«…ЖҰМЫСЫ ЖОҚТЫҚ АЗДЫРАР АДАМ БАЛАСЫН»

Облыс прокуроры Ғалымжан Тоғызбаевтың пікірінше, алкогольдік және нашақорлық мас күйінде жасалған қылмыстардың саны былтыр (арғы жылмен салыстырғанда) 82,5 пайызға өсіп кеткен. Жалпы, жергілікті жерде 7935 маскүнем есепте тұрады. Соның дені - Атырау қаласының тұрғындары екен. Облыстық прокуратурада өткен облыстық құқық қорғау органдарының үйлестіру кеңесінің отырысында осы мәселелер ортаға салынды.

«Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды» деседі. Солайы солай шығар, дегенмен темір тордан шығып, соған қайтадан баруға асығып тұратындардың тірлігі түсініксіз болып тұр. Облыстық прокуратураның басқарма бастығы Алмат Бахриденов мынадай деректерді келтірді: Былтыр облыста бұдан бұрын сотталған адамдар тарапынан 97 қылмыс жасалыпты. Ол арғы жылмен (2011 жыл) салыстырғанда 30 қылмысқа көбейген. Тоқталғымыз келгені, соның 35-і ауыр, 8-і аса ауыр қылмыс түрлеріне жататындығында. Яғни, кезінде тағдыры талқыға түсіп, сүрінгендер кейін одан еш қорытынды жасамаған. Құрманғазы ауданы, Приморье ауылы тұрғынының әрекеті соның мысалындай. Ол абақтыдан келмей жатып бұрынғы «әуеніне» қайтадан түсіпті. Сыбай-сылтаң жүріс оны тез жалықтырса керек, ақыры қылмысқа ұрынады. Өткен жылдың сәуірі мен тамыз айларының аралығында 7 рет ұрлыққа барады. Сонда жергілікті сақшылар қайда қараған дейсіз.
– Бұл жергілікті ІІБ-і басшылығының тарапынан жұмысты дұрыс ұйымдастырмағандығынан, жазасын өтеп келгендермен профилактикалық шаралар жүргізбегендігінен туындап отырған жағдай, – деді облыстық прокуратураның басқарма бастығы.
Осындай бақылаусыздықтың кесірінен бұрын шаталған құрманғазылықтардың қайтадан қылмыс жасау саны 1-ден 9-ға өскен. Исатай ауданында да бұл мәселе өзекті. Мұндағы көрсеткіш 5-уді құрайды (бұрын 1 еді). Прокуратура өкілі айтқан мына мысалды осы орайда келтірудің жөні келеді: Аққыстау селосының бір тұрғыны бұдан бұрын ұрлық, тонау, қасақана ауыр дене жарақатын салу баптары бойынша сотталып, кейін мерзімінен бұрын абақтыдан босап шыққан. Алайда, ол адам да бостандыққа үйренісе алмай, өткен жылдың 14-18 ақпан күндерінің аралығында ғана 3 бірдей қылмыс жасап үлгерген.
Бұрын істі болғандардың көрсеткіші бойынша, көштің алдын Атырау қаласы бермей тұр. 2011 жылы ол 35 адам болса, былтыр бұл сан 65-ке жетіпті, яғни 85,7 пайызға бір-ақ көбейген.
Осындай келеңсіздіктердің себебі неде? Жазасын өтеп келгендер қайтадан қылмысқа неге барады? Әрине, әңгіменің түйіні олардың жұмыспен қамтылуына, «екі қолға бір күрек» табуына тіреледі. Құқық қорғау органдарының өкілдері жауапкершілікке тартылғандардың 88 пайызы қылмыс жасаған кезінде жұмыссыз сандалып жүргендерін айтып отыр. Өткен жылы Атырау облысы бойынша жұмыспен қамту басқармасына 352 сотталған адамның тізімі түскен. Оны қылмыстық атқару жүйесі департаменті беріпті.
– Оның ішінде уәкілетті жұмыспен қамту бөлімдеріне 146 адам хабарласып, оларға әлеуметтік көмек көрсетілді. 72-і тұрақты жұмысқа орналастырылды. Қоғамдық қызметке тартылып, кәсіби оқуларға, қайта даярлау курстарына жіберілгендері де бар. Жалпы, жұмыспен қамту орындарына хабарласқандардың 41,5 пайызы жұмыспен қамтылды, – деді А.Бахриденов.
Дегенмен, облыс прокуроры Ғ.Тоғызбаевтың бұл дерекке күдік келтіргені бар. Соған байланысты басқарма бастығына қойған сауалына жөнді жауап ала алмады.
– Мен сіздерге Қостанай облысында орын алған мына жағдайды баяндайын: бұл өңірде жазасын өтеп келгендердің жұмыспен қамтылуы көбейген. Сөйтсе, олар бір адамның жалақысын 2-3 адамға бөліп беріп отырыпты. Осылайша, негізгі көрсеткішті көтеріп келген көрінеді, – деді Ғалымжан Исатайұлы.
Облыстық ІІД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жәнібек Шәріпов қазіргі ахуалдың жай-күйі, учаскелік инспекторлардың қызметі турасында айтып берді. Қорытындысында, бұрын сотталғандармен жұмысты күшейту, бұл бағытта жергілікті құқық қорғау органдарының бірлесе әрекет етуі қажеттігі сөз болды.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз