға ресімделген, арнайы декларацияда көрсетілген мүлік құнының он пайызы мөлшерінде төленеді.
Жария ету субъектісіне немесе басқа тұлғаға құқығы ресімделген Қазақстан Республикасының аумағындағы, сол сияқты одан тыс жерлерде орналасқан мүлік бойынша декларативтік түрде, тиісті комиссиясыз мемлекеттік кірістер органдарында өткізеді.
Жария ету субъектілері Заңда белгіленген жағдайларда мемлекеттік кіріс органдарына қағаз жеткізгіште мүлікті жария ету декларациясын тапсырады.
Жария ету субъектілері арнайы декларацияны мемлекеттік кіріс органына келу тәртібімен, хабарламасы бар тапсырыс хатпен пошта арқылы ұсынуға құқылы.
Арнайы декларацияны тапсыру тәсіліне қарай:
– келу тәртібімен – мемлекеттік кіріс органы арнайы декларацияны алған күн;
– пошта арқылы – мемлекеттік кіріс органының пошталық хат-хабарды қабылдағаны туралы белгі қойылған күн мемлекеттік кіріс органына ұсынған күн болып табылады.
Ел аумағында тұрған жылжымайтын мүлікті жария ету жұмыстарын Атырау қаласы әкімдігі жүргізеді. Орналасқан мекен-жай: Атырау қаласы, Әйтеке би көшесі, 77а, 1 қабат, 105 кабинет, тел.: 35-40-95.
Ақшаны жария етуді ұйымдастыру және жүргізуекінші деңгейдегі банктерге, Ұлттық пошта операторына, Ұлттық банкке жүктелген. Тел.: 32-20-04.
Ал, Қазақстан Республикасы аумағының шегінен тыс жерлерде тұрған жылжымайтын мүлік, шет мемлекетте тіркелген заңды тұлғалардың жарғылық капиталындағы қатысу үлесі, құнды қағаздарды жария етуді өткізуді мемлекеттік кірістер органы жүргізеді. Қосымша сұрақтармен Атырау қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына хабарласуға болады.
Мекен-жайы: Атырау қаласы, Азаттық даңғылы, 94 а, 2 қабат, 20 кабинет, тел.: 45-13-74.
Нұрмира ОРЫНБАЕВА, Атырау қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының өндірістік емес төлемдерді әкімшіліктендіру бөлімінің бас маманы.