ҚИЫН ДА, ҚЫЗЫҚ МАМАНДЫҚ
Атырау қалалық ішкі істер басқармасы кадр бөлімінің бастығы Аршат Қорқытовтың айтуынша, полиция қашан да халықтың қорғаны саналады. Оның мәртебесін биіктету мақсатында жасалып жатқан жұмыс көп. «Дегенмен, бүгінгі шараның басты ерекшелігі, балалар өздерінің әке-шешелерінің қиын да қызықты, әрі қауіпті мамандықты игергенін көрсін деп шештік. Мүмкін, олардың арасында болашақ сақшылар жүрген шығар» дейді ол. Соның көрінісіндей, ішкі істер органында қызмет жасайтын Жанар Сұлтанғалиева шараға ұлы мен қызын ертіп әкеліпті. Олар погонды аға-апаларынан қызметтің ерекшелігін сұрап жатыр.
Балалардың ашық алаңға қойылған қару-жарақ, байланыс құралы, арнайы жабдық түрлерімен жақынырақ танысуына жағдай жасалды. Олардың, әсіресе, тапанша, автомат, кеудесауыттарға ерекше қызығушылығы байқалады. Байқағанымыз, полицияның арнайы жасақтарына әлемнің үздік қарулары, құрал-жабдықтары алынып берілуде екен. Соның бірқатарын бізге «Арлан» арнайы жасағының қызметкері Ақылбек Құсан-ғалиев таныстырды. Мәселен, жаңадан алынған Чехияның «CZ 75» қаруының бұрыннан бар Драгунов винтовкасынан өзгешелігі жоқ секілді көрінеді. Алайда, оның ұңғысы үлкен, оғы да алысқа ұшатын болып шықты. Бастысы, мергеннің нысанасын дәл көздеуіне мүмкіндігі бар, өйткені, қару соңғы үлгідегі оптикалық құрылғымен жабдықталған.
Түріктің МП-5 деп аталатын автоматы туралы да осыны айтуға болады. Ол дыбысты бәсеңдеткіш, қажетті оқ қорабы, өзге де дүниелерімен бірге шағын қорапқа сыйып кетеді. Бұрын полицейлер қауіпті қылмыскерлерді ұстау шарасы кезінде жеңіл кеудесауыт кисе, қазіргі талап өзгерген. Үшінші маркілі жаңа бронды сауыт қарудың оғын өткізбейді. Оның таза салмағы 13 келіні құрайды, бұдан өзге автомат, оқ-дәрі, байланыс құралдарын да асынады. «Иығына ауыр жүк түскенімен, сақшы қандайма тапсырманы орындауға дайын» дейін арландық А.Құсанғалиев.
«Ашық есік» күніне келген балалар шара соңында арнайы жасақтың әскери дайындығын да тамашалады.
Бек АЙДАРАЛИ.