Сот алдындағы жауапкершілік

Құқық
45 / 100

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру мақсатында еліміздің сот – құқықтық жүйесінде бірқатар өзгерістер орын алды.

Республикадағы сот төрелігі азаматтар үшін барынша ашық, жариялы, қолжетімді бола түсті. Сот корпусына сот билігін жүзеге асыратын тұлға ретінде жоғары талаптар қойылады.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 75, 76 баптарында көзделгендей, Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады.

Сот билігі Қазақстан Республикасы атынан жүзеге асырылады және өзіне азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды, Республиканың Контитуциясының, заңдарының, өзге де нормативтік құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етеді.

Сот іс бойынша заңды және негізделген шешім шығару үшін заң талаптарының сақталуына кепілдік беретін мемлекеттік орган болып табылады.

Сот отырысы кезінде тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында қолданылатын шаралар

ҚР ҚПК-нің 346-бабына сәйкес, адам сот отырысында тәртіп бұзған, төрағалық етушінің өкімдеріне бағынбаған, сол сияқты сотты құрметтемеуді анық куәландыратын өзге де әрекеттер жасаған кезде (әрекетсіздік кезінде) төрағалық етуші оны сот отырысы залынан шығарып жіберуге немесе қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болмаған жағдайларда, сотты құрметтемеу фактісінің анықталғаны туралы жариялауға және кінәлі адамға осы Кодекстің (ҚР ҚПК-нің) 160-бабында көзделген тәртіппен ақшалай өндіріп алуды қолдануға құқылы. Шығарып жіберу, айыптаушы мен қорғаушыдан басқа, процестің кез келген қатысушысына немесе өзге де адамға қатысты жүргізілуі мүмкін. Ақшалай өндіріп алуды сотталушыға және оның қорғаушы ретінде қатысатын адвокатына қолдануға болмайды.

Қазақстан Республикасы ҚК-нің 410-бабында көзделген сотты құрметтемегені үшін қылмыстық жауаптылық сотты құрметтемеу сот талқылауына қатысушыларды қорлаудан не судьяны және (немесе) алқабиді қорлаудан көрінген жағдайларда басталады.

Осы қылмысты жасағаны үшін қаралатын іске немесе материалға, сондай-ақ оның қызметтік әрекетіне қарамастан, 16 жасқа толған кез-келген адам тартылуы мүмкін.

ҚР АПК-нің 188-бабымен істі талқылау кезінде тәртіпті бұзған адамға төрағалық етушi соттың атынан ескерту жасайды. Тәртіп қайтадан бұзылған жағдайда iске қатысатын адам сот ұйғарымы бойынша сот отырысы залынан шығарылуы мүмкiн. Сот процеске қатысушы адам тарапынан сотқа құрметтемеушілік фактісі анықталған жағдайда тікелей сот талқылауы барысында кінәліге әкімшілік жаза қолдануға құқылы.

Сотқа құрметтемеушілік білдіргені үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 653-бабына сәйкес, әкімшілік жауапкершілік көзделген, процеске қатысушылардың және өзге де адамдардың қатысуынсыз соттың iстi одан әрi қарауы мүмкiн болмайтын жағдайларда, олардың шақыру қағазы, хабарлау, хабардар ету немесе шақыру бойынша сотқа дәлелді себептерсіз келмеуінен, сот отырысында төрағалық етушiнiң өкiмдерiне бағынбаудан, сотта белгіленген қағидаларды бұзудан көрiнген сотты құрметтемеушiлiк, сондай-ақ сотты және (немесе) судьяны құрметтемеушiлiк туралы анық көрінетін өзге де әрекеттер (әрекетсiздiк) – ескерту жасауға не 20 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.

Сотты құрметтемеушілік жағдайында туындауы мүмкін жауапкершілікке қарамастан, процестің кейбір қатысушылары заң талаптарын бұзуды жалғастыратын жағдайлар да орын алады. Қоғамның әрекетке қабілетті әрбір азаматы сот процесіне қатыса отырып, сотқа ғана емес, сот отырысының басқа да қатысушыларына құрмет көрсетуге тиіс. Сондай-ақ, сотты көрметтемеудің кез-келген көрінісі жалпы мемлекеттік билікті құрметтемеумен тең екендігін түсінген абзал.

Р. Рақымжан,

Ақтөбе гарнизоны әскери сотының

бас маманы – сот мәжілісінің хатшысы .

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған