Атырауда ауыр жүк көліктері тексерілуде

screenshot 20220614 135937 Құқық

АТЫРАУДА МАУСЫМДЫҚ ШЕКТЕУ ҚОЙЫЛҒАН АУЫР ЖҮК КӨЛІКТЕРІ ТЕКСЕРІЛУДЕ.

Ауа температурасының жоғарылауына байланысты Атырау облысындағы республикалық маңызға ие автомобиль жолдарында ауыр жүк көліктерінің 1 маусым мен 31 тамыз аралығында жүруіне шектеу енгізілді.

Осы шектеуге байланысты заңбұзушылықтардың алдын алу үшін «Атырау облыстық көлік прокуратурасы», Атырау облысы бойынша көлік бақылау инспекциясы, «Жол активтері сапасы ұлттық орталығы» РМК АОФ, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ АОФ өкілдерінің қатысуымен «Жолдағы қабылдау» акциясы өтті. Іс-шара барысында республикалық маңызы бар А-27 «Ақтөбе-Атырау-Ресей шекарасы» (Астрахан бағыты) республикалық автомобиль жолының 573 шақырымындағы демалыс алаңында жол бойындағы ауыр жүк көліктерінің салмағы тексерілді. Жүргізушілерге жазғы маусымда жолда жүру ережесі түсіндірілді. Жол жиегіне заңдылықтар көрсетілген белгілер орнатылды.

«Жол активтері сапасы ұлттық орталығы» РМК Атырау облысы бойынша филиалының инженері М.Телеуғалиевтің айтуынша, облыс аумағындағы республикалық маңызға ие 1120 шақырым жолдың сапасын сақтау мақсатында жылдың әр мезгілінде ауыр жүк көліктеріне бақылау шаралары күшейтіледі. Жаз маусымында асфальт 25° градусқа дейін қызған кезде жеке білікке 8 тоннадан асатын көліктердің күндізгі уақытта, яғни 10-00 мен 22-00 аралығында жүруіне тыйым салынған.

Ал, Атырау облысы бойынша көлік бақылау инспекторларының айтуынша, егер маусым-тамыз аралығында ауыр жүк көліктерінің салмағы жеке білікке есептегенде 10 тоннадан асатын болса, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 571-бабы, 6-бөлімі бойынша әкімшілік хаттама толтырылады. Жалпы, жыл басынан бері ірі көлемді жүктер мен ауыр салмақ бойынша 46 хаттама толтырылып, 8 млн. теңгеден астам айыппұл салынған.

Өз тілшіміз

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз